АЛТЫНОРДА
Новости

«Бэби-бумға» бюрократтық шешімдер кедергі болмауы керек

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Арқыраған ақпан айының соңын ала бере елімізде әлеу­мет­тік сақтандыру заңына қа­тысты өзгерістер кү­шіне енді. Арнайы ма­ман­дар­дың дені қазірде сол «жаңашылдыққа» қатысты дү­р­кін-дүркін ой-пікірлерін ортаға са­­лу­да. Айталық, «бұл өз­герістер де­мография мә­селесіне тікелей кері әсе­рін тигізуі мүмкін. Он­сыз да демігіп жатқан де­могра­фия­мыздың мұн­дай шешімдерден кейін та­ғы да тынысы тарылуы ға­жап емес» деседі мамандар. Ендеше, сол өзгерістер хақында біраз талдап көрелік…

 

Алдымен есепке жүгінелік… 

Біз атап отырған  өзгеріс айлығы 186 мың теңгеден  асатын әйелдердің қалтасына тікелей әсер еткелі тұр. Яғни бұрын айлығы 10 ай­лық есептік көр­сет­кіштен (1 АЕК – 1618 теңге) асатын әйел­дер жүктілік пен ба­ла тууға бай­ланысты бір рет­тік төлемді мил­лион теңгеден артық (6600 доллардан ас­там) етіп алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5200 доллар) ғана тө­ленеді. Ресми ақ­парат бойынша, Қа­зақ­станда әлеуметтік сақ­тандыру қорына ақша ау­даратын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ға­на 186 мың теңгеден көп айлық алады. Ма­мандар бұл ретте бір қарағанда 1,2 па­йыздық есеп төмен көрсеткіш бо­лып кө­рі­нуі де мүмкін екенін; бірақ күні ертең мұн­дай өзгерістер бала тууды шек­теу­ге ті­келей ықпал ететінін жасырмайды.

Жалпы, деректерге жүгінсек, «ке­ңес­тік» шығыста бала санын алғашқы болып «са­­на­лы» түрде шектеп отырған – біздің ұлт. Мы­салы, кезіндегі Бүкілодақтық са­нақ­тың соң­ғы деректері бойынша 1990 жы­лы тә­жік­тер – 45 пайызға; қара­қал­пақ­тар – 39 пайызға; өз­бектер – 34 па­йызға; түрік­мен­дер – 30 па­йызға; қыр­ғыз­дар – 32 па­йызға өскенде, біздің қа­зақтар 24 па­йызға ғана өскен екен.

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:

– Демографиялық тасқын біздің ұлты­мыз­да 50-жылдардың соңы мен 60-жыл­дар­дың басында жүріп өтті. Сол жылдары әр 1000 қазақ әйеліне шақ­қанда 225 ба­ла­дан келсе, 1990 жылы бұл көрсеткіш 130-ға; 1998 жылы –82; ал қазір тіпті екі-үш есе­ге төмен. Бұлайша ке­мудің 70 пайызы ба­­ла санын шек­теумен тікелей қатысты. Ал қал­ған па­йызы отбасын кеш құ­ру­дан, әлеу­меттік жағдайдың көңіл көн­шіт­пейтінінен… Сон­­дықтан біз бала туу жа­сындағы әйел­­дерге әлеуметтік қол­дау көрсетуден тан­ба­уымыз керек. Мейлі, бала туу жасындағы әйелдің айлық жалақысы жоғары болсын, тө­мен болсын, мем­ле­кеттік деңгейде төле­нер төлем жоғары болуы қажет. 

Міне, осылай деген мамандар «бэби-бум­ға» бастайтын бағытты нақтылап та бер­ді. Сонымен, демографиялық дүмпу ор­нат­пасақ та, таяу онжылдықта бесіктегі бала са­нын өсіргіміз келсе, мемлекеттік тұрғыда мынадай қадамдарға баруымыз керек.

Бірінші қадам… 

Біздің елімізде 2008 жылдан бастап мін­детті әлеуметтік сақтандыру қоры құ­рыл­­ға­нын білеміз. Бұл қордың негізгі міндеті – ха­лық­ты әлеуметтік қам­сыз­дандыру. Эко­­­номикалық тұрғыдан бел­сенді халықты жұ­мыстан, еңбек ету қа­білетінен және та­быс­тан айырылуға бай­­ланысты түрлі тә­уе­келдерден әлеу­мет­тік қорғау нысаны осы қор болып та­былады.

Сондай-ақ аталмыш қор – азаматтарды қартайғанда, сырқат, жа­затайым оқиға салдарынан, бала туу се­бепті жайларға байланысты еңбекке уа­қытша немесе тұрақты жарамсыз болған жағ­дайда олардың денсаулығын сақтау, қор­ғау мақсатымен материалдық жағынан қам­сыздандыру жүйесі. Мамандар болашақта осы қорға мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін алға тартуда.

Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:

– Міндетті сақтандыру қорына ай­лық жа­лақының 5 пайызы аударылып тұ­рады да, әйелдерге декреттік де­ма­лыс пен бала туу­ға байланысты бір рет­тік төлем осы қор­ға жинаған ақша­сы­нан бөлі­не­ді. Жұмыс істемейтін әйел­дерге бұл төлем заң­да көрсетілген рет­те беріледі.  Қа­зақ­станда бала күтімі үшін де әлеуметтік жәр­дем­ақы қарас­ты­рылған. Десек те, егер біз бо­лашақта қа­зақтың санын өсіргіміз келсе, әйел­дер­ге төлем төлеуді тек міндетті сақ­тан­дыру қоры арқылы ғана жүргізбей, бұл рет­­те ерікті және кәсіптік сақтандыру қор­­ларын тетікке қоссақ деп ойлаймын. Бір­­қа­тар дамушы және дамыған ел­дерде мұн­дай жүйе бар. Мәселен, Нор­вегия, Ни­дерланды елдерінде әйел­дер ерікті сақ­тандыру қорларынан бір төлем алса, кә­сіптік сақтандыру қор­лары, яғни жұмыс ор­нынан ашыл­ған қорлардан бір төлем және мем­ле­кеттік сақтандыру қорларынан бір тө­лем алады. Сонда бірқатар елдердің әйел­дері үш бірдей мекемеден де­крет­тік төлем алып, үш жыл бойы алаңсыз ба­ла күтімімен айналысады. Ал біз бір ға­на әйелдердің өз айлығынан жи­на­ған мін­дет­ті сақтандыру қоры арқылы жи­ған қар­жы­ларын өздеріне қимай отыр­мыз. Бұл, сөзсіз, бала санын шек­тей­ді. Сондықтан мін­детті сақтандыру қорларын бақылауда, оның жұмысын жүргізуде мемлекеттік ық­пал керек. Бірінші кезекте бақылауды кү­шейткен жөн.

Екінші қадам… 

«Бала туу мәселесінде екінші бір назар ау­да­ратын жайт – бұл ішкі миграция мә­се­лесі» де­седі мамандар. Сарапшы ма­ман­дар­дың ба­йыптауынша, біздің мем­ле­ке­тімізде шөл жә­не шөлейт аймақтарда, яғ­ни адам өміріне қо­лайсыз аймақтарда тұ­­рып өмірге бала әкел­ген аналарға қо­сым­ша төлем төленуі тиіс.

Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:

– Мәселен, АҚШ-та, Канадада, бас­­қа­ны қойғанда, Оңтүстік Африкада құ­нар­сыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұ­рып өмір­ге бала әкелген әйелдерге үс­теме тө­лем­ақы төленіп тұрады. Бұл үр­діс жағдайы тө­мен деңгейдегі Үн­діс­тан­ның өзінде жү­зеге асып отыр. Жо­ға­рыда аталған мем­ле­кет­терде әйелдерге мем­лекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Бі­ріншісі – округ­тік әкімшілік, екіншісі – штат­тық әкім­ші­лік, енді бірі – федералды әкім­шілік. Бай­қаған шығарсыз, үшеуі де мем­ле­кет­тік мекеме. Бұл өзге елдерде мем­ле­кеттік деңгейде үш мәрте, яғни 250-300 па­йыз мөлшерінде төлемақы бе­рі­ле­тіндігін көрсетеді. Тіпті сол шөлейт ай­мақ­тарда туған үндістер басқа жаққа қо­ныс ау­дарып кетіп, туған жеріне қайта ай­налып кел­се, елде тұрмаған жыл­дар­дағы өте­ма­қы­сын даулап алуға құқы бар. Ал біз зиян­ды қалдықтар қой­ма­сына айналған елді ме­кендерде тұрып ба­ла туып жатқан, по­ли­гонның зар­да­бын көрген, болашағы жоқ ауылдарда тұ­рып бірнеше баланы дүниеге әкелген жандарды шөміштен қағып, 9-10 мың теңге жәрдемақы төлеп отырмыз. Бұл – бала туу көрсеткішін өсірмейтін дүние. Сондықтан бала санын көбейткіміз кел­се, ал­дымен ішкі миграциямызды рет­ке кел­тіріп, жайсыз жерде қо­ныс­тан­ған ел-жұрт­қа жайлы жағдай жасауға ты­рыс­қанымыз жөн. Қолайсыз жерде тұ­ра­тындарға қо­лай­лы жәрдем төлеу мәселесіне мән бе­ретін кез жетті. 

Үшінші қадам… 

Үшінші бір өткір мәселе – сыртта жүрген қа­­зақтарды бауырға тарту жайы қалыс қал­мауы керек. Мысалы, ресми деректер қа­зір­де алыс-жақын шетелдегі тегі метис пен мар­­ги­налдары бар қазақтың жалпы саны 6 млн 100 мыңды құрайтынын көрсетеді. Бұл ретте ма­мандар «тек қана ТМД көле­мін­де сөз етер бол­сақ, іргеміздегі Өз­бек­стандағы исі қа­зақ­тардың саны бүгінде 3 млн-ға жуықтаса, Ук­раина мен Беларусь елін­дегі қазақтардың са­ны 250 мыңдай бо­лады. Ал Қырғыз еліне сі­ңіп кеткен қа­зақ­тардың саны 200 мыңға жуық­тап қалды. Бұ­ған Қытай елінде жүрген 2,5 млн қазақты қоссақ, ортамыз толығып қа­лар ма еді» деседі.

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:

– Осыдан бес жыл бұрын біз сырттан кел­ген оралмандардың есебінен көр­сет­­кі­ші­мізді 25-30 пайыздан асырып алған едік. Болашақта да сол үрдісті тереңдете тү­су үшін сырттан келетін көш толастамауы ке­рек. Бұл – ұлтымыз үшін қажет дүние. Тіпті сол сырттан елімізге келіп бала санын кө­бейтіп отырған ана­ларға қажет болса мем­лекеттік ар­найы жәрдемақы таға­йын­дал­ғаны аб­зал. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын сол оралмандардың есебінен бала туу өсімі Тарбағатайда 40 пайыз, Алтайда 70 пайыз, Іле Алатауында 65 пайыз көр­сеткішті қамтыған. Ал қазір бұл көр­сет­кіш Тар­бағатайда 10 пайыз, Алтайда 10 па­йыз, Іле Алатауында 15 па­йыз­ды көрсетеді. Көр­діңіз бе, сон­дықтан нақ қазір біз үшін сырттан ке­летін көшті тоқтатпау да асқан қажеттілік. 

Төртінші қадам… 

Бала тууға қатысты өзекті жайттардың төр­тін­шісі – медициналық модернизация. Бо­ла­шақта медицинамыз ана мен бала өлімін бол­дырмауға қатысты қызмет етуі тиіс. Әрине, бұл ретте медицинамызды мо­дер­низа­ция­лау­ға; технологиялық қа­рым-қабілетімізді ұш­тауға, білікті ма­ман­дар легін жасақтауға ты­рысып жатқанымыз бел­гілі. Бұған қатысты жа­ңашылдықтар, реформашылдық бағыттар бар­шылық. Де­сек те, ана мен бала ден­сау­лығына үс­тірт қарау фактілері әлі де бой көр­сетіп жүр­гені ақиқат. Ең өкініштісі, ана мен ба­ла өлі­міне сол медицинамыздың басы-қа­сын­да жүрген ақ халаттыларымыздың өздерінің кінәлі болып жататындығы.

Осылайша біз «бэби-бумға» ба­ғыт­тайтын не­гізгі төрт бағытты тізбеледік. Абзалында, бо­лашақта ана мен бала өсімін еселеу үшін Ре­сейдің мемлекеттік «Ана капиталы» мен жа­пондардың мем­ле­кеттік «Бала капиталын» жи­нау үрдісін үй­ренсек жөн болар еді. Атал­мыш елдерде ба­ла туа салысымен арнайы де­позит ашы­лып, оған мемлекет белгілі бір мөл­шерде қар­жы құйып, ол жинақталған со­ма бала 16 жасқа толғаннан кейін оның қа­же­тіне жа­рап жатады. Дамыған және дамушы ел­дің балалары тұрғын үймен тумай жатып қам­тылып жатқанда, біздің елдің ша­қа­лағына не­ге мұндай ықылас ауда­рыл­майды?! Тіпті осы­ған орай «бюрократтық ше­ш­імдер ша­қа­лақ­тарымызды өсіруге ке­дергі келтірмесін де­сек, әрбір жаңа бағдарламаны, әрбір шешімді зерт­теп барып қолданысқа енгізген жөн» дей­ді мамандар. Расында да, ойланарлық жайт. Ен­деше, атқарушы биліктің құлағына алтын сырға делік…

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz