Тарихшылар Шыңғысханды моңғол, Шығыс Моңғолиядағы Онон және Керулен атты өзеннің бойында туған, сонда өмір сүрген дейді. Шыңғысхан – жалайыр тайпасынан шыққан адам және Іле бойында туған деген Тілеуберді Әбенайұлының дәлеліне қазақ ғалымдарының пікірі әзірше ала-құла.
Шыңғысханды моңғол дегізіп жүрген – Керулен мен Онон өзенінің Моңғолияда болуы. Ал, шынын айтқанда, Моңғолияда Керулен деген өзен жоқ, ол өзеннің аты – Хэрлэн (Хэрлін). (“Моңғолдың құпия шежіресі”.Өлгий, 1979. 40-бет). Оны зорлап Керулен жасап жүрген –тарихшылар. Моңғолиядан келген қазақтардың айтуына қарағанда, Ононды моңғолдар Онын дейтін көрінеді. Керуленнің де, Ононның да моңғолша мағынасы жоқ, өйткені олар түрік сөзі: Кер+өлең, яғни “Кері+өзен” және Өнән, яғни “үлкен” деген мағына береді.
Ал енді Шыңғысханның моңғол емес екеніне қалай көз жеткізуге болады? Рәшит-әт-дін былай дейді: “Бұрқан-Қалдұн тауының беткейінен ағатын өзендерді түгендеп санамаласақ, былай болады: оңтүстік жағынан, ортасынан (с южной стороны, в центре) – Кэлурэн, шығысынан (с востока) – Онон, солтүстік-шығысынан (с большого северо-востока) – Кирэкту, солтүстіктен (с большого севера) – Киркачу, жоғарғы солтүстіктен (с большого севера) – Чику, жоғарғы солтүстік-батыстан (с большого северо-запада) – Калаку, оңтүстік-батыс ортасынан (с среднего юго-запада) – Кара, оңтүстік-батыс ортасынан (со среднего юго-запада) – Бурачиту, оңтүстік-батыс биігінен (с большого юго-запада) – Дулэ” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы”, 1-том, 2-кітәп. Москва-Ленинград, 1952, 234-бет).
Ғалымдардың айтуынша, Бұрқан тауы – кәзіргі Моңғолиядағы Хэнтэй тауы. Енді картаға қарайық. Керулен (Хэрлэн) де, Онон (Онын) да Хэнтэйден басталып, оңтүстіктен солтүстікке, яғни теріскейге қарай ағып жатыр. Және екеуі де бір бағытқа – солтүстік-шығысқа қарай ағады. Рәшит-әт-діннің жазуына мүлдем қарама-қайшы. Ал Іле (Ыла), Рәшит айтқандай, Бұрқанның шығысынан ақса, ал Қаратал Бұрқанға жалғасып жатқан Бурақожыр тауының оңтүстігінен, Бурақожыр мен Баркөрнеудің ортасынан басталады. Бұл не деген сөз? Бұл – Хэрлэн Керулен емес, Онын Онон емес, Хэнтэй Бұрқан емес деген сөз. Мұны басқаша тұжырымдау мүмкін емес. Демек, Керулен мен Ононды, Шыңғысханды кәзіргі Моңғолиядан іздеу – ғылыми қателік. Бұл – тарихшылардың тарихқа жасаған қиянаты.
Жоғарыда санамаланған өзге өзендердің ішінде Хэнтэйден күнгейге қарай тек Толы өзені ағады. Табиғаттың заңы бойынша, солтүстіктен басталған өзен ешқашан солтүстікке қарай аға алмайды. Ал жоғарыдағы жазу бойынша, өзеннің бәрі, Керулен мен Ононнан басқасы, солтүстіктен және Бұрқан тауының оңтүстік жағынан басталуға тиіс. Бұған мән бермеген тарихшылар: “Кирэкту мен Киркачу анықталмады. Сірә, бұл екеуі Селенганың төмен жағына құятын салалары болар (бәлкім, Меньзидің саласы). Селенганың Үлкен Сібірге қарай ағатын Чику деген оң жақ саласы деп танылады, кәзіргі күнде Меньзи (Миндж-гол) деп аталатын бұл сала Хэнтэй тауынан Керулен өзенінің қасынан бастау алады. Калаку (мәтінде Клку) аталатын өзен анықталған жоқ; сірә, ол Орхон өзенінің ең соңғы саласы Иро өзені болу керек. Иро да Хэнтэй тауынан басталады. Тізім бойынша аталатын келесі Кара өзені Орхонның сол жақ саласы Хара немесе Харагөл өзенімен орайласады. Соңғысы Хэнтэй тауынан басталады және оның өргі жағы Ұлан-Баторға тым жақын жатыр. Бурачиту өзені әзірше еш өзенмен орайластырылған жоқ. Тізімдегі соңғы өзен Дулэ (дүлэ) – Толы өзені, Орхонның үшінші үлкен саласы, Хэнтэйден бастау алады”, – деп түсіндіреді (сонда, 234-беттегі сілтеме).
Көріп отырғанымыздай, тізімдегі төрт өзен (Кирэкту, Киркачу, Калаку, Бурачиту) кәзіргі өзеннің ешбіріне телінбеген, дұрысы – телінетіндей өзен ол маңнан табылмаған және телінгендерінің бәрі жеке өзен емес, Орхон мен Селенганың салалары ғана. Рәшит-әт-діннің тізіміндегі анықтамаға бәрі қарама-қайшы. Ал оған мән бермеген тарихшы, сөз жоқ, тарихты бұрмалайды. Егер Өненді, Тілеуберді айтқандай, Жетісудағы Іле деп, Шоқан жазған Бұрқан тауы мен Түрген тоғайын Шыңғысханның атамекені деп танысақ, онда Бұрқан тауының “жоғарғы солтүстік-шығысынан“ аққан Кирэкту өзенін Қорғас деп, “жоғарғы солтүстіктен” ағатын Киркачу өзенін Үсек (Түрген) деп, өйткені “Қыр+ қашу” деген сөз бен Түргеннің “жылдам, тез” деген мағынасында жақындық бар; “жоғарғы солтүстіктен” ағатын Чикуды не Шежін, не Тышқан деп, “жоғарғы солтүстік-батыстан” ағатын Калаку өзенін Қайшы деп, “оңтүстік-батыс ортасынан” ағатын Кара өзенін Қойбын деп, “оңтүстік-батыс ортасынан” ағатын Бура+читу өзенін Бура+қожыр өзені деп, ал “жоғарғы оңтүстік-батысынан” ағатын Дулэні Теректі деп шамаласақ, бәрінің орны Рәшит-әт-діннің жазуымен дәлме-дәл келеді. Және мұның бәрі сала емес, жеке-жеке өзен. Бұған мән бермеу, меніңше, тарихқа мән бермеу.
Сонда шын Керулен мен шын Өнән қайда? Оған көз жеткізу үшін, біраз салыстыру жасауға тура келеді.
“Моңғолдың құпия шежіресі” былай дейді: “Чингис-хаган Жамухадан ығысып, Онон өзенінің Зээрэн деген шатқалына тығылады” (Өлгий, 1979. 55-бет).
Тілеуберді Әбенайұлы қытайшадан тікелей аударған “Шыңғысханның қузауыры” былай дейді: “Шыңғыс-қаған Жәмікеден ығысып шегінген беті Өненнің Зеренді Қапшағай шатқалына бекініс құрды” (“Құпия шежіренің құпиясы”. Алматы, 2010, 495-бет).
Мұндағы мәселе “Қапшағай” деген сөзді тастап кетуде ғана.
Тағы “Құпия шежіре” былай дейді: “Мұны ет құлағымен естіген Хасар Тэмүжинді білдірмей ну орманға қарай қашырып жібереді. Тайчиудтер оны біліп қойып қуады. Бірақ асқар шыңның нуына сүңгіп кеткендіктен, адасып қалады да, орманды ту сыртынан қоршайды” (сонда, 36-бет).
Ал енді Тілеубердінің аудармасын оқып көрелік: “Тәйжігіттер көріп қалып, Түрген тауына дейін қуды. Темежан нуға сүңгіп кеткендіктен, Тәйжігіттер кейіндей берген. Олар ақыры сырттай қоршауға алуға мәжбүр болды” (сонда, 482-бет).
“Түрген тауы” деген сөзді “Құпия шежіре” аудармай тастап кеткен. Өйткені ондай жер Моңғолияда жоқ. Ал енді осы “Моңғолдың құпия шежіресі” арап қәрпімен Қытайда да шыққан. Онда былай: “Тайшығұттар оның артынан қуа жөнелді. Темушин Тергуне шоқысының қалың орманына кіріп кетті де, ғайып болды. Тайшығұттар оның соңынан кіре алмай, тауды қоршап алды” (Ұлттар баспасы. Пекин, 2005, 23-бет).
Түрген мен Тергуне атауы бір-бірімен мәндес. Екеуі де “тез”, “жылдам” деген мағына береді (Махмұт Қашқари. “Түрік сөздігі”. Алматы, 1997. 1-том, 407-бет. “Терк-тез”). Алайда, бұл арада “Түрген” деп жазылуға тиіс екенін дәлелдеу үшін, Лубсан Данзанның “Алтын шежіресіне” жүгінейік. Онда әуел-гіде: “а он въехал в Чашу Тэгунэ-Ундур, тайжигуты же (туда) войти не смогли и охраняли выхода из леса”, – деп “Түрген” дегенді “Тэгунэ” деп, түрлендіріп жазғанмен (“Алтан тобчи”, Москва, 1973, 76-бет), тағы бір жерде дәл жазады: “После того (Дабан-хаган) кочевал на Керулене. Дабан-хаган выступил в военный поход на монголджинов и, быстро двигаясь, заночевал у брода на реке Тургэн“ (сонда, 281-бет).
Бұл Түргеннің Жетісудағы Бұрқан таудың дәл батыс іргесінен ағып жатқанын, кәзір Үсек деп жүрген өзеннің ертеде Түрген аталғанын 1856 жылы Қашғар күнделігінде Шоқанның жазғанын, ол арада Түрген тоғайы мен кентінің болғанын “Шыңғысхан – Іле өңірінің ұланы” атты мақаламызда жазғамыз (“ҚӘ”. 27.04.12).
Жоқ Түрген мен жоқ Бұрқанды сан ғасыр бойы Моңғолиядан іздегенімізді мен тек тарихшылардың кінәсі деп білем.
“Моңғолдың құпия шежіресі” былай дейді: “Чингис-хаган мен Тоорил-хан екеуі әскерін алып Вангин-чансамен күш қоспақ боп Улзны өрлеп барса, Улзның Хусуту-шитүэн, Нарату-шитүэн деген жерінде Мэнгүлжін-сүулт бастаған татарлар қоршау бекініс салып алыпты” (Өлгий, 1979, 57-бет).
Пекинде басылған “Құпия шежіреде” былай: “Олар Ұлжа өзенінің Хусуту-шитүген, Нарату-шитүген деген жеріндегі Менгүлжін сегулту татарларына барып еді, олар сонда қоралап қорған жасап алыпты“ (2005, 59-бет). Кейде қоңырат дегенді тарихшылардың “кунгират”, “унгират”, «онгират» деп жаза беретініне қарап, “Ұлжа” дегені “Құлжа” шығар деп еріксіз ойлайсың.
“Алтан тобчиде” бұл атаулар “Улдз өзені”, Нарату-шитугэн деп жазылған (Москва, 1973. 107-бет). Ал Рәшит мұны анықтаңқырап жазған: “Он тотчас собрал войска, которые были поблизости, и выступил против татар из местности по реке Онон… В местности, называемой Улджа, он остановил Муджин-Султу, разбил его войско, его (самого) схватил и убил” (“Жылнамалар жинағы”, 1-том, 2- кітәп. 93-бет).
Мән беріп оқыңызшы, Онон өзенін бойлап (по реке Онон) Улджа деген жерге келеді.
Енді Тілеубердінің қытайшадан тікелей аударған “Шыңғысханның қузауырына” жүгінейік: “Шыңғыс-қаған мен Тұғырыл-хан екеуі Құлжа өзенін құлдай аттанған… Татарлар Құсты-Шаты жанындағы Нараты-Шаты жерінде қорық (бекініс) құрған екен” (Алматы, 2010. 496-бет).
Енді картаға қарайық. Құлжа өзенін құлдай жүрсең, Нараты жотасы Іле өзенінің бас жағында тұр. Ілені бойлай жүрсең де, Құлжаны құлдай жүрсең де, Нараты-Шатыға келетіні тарихта дәлме-дәл жазылған және солай екені картадан көрініп тұр. Құлжа – Құлжа, Нарату–Нараты болып тұрса, онда неге Онон Іле болмайды? Оның үстіне “нар” да, “ат” немесе “ату” да тек түрік сөзі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал егер Шыңғысхан Моңғолиядағы Онон өзенін бойлай жүрсе де, құлдай жүрсе де, татарларға тап болуы еш мүмкін емес, өйткені құлдай жүрсе, Амур өзеніне барады, бойлай жүрсе, Хэнтэй тауының үстіне шығады. Қай жағына барса да, не татар, не Нараты жоқ. Демек, тарихтағы Онон Моңғолиядағы Онон емес.
Барлық тарих Шыңғысханның Хөдөө-Арал, Хөде-Арал, Көде-Арал деп түрлендіріп жазатын жердің маңайында туғанын жазады. “Қыр” дегенді моңғолдар “Хөдөө” дейді. “Қыр” мен “төбе” – қазақта мағыналас сөздер. Оның үстіне Шыңғысханнан жүз жыл бұрын өмір сүрген М.Қашқаридың “Түрік сөздігінде” төбені “көту” деп көрсетіпті (Алматы, 3-том, 298-бет). Тіпті түпнұсқада Көту – Арал болуы да мүмкін. Сонда Жетісудағы Бұрқан сол Бұрқан болса, Түрген сол Түрген болса, сол Бұрқаннан 50-60 шақырым, Орбұлақтан он шақты шақырым шығыста жатқан Арал төбе неге сол Қыр төбе болмайды? Тарихта айтылатын Екі Бөлек тау – Үлкен Қотырқай мен Кіші Қотырқай да сол Арал төбеден бес шақырымдай шығыста Шұбар деген жерде тұрған жоқ па?
Шұбар демекші, “Құпия шежіре” оны “Жубур”(Өлгий, 1979, 44-бет), Қытайда аударылғаны “Жубура” десе (Пекин, 2005, 37-бет), Тілеуберді түпнұсқа саналатын қытайшадан “Шұбар” деп аударады (Алматы, 2010, 488-бет).
Моңғолдық “Құпия шежіре” былай дейді: “Енді Тэмужин Бэлгүтэй екеуі Бөрте-ужинді көру үшін, Хэрлэн өзеніне қарай аттанады” (Өлгий, 1979, 40-бет).
Ал Қытайлық “Құпия шежіре” былай дейді: “Екеуі сол жүргеннен жүріп отырып, Керолұн өзенін құлдап Шекжер, Шиғұрғу деген екі таудың ортасына барған құңғырат рулары мен Дей-сечен ауылдарының сонда қонғанын көрді” (Пекин, 2005, 29, 30-бет).
Сәкен Сейфуллин кезінде былай деген екен: “Орхон, Керөлең, Онон өзендерінен Қара теңізге шейін, Қырымға шейінгі кең жайылған екі арадағы бытыраған түрік рулары Шыңғыстың қол астында болған” (Алматы, 2007, 7-том, 14-бет).
Тарихшылар Керулен, қазақ Керөлең деген өзенді Моңғолиядағылар бұрмалап Хэр-
лэн деген. Себебі, оларда Керөлең деген өзен жоқ, Хэрлэн бар. Шекжер дегеніміз Хорезммен, яғни Сарт+ауылмен шекара екенін барлық тарихшы жазған. Ол – даусыз. Шиғұрғу дегені, сірә, Шыршық болуы мүмкін. Мәселе онда да емес. Мәселе – сол кезде де қоңыраттардың Хорезммен шекаралас, іргелес Отырар маңында отырғандығында. Сонда деймін-ау, сонау Хэнтэй тауының теріскейінде жатқан моңғол екі арада керей, меркіт, найман, татар, қарақытай тайпалары жатқанына қарамастан, қоңыратпен қалай құда бола берген? Мүмкін бе? Не ол моңғол мына моңғол емес, не қоңыраттың ханы Дей-сечен Хорезммен іргелес жерде тұрған емес деген ойға еріксіз келесіз. Бірақ сол қоңыраттар әлі сол жерде отыр емес пе? Тарих өтірік айта ма, біз бе?
Көріп отырсыз, Шыңғысханға қатысты жер-судың бәрі Жетісу өңірінен – Бұрқан таудың айналасындағы Қаратал-Үсек-Іле өзендерінің арасынан табылады. Тізбелей берсек, ондай сәйкестіктен аяқ алып жүре алмайсыз. Ал тарихта: “Бұрхан-Халдун. Место нахождения не установлено. Возможно, современный горный узел Хэнтэй”, – деп дүдәмал жазылған (Рәшит-әт-дін. «Жылнама-лар жинағы». Москва-Ленинград, 1952. 1-том. 2-кәтәп. 10-беттегі сілтеме).
Енді Шыңғысханның түп-тұқыйанына тоқталайық.
Адам аттары сәл-пәл құбылып, бәлкім, бұрмаланып жазылғаны болмаса, оның ата-бабалары туралы деректе ала-құлалық жоқ.
Түп атасы – Буртэ-чинэ (Борте-Чино), түп әжесі – Коай-Марал (Куа Марал), одан – Батачи-Каан, одан – Тамач (Тамаша), одан – Добун-Баян, әйелі – Алан-Гоа. Алан-Гоа Бэлгунут(ай), Бугунут(ай) деген екі ұл туған соң, Добун-Баян жастай қайтыс болады. Міне, осы ұлдардан және олардың бірге туған бауырларынан таралған ұрпақтың бәрі «дарлекиндер» деп аталған (Рәшит-әт-дін. «Жылнамалар жинағы». 1-том, 2-кітәп, М-Л. 1952. 9, 10-бет).
Дарлекиндер туралы тарих былай дейді: “В ту пору из тех монголов, название которых джалаир – а они суть из дарлекинов – и обстоятельные изложенные ветви и разрядов (аснаф) племен, которых было дано, несколько племен обитало в пределах Кэлурэна, они составляли семьдесят куреней… Эта река Кэлурэн близка к области Хитай” (сонда, 18-бет).
Сонда Шыңғысханның түп атасы дарлекин, яғни жалайыр болса, ал олар Керуленнің маңын жайласа, ол өзен Қытай аймағына жақын болса, Керуленіміз Терісаққан, яғни кәзіргі Көксу – Қаратал өзені болмағанда, не болады?
Бірақ жалайырларды Моңғолиядағы Хэрлэн, Онон бойынан ауып келген деп айтып жүрген тарихшылардың да бар екенін айтпай кетуге болмайды. Алайда, тарих ертеде де, кәзір де түрік деп аталатын халықтың Дешті Қыпшақ даласы мен Қытай қорғанына дейінгі аралықты жайлап жатқан ел екенін айта келіп: “(Все народности) по настоящее время сидят и сидели (на всех этих местах) по (искони) обусловленному (древним обычаем) постановлению”, – деп жазады (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы”, Москва-Ленинград, 1952. 1-том, 1-кітәп. 74-бет).
Бұған қарағанда, Шыңғысхан заманында Керөлең мен Өнән және Түрген өңірінде отырған жалайырлар әлі сол орнында отыруға тиіс. Және олар отырған жер Моғолстан, яғни Жетісу болған. Бірақ тарихшылар оны былай бұрмалапты: “Обитали в местностях с многочисленными летовками и зимовками, известных под именем Могулистана (т.е. страны монголов – А.С.) и принадлежащих народу кераит как-то: (по рекам и озерам) Онон, Кэлурэн, Талан-Балджиус, Буркан-Калдун, Кукана-Наур, Букр-Наур, Каркаб, Куйин, Эргунэ-кун, Калаир, Селенга, Баргуджин-Токум, Килал-джин-Элэт и Уткук, кои смежны с Китайской стеной” (сонда, 73-74-бет).
Кітәпті саралаушы әрі түсінік беруші А.А.Семенова Моғолстанды “моңғол елі” деп түсіндіріпті. Алайда, Моғолстан – Жете дегеннің Жетісу екенін бұл күнде білмейтін тарихшы жоқ деп ойлаушы ем. Өйткені Дулатидың шығармасы, Ақсақ Темірдің жорықтарын жазған “Зафарнамалар” оны әлдеқашан дәлелдеген. Және оның үстіне, Қытай қорғанымен іргелес жатқан ел екені ап-айқын айтылып тұрған жоқ па? Ал сонау Шығыс Моңғолияда жатқан Керулен, Онон қалайша Қытай қорғанымен іргелес бола алады? Екі елдің арасында ол кезде ойрат тайпасы, таңғыт елі, шүршіттер, тибеттіктер жатқан жоқ па еді? Ондай-ондайды есепке алмай, тарихшылар белден баса беретін болса, тарих тарих болудан қалмай ма?
Ал енді жеке сөз бен атауларды, терминдерді тарихшылар неге бұлай бұрма-лай берген? Өйткені олар, біріншіден, Шыңғысханды моңғол деп білген. Екін-шіден, моңғолдарды да түрік деп түсінген. Үшіншіден, түрік сөздерін кәзіргі моңғол тіліне бейімдеп, бұрмалап, Шыңғысханды моңғол жасауға тырысқан. Төртіншіден, “моңғол” мен “моғол” сөздерінің о баста бір мағыналы сөзден тарағанын түсінбеген. Бесіншіден, Шыңғысханды түрікке жақындатқанның бәрін кеңес тарихшылары «пантүрікші» деген атпен қаралап отырған (1952 жылы шыққан Рәшит-әт-діннің кітәбіне жазған И. Петрушевскийдің алғысөзін қараңыз: 11-бет). Тағы-тағылар.
Моңғолияда тұратын қазақ тарихшысы Ислам Қабышұлының “Құпия шежіре” туралы айтқан мына сөзіне қараңызшы: “Оның көптеген сөзі – көне түрік сөзі. Неге қазіргі қазақ сөзі қалпында сақталуы таңдандырмай қоймайды. Жазылғалы 740-тай жыл болған бұл әдебиетте қазақ сөзі қалай сақталып келді? – дей келіп, – Ескі моңғол тіліндегі нұсқада қазақ сөздері, оның мақал-мәтел-дері де мол кездеседі”, – дейді (“Керейлер керуені”, Өлгий, 1978, 14, 15-бет).
Байқадыңыз ба, “ескі моңғол тіліндегі нұсқада” дейді. Демек, қазіргі нұсқада қазақ сөзі азайған. Дұрысы: азайтқан. Әйтпесе сөз өздігінен азайып, өздігінен көбеймейді ғой. Мұны бұрмалау демегенде, не дейміз? Бұл бұрмалаудың арғы түбіне үңілсек, бұл шығарма әуелде моңғол жазуынша жазылған деген пікір де иландырмайды. Онда қазақ сөзінің шектен тыс көп болатын себебі: әуелгі нұсқа түрік тілінде, Тілеуберді дәлелдегендей, арап қәрпімен жазылған.
Енді шежіремізге қайта оралайық. Добун-Баян өлген соң да Алан-Гоа күйеусіз үш ұл туады: Букун-Катаки, Салджи, Боданчар деген. Бөрте-шинаның бұған дейінгі ұрпағы жалпы жалайыр аталып келсе, бұл үш ұлдан тараған ұрпақ нирун жалайыр, яғни нұрдан жаралған жалайырлар аталады. “Нирун” дегенді аудармашы орыстың “чресла” деген сөзімен түсіндіреді. В.Даль оны “поясница, крестець или наружность тела над тазом” депті. Бел, сегізкөз секілді. Бәл-кім, “бел жалайыр” немесе «жұлын жалайыр» дегені ме, кім біледі?
Боданчардан – Бұқа, одан – Дутум-Мэнэн, одан –Қайду, одан – Байсұңқар, одан – Тумбинэ-хан, одан – Қабыл-хан, одан – Бартан-бахадүр, одан – Есугэй-бахадүр, одан Чингиз-хан туады. Бұлар және олардың ұрпағы – бәрі нұрдан туған жалайырлар (дарлекиндер). Сонда тек Шыңғысхан ғана қалайша жалайыр болмайды?
Түрік тілін түсінбейтіндер Шыңғысхан сөзінің төркінін, меніңше, дұрыс талдап жүрген жоқ. Бәрі “шың” дегенді “күшті”, “мықты” деп түсіндіреді де, “гис” деген соның көпше түрі дей салады. Ал түрік тілінде “гис”, “гиз”, “ғыс” деген көптік жалғауы болған емес. Оның үстіне бір кісінің атына көптік жалғау қосудың қандай қажеттігі бар? Ол сөздің мағынасы әрі биік шың, әрі терең құз дегенді білдіретін “Шыңқұз хан” болуға тиіс. Кезінде: “Шыңғыс деген ат “шың құз” деген сөз болады», – деп Сәкен Сейфуллин жазған екен (2007, 7-том, 14-бет). “Шыңғысхан” шығармасында Мұхтар Мағауин де солай депті.
Тарихқа Шыңғысханды берген халықтың қай өңірді мекендегенін анықтай түсу үшін, тарих деректеріне тағы ден қойып көрелік.
Рәшит-әт-дін: “Население Китая обитало бок-о-бок с этим (тюркско-монгольским) народом, с его областями и (вообще) с местами его кочевок” (“Жылнамалар жинағы”. 1-том, 2-кітәп, Москва-Ленинград, 1952. 7-бет).
Кәзіргі Моңғолияның орналасуы осыған сай келе ме? Қытай екеуінің арасында ойраттар, шүршіттер, таңғұттар, тағы басқалар болған. Ал Жетісу түріктері Қытаймен ол кезде де, кәзір де шекаралас. Шаған, яғни ақ татарлар Қамбағай-қағанды Қытайға ұстап бермек болғанда, дуклат, яғни дулат тайпа-сының адамдары оның ұлына көмектесіп, аман алып қалады. Сол үшін татарлар дулат тайпасын қырғынға ұшыратады (сонда, 24-бет).
Мен, мысалы, дулат тайпасы кәзіргі Моңғолия маңайын мекендеді дегенді оқыған емеспін. Ал олардан шыққан Камар-ад-дін деген адамның Моғолстанды, яғни Жетісуды билегенін білемін.
Рәшит-әт-дін: “В последствии Кадан-бахадур и Кубула-каан ушли особняком на свои юрты в землю (племени) куралас” (сонда, 36-бет).
Құралас руы дулаттың да, қоңыраттың да, жалайырдың да құрамында болғанын шежіре айтады. Бірақ бұл тайпалардың бірде-бірінің “өз жұрты” кәзіргі Моңғолия емес.
“Фуджин на китайском языке – жена (хатун), а так как они (племена Есугэй-бахадура) жили поблизости пределов того государство (т.с. Хитая), то употребляли их выражения” (сонда, 51-бет).
Шыңғысхан кенже інісі Тэмугэ-өтчигинге бес мың әскер беріп, елдің солтүстік-шығысына орналастырады. Тарих ол туралы: “Его область и юрт находились на северо-востоке в отдаленной части Монголии (Мугулистан), так что по ту сторону их не было больше ни одного Монгольского племени” (сонда, 56-бет).
Бұл тарихшы өз қатесін өзі шығарып тұр. Моңғолияны Моғолстан деп түсіндіріпті. Демек, мұндағы әңгіме кәзіргі Моңғолия туралы емес, сол кездегі Моғолстан, яғни Жетісу туралы. Өйткені кәзіргі Моңғолияның солтүстік-шығысында кенже інісіне басқартатын қандай моңғол жері болуы мүмкін? Оның ар жағында моңғол тайпасы орналасатындай жер жоқ, мұхит қана бар. Мұның бәрі Моғолстанды Моңғолия деп қате аударудан туған келеңсіздік екені көрініп тұр.
“Граница найманов соединились с границами юрта Чингиз-хана” (сонда, 66-бет).
Моңғолияның орналасуы солай ма? Моңғолдар мен наймандардың екі ортасында ол кезде керейттер, кей жерінде меркіттер болды ғой. Ал Жетісуда солай: жалайырлар мен наймандар бір-бірімен ежелден іргелес.
“У Джамукэ-Сэчэна, который принадлежал в ветви нирун и был предводителем и эмиром племени джаджират, был родственник, … он отправился на грабеж и в местность, называемую Улагай-булак, в пределах Саари-Кэхэр, бывшую юртом Чингиз-хана. В тех окрестностях находилось жилище (ханэ) Джо-чи-Тармалэ из племени джалаир, предки которого вследствие того, что шайка джалаиров убила Мунулун, (жену) Дутун-Мэнэна, и его сыновей стали пленниками… и рабами … предков Чингиз-хана” (сонда, 85-бет).
Мұндағы әңгіменің бәрі жалайыр тайпасына және солар мекендеген жерге қатысты. Улагай-булагыңыз Сарықыр, яғни Сарөзек аймағындағы Айнабұлақ болады. Ол араны мекен етушілердің көбі кәзірде де жалайырлар. Мұндай сәйкестікті ешкім әдейі жасай алмайды. Тек оны мойындау керек.
“Он (Он-хан – Б.Н.) пришел в местность, называемую Гусэку-наур, поблизости от юрта Чингизхана – место, где они (некогда) жили вместе с Есугэй-бахадуром, (откуда) он послал вверх по (реке) Кэлурэн к Чингисхану двух своих нукеров” (сонда, 110-бет).
Картаға қарап, осы жағдайды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мүлдем түсіне алмайсыз. Моңғолиядағы Керуленнің төмен жағынан Он-хан қалай келеді? Оның елі о жақта емес, Керейлер мен Керуленнің екі ортасында Хэнтэй тауы жатыр. Және Гусэку-наур деп отырғаны Жетісудағы Бұрқан тауының дәл түбінен ағып жатқан Үсек өзені емегенде, қай өзен?!
“В пределах местности, которую называют Саари-кэхэр “Чингиз-хан” и Он-хан встретились друг с другом” (сонда, 116-бет).
Моңғолияда Сарықыр немесе Сарөзек атты жер бар ма екен? Бұл – таза түрік сөзі. Демек, түрік жерінде, Жетісуда.
“Он (Сангун – Б.Н.) … через … пределов Монголии (вилайат- и Мугулистан) и ушел в область Бурк-Туббэт” (сонда, 134-бет).
Тарихшы-аудармашының Моғолстанды Моңғолия деуіне тағы куә болдық. Тибетке Жетісу арқылы өткені беп-белгілі болып тұр. Бір сөзді теріс түсіндіру арқылы қаншама тарихты тас-талқан қылып отыр.
“После того Менгу-каан устроил курилтай в местности …, которая находится в середине Могулистана” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы“, ІІ-том. М-Л, 1960, 145-бет).
Мұндағы көп нүкте тұрған жердегі сөзді аудармашы Ю.П.Верховский мен сілтемелерді түсіндіруші Б.И.Панкратова “Хорхонах Джубур” деп табады. Біз бұл “Джубурдың” Шұбар екенін айтқамыз. Сонда ол Шұбардың Моғолстан–Жетісудың дәл ортасында екені дәл айтылып тұрған жоқ па?
Шет жерде ұзақ соғысып, елді сағынған Шыңғысхан әскерлерінің мына сөзіне қараңызшы: “Теперь мы, освободив сердце от (заботы) о них, согласно требованию, которое было определено приказом Чингисхана, бог даст, сможем прибыть в Могулистан” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы“, М-Л. 1952. 1-том, 1-кітәп, 226-бет).
Олардың туған жері кәзіргі Моңғолия емес, Жетісу, яғни Моғолстан екені осы сөздан анық көрініп тұр.
Шыңғысхан 1224 жылы Ресей жерінен оралады. Оны тарих былай жазады: “Когда он дошел до пределов своих орд, к нему вышли навстречу Кубилай-каан, которому было одиннадцать лет, и Хулагу-хан которому было девять лет. Случайно в это время Кубилай-каан подбил зайца, и Хулагу-хан дикую козу в местности Айман-хой, на границе страны найманов, близ Имил-Кучина, по ту сторону реки Хилэ (?), поблизости от области уйгуров” (сонда, 229-бет).
Еміл өзені Шыңғысхан ордасының шеті саналса, орданың өзі сол маңайда, яғни Жетісуда екенін болжау соншалық қиын ба? Және Емілге жақын жерде деп анық айтып тұр ғой. Хилэ дегені, сірә, Іле болар?
“В Монголии есть большая гора, которую называют Бурхан-Халдун (мен осы аудармаға күмәндімін. “В Могулистане” болуы мүмкін) с одного склона этой горы стекает множество рек. По тем рекам – бесчисленные количество деревьев и много леса. В тех лесах живут племена тайджиутов. Чингис-хан (сам) выбрал там место для своего погребения” (сонда, 233-бет).
Тайджиут тайпасының жалайырларға жататынын жоғарыда айтқамыз. Жалайырлардың ежелден Жетісуда тұратыны тағы белгілі. Ендеше Бурхан-Халдун Моңғолияда емес, Моғолстан–Жетісуда. Шыңғысхан сонда жерленген.
Керейлердің мекен-жайы жайында тарих былай дейді: “Они (представляют) собою род монголов, их обиталище есть (по рекам Онону и Кэрулэну, земля монголов. Те округа близки к границам хитайской страны” (Рәшит-әт-дін. “Жылнамалар жинағы”. 1-том, 1-кітәп, М-Л., 1952. 127-бет).
Енді картаға қарап көріңіз. Моңғолиядағы Хэрлэн мен Ононның қай жағында керейлер тұруы мүмкін? Ондай жерді таба алмайсыз. Ал олар Шыңғысхан кезінде де, кәзір де Жетісуда жалайыр тайпасымен іргелес өмір сүріп келеді.
Тіпті былай ойлауға да болады: Керулен мен Ононның бойында жалайырлар, маңайында керейлер, оның қасында меркіттер, сол төңіректе татарлар, қоңыраттар, дулаттар тұрса, сонда кәзіргі моңғолдардың өзі қайда тұрған?
Алакөлдің шығысында Тоқта деген тау, жайлау бар. Ол, сірә, меркіттердің ханы Тоқтаның атымен аталған болу керек. Өйткені тарихтарда айтылатын жер мөлшері соған сәйкес келеді.
Кербұлақ ауданында, Сарөзектің шығысында Шаған деген тау бар. Оны қазақтар бұрын Жеке тау депті. “Тұлыған Бөлтақ” дегенді Тілеуберді Тұл Бөлек тау, яғни Жеке тау деп түсіндіреді. “Шаған” дегеннің қазақша “шаңқан” деген баламасы бар, “ақ” дегенді білдіреді. Шыңғысхан бір татар баланы бесінші балам болады деп, Бөртенің бауырына салып, атын Шаған қояды. Ол үлкейгенде бүкіл шаруашылыққа қарап, азық-түлік дайындап, мал-жанға ие болады. Соның ауылы орнаған жер кейін, сірә, Шаған аталып кеткен болу керек.
Алтынемел мен Баркөрнеудің екі ортасында Керей сайы, Жалаңаштың шығысында Үш Меркі (Үлкен Меркі, Орта және Шет Меркі) сайы бар. Соның бәрі Шыңғысхан тарихымен байланысты.
Шыңғысханнан бір ғасыр бұрын жасаған Махмұт Қашқари Іле өзенін Ыла дейді. Ылай дегені болу керек. Шыңғысханға қатысты ыңғайсыз жәйттің бәрін «Құпия шежіре» де, «Қузауыр» да, Рәшит-әт-дін де жасырып-жауып жазады. Мәселен, Қазыбек бек Тауасарұлы: «Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есукей ерте өліп, оның шешесі Өлең қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлеңнің Меңлекеден туған он ұлы Темірді бөлектеп, шыдатпаған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта жалайыр ішіне қашып кетті», – дейді ( «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», 1993, 95-бет). Шежіреші ақын Қазанғап Байболұлы да осы-ны айтады. Алайда, Рәшит-әт-дін Өлеңнің тағы күйеуге тигенін айтады да, бірақ оның ол күйеуінен де балалы болғанын айтпайды. Ал «Құпия шежіре» ол жағына бармаған. Соған қарағанда, Шыңғысхан Ыла(й) дарияның бойында туып-өсті дегенді де айтқысы келмей, Үлкен (Өнән) дария деп, өзеннің өз атын емес, сыйпатын айтқан болу керек деп ойлаймын. Ілені Ононмен шатастыруымыздың басты себебі содан болса керек.
«Шыңғысхан наймандарды шауып, Таян-ханды өлтірген соң, барыс жылы ұлы жиын өткізіп, ұлы той жасап, Онон өзенінің бойына тоғыз түпті (девяти-конечный) ақ туын тікті, сонда оған Шыңғысхан атын берді» (Рәшит-әт-дін. «Жылнамалар жинағы», М-Л., 1952, 1-том, 1-кітәп. 138-бет).
Енді Махмұт Қашқаридың мына сөзіне қараңыз: «Ханның қол астында елі мен жері, қалалары қаншама көбейіп кетсе де, мәртебесі қаншама өссе де, ту тоғыздан асырылмайды»(«Түрік сөздігі», Алматы, 1998. 3-том, 182-бет).
Бұл – түрік елінің заңы. Ал түрік елінің заңына бағынып отырған Шыңғысхан қалайша түрік болмайды?
Тағы Рәшит былай дейді: «Все их юрты простираются от пределов страны уйгуров до границ Хитая и Джурдже, в тех областях, которые ныне называют Могулистан» (сонда, 153-бет).
Мұны мойындамау, меніңше, шектен шыққандық. «Бұл тайпаның бәрінде нақпа-нақ және анық сақталған рулық баян (шежіре) бар, өйткені моңғолдардың ғұрпы солай, олар өз бабаларының туыстығын сақтайды және дүниеге келген әрбір балаға соны үйретеді. Моңғолдардан басқа, тек арабтарды қоспа-ғанда, ешбір тайпада мұндай әдет жоқ, арабтар да өз тектерін жадында сақтайды», – депті Рәшит (сонда, 13-бет).
Ал бұл әдеттің тек қазаққа тән екенін кім жоққа шығарады? Ол моңғолдың кәзіргі Моңғолияда тұрып жатқан моңғол еместігі осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Шыңғысханның: «Тәңірім өзі жар болсын!» – деп сөйлеуі де, («Моңғолдың құпия шежіресі», Пекин, 138-бет) «мен қазақпын» деп тұр емес пе? Біз әзір де солай сөйлейміз ғой.
Осы мысалдардың өзінен де тарих пен тарихшылардың айтуында үлкен алшақтық жатқанын аңғару қиын емес. Қашан шетелдің ғалымдары шайнап берер екен деп күтіп отырмай, түпнұсқа орнына жүретін шығармаларды өз ғалымдарымыз оқып, талдауы қажет деп ойлаймын. Сонда тарихымыз бұрмалауға ұшырамайды. Және бұған әлде-
біреулер құсап, “Шыңғысханды қазақ қылғанда не ұтамыз?” деп тоғышарлықпен қарауға болмайды. Өз тарихын түгендей алмаған халықты мықты халық деп айтуға өзге түгіл, өз аузымыз бармайды. Иесіз қалған тарихты иеленушілер табылады.
“Моңғол” сөзінің түп-төркіні анықталмауы да тарихтың бұрмалануына дем беріп келеді. “Моңғол” деген “мәңгі ел” сөзінің өзгерісінен туындаған деген пікірді Хасен Қожахметов ініміз айтты. Үндестік заңы бойынша “мәңгел” деп айтылатын сөзді өзге ел “моңғол”, “маңғол” деуі мүмкін. “Мәңгі ел” деген – мәнді, беделді сөз. “Маңғұл” деген, “маңу” және “құл” “кісі” деген сөздердің қосындысы, яғни “көшпенділер” деп қараушылар да, “мың қол” деген сөзден шыққан деушілер де бар. Алайда, бұлар “моңғол” сөзіне қатысты айтылғанмен, “моғол” сөзіне түсінік бере алмайды. Ал “моңғол” дегеннің о баста “моғол” аталғанын тарих анық айтады.
Түрік тайпаларының басын қосып бір мемлекет құрғаннан кейін Шыңғыс-хан ол мемлекеттің атын жеке бір тайпаның атымен атамауы – заңды. Өйтсе, бақталастықтан ешқашан ел ішінде тыныштық болмас еді. Сондықтан бәріне ортақ ат қоюы – орынды. Ол ат – моғол.
“Шыңғыс-ханның атасы Иесуге-баһадур моғол қауымында патша болды”, – дейді Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр “Шежіре жинағында” (Талдықорған, 2008, 42-бет).
Құбылай-ханның Қытайда жүргізген басшылық саясатын айту барысында Рәшит-әт-дін: “А Мо-цянь – это та же деревня и(ли) хутор”, – дейді, ал оны түсіндірушілер: “Мо-цянь, дословно “сотня земли” и “тысяча земли” дейді (“Жылнамалар жинағы”, 2-том, М-Л., 1960, 177-бет).
Бұған қарағанда, егер “мо” деген ол кезде «мыңдаған», «жүздеген» сияқты «көп», «мол» деген мағына берген тәрізді. “Мо-қол” деген онда “мол қол” деген мағына бермей ме?
Түрік сөзін бір түсінсе сол түсінеді-ау дейтін Қадырғали Жалайырдың сөздеріне мән беріп көрейік: “Бұл қауым да белгілі, тәжіктер оларды «моғол» деп атайтын. Бұ жамағаттардың да қауымдары өте көп еді… Жылдар өткен сайын көп болып өсіп-өнді. Олардың ұрпағы тіптен көп болды. Есімдерінің моғол атауы солай кетті, тағы бір басқа қауымдар олармен еді. Алла-тағала жар болып, төрт жүз жылдай уақыт өткен соң, олардың ұрпақтары көбейіп, іргелі ел болды… Оларды, яғни осынау қалың түрікті «моғол» деп атады (“Армысың, әз баба” кітәбі. Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр. “Шежірелер жинағы”. Аударғандар: Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов. Талдықорған, 2008. 13-бет).
Бұған қарағанда, “мо” сөзі “мол” дегенді білдіреді. Бұл сөз – Шыңғысхан мемлекет құрғанға дейін де бар сөз. Өзара жалайыр ішіндегі айтыс-тартыста Шыңғысханның тікелей бабалары өзгеден молмыз, көппіз, ауызбірліктіміз деген ниетпен өздерін моғол атаған тәрізді. Сол ат кейін Шыңғысхан құрған мемлекетке де атау болған. Шыңғысханның өз атамекенінде “моғол”, “Моғол-стан” деп дұрыс айтылғанымен, сырт жерде «моңғол», «маңғұл», «мұңғұл» болып бұрмаланып кеткен болу керек.
Бексұлтан Нұржекеұлы