Баянауыл ұлттық саябағындағы табиғат тартулары, соның ішінде «Ежелгі түрік сағаты» аталған тастар мен қайталанбас бейнесі бар жартастар Павлодар облысының брендіне айналуы мүмкін. Туристік саланы дамыту мақсатында аталмыш археологиялық ескерткіштерді жөндеуден өткізу биылғы жылы басталады. Баянауыл ұлттық саябағы аясында туризм кластер жасалып, демалуға арналған нысандар мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру көзделген.
– Біздің «Мұртты қорған» деп аталатын тарихи құндылығымыз әлем бойынша екеу, оның бірі – біздің Баянауылда. Биыл жазда аталмыш құндылықты жаңарту ойда бар, – деді аймақ басшысы Ерлан Мұхтарұлы Арын.
Баянауылдың тарихи жәдігерлерін жаңартуға кіріскен жергілікті археологтер «тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары Баянауыл ұлттық саябағын Қазақстанның туризм орталығына айналуына өз септігін тигізеді» деген ойда. Сондай-ақ олар Баянауыл саябағының «Ежелгі түрік сағаты» тек қана тарихи жәдігер емес, аймақтың мәдени-тарихи құндылығына айналғанын да айтып отыр.
– Ежелгі мәдениет құндылықтарын жаңартып, болашаққа жеткізу керек, ол да біз үшін құнды тарих. Ал Павлодар облысы – тарихқа да, мәдени мұраларға да бай өлке. Сондықтан облысымызда мәдени мұра мен археологиялық нысандарды мемлекеттік деңгейде қалпына келтіру туристік индустрияға қосылған зор үлес деп ойлаймыз, – деді Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы археологиялық зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц.
Облыс әкімінің айтуынша, жыл сайын Баянауыл ұлттық саябағына 150 мыңнан астам турист демалуға келеді екен. Бірақ туристер үшін қызу кезең – тек жаздың екі айы, қалған уақытта ешкім келе қоймайды. Сондықтан ескі нысандарды жаңартып, жыл он екі ай жұмыс жасайтын шаңғы базасын салу көзделген.
– Меймандарымызды қызықтыратын табиғат мұражайын орнатсақ, алдағы бес жылда Баянауылға демалуға келетін туристер саны артатын болады, – дейді облыс әкімі.
Шаңғы базаларын «Сабынды көл» демалыс айлағы мен Жасыбай көлі жағасындағы «Мырза» шыңына салуды ұсынды. Демалыс аймағында инфрақұрылымды жақсарту үшін «Сабынды көл» ішкі стансысынан Жасыбай көліндегі демалыс орнына дейін электр желілері тартылатын болды.
Автор: Эльмира АБЕТЖАНОВА, Кереку
http://alashainasy.kz/culture/40319/