АЛТЫНОРДА
Новости

Белсенділер адамды жалғыз баспанасынан шығаруға қарсы

Қазақстанның әр аймағынан келген ипотекалық борышкерлер наразылық шарасын өткізіп отыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.Азаматтық белсенділер банктегі қарызын жабу үшін немесе мемлекет қажеті үшін адамды баспанасынан айыруға болатын жағдайларды заңда анықтап жазуды ұсынады. 

КҮШПЕН ШЫҒАРУ

Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова басқаратын «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымы осындай заң қабылдауды немесе, жоқ дегенде әділет министрлігіне қарасты сот актілерін орындау комитеті деңгейінде нормативтік қаулы қабылдауды ұсынады.

Оның айтуынша, «азаматтар баспанасынан халықаралық стандарттар аясында, әрі құқығы қорғала отырып шығарылуы тиіс».

«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» президенті Зәуреш Батталова.«Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» президенті Зәуреш Батталова.

– Адам қайда барарын білмей дағдарып қалатын түн мезгілінде немесе мүлік, жиһазы бүлінетін жайсыз ауа-райында үйінен шығару заңсыз. Ұлттық заңда бұл нормалардың қарастырылмауына мемлекет жауапты, — дейді Зәуреш Батталова Азаттық тілшісіне.

Жалғыз баспанасынан күшпен шығару құрылыс қарқынды жүріп жатқан Астанада өзекті проблемаға айналды. Даулы пәтерлерден шығарылған үлескерлердің қатарына соңғы кезде өзге тұрғындар да қосылды. Былтыр Астанада сот жасауылдары кемі 50 отбасын үйінен шығарған.

ЖАЛҒЫЗ БАСПАНА

Астанадағы шағын жер телімдерінен айырылған жандар да зардап шегіп жатыр. Жергілікті билік олардың жерін «мемлекетке қажет» деген уәжбен алып, үйлерін бұзып, өздерін баспанасыз қалдырады. Ондайлардың көбінің басқа баспанасы жоқ. Үйінен шығарылған тұрғындарға бөлінген ақшалай өтемақы баспана бағасы қымбат Астанада жөні түзу үй сатып алуға жетпейді.

Былтыр қараша айында құрылыс кранына шығып, үйін бұзуға қарсы бес күн бойы наразылық акциясын өткізген Сандуғаш Серікбаеваның көп балалы отбасын түн ортасында далаға шығарып тастаған еді.

Қазір ол бала-шағасымен уақытша паналатуға келіскен көршісінің үйінде тұрады. Әйел өз жерін қайтарып алудан үміттенеді. Талай соттан өткенімен, оның ісін бас прокуратура әлі қарап жатыр.

Өзін шынжырмен байлап, наразылық акциясын өткізіп тұрған Сандуғаш Серікбаева (сол жақта). Астана, 14 сәуір 2014 жыл.Өзін шынжырмен байлап, наразылық акциясын өткізіп тұрған Сандуғаш Серікбаева (сол жақта). Астана, 14 сәуір 2014 жыл.

Сот шешімімен үйі мен жер телімінің өтемақысы ретінде берілген бес миллион теңге (27 мың долларға жуық) жөні түзу баспана сатып алуға жетпейді. Оның үйі қазір құрылыс қарқынды жүріп жатқан Назарбаев университеті іргесінде болған.

Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, оның үйінің орнына Назарбаев университеті қызметкерлеріне үй салынып жатыр. Бірақ әкімдік оның үйі мен жерін «мемлекетке қажет» деген уәжбен алған.

– Бұл ұйым — акционерлік қоғам. Мемлекет мұқтаж болмаса да, біздің жерімізді алып құрылыс компаниясына беріп қойды, — дейді Сандуғаш Серікбаева Азаттық тілшісіне.

ҮЙІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНДАР МЕН АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

Зәуреш Батталованың айтуынша, егер Қазақстан заңдарында азаматтардың баспана құқығына қатысты тиісті нормалар қарастырылса, Сандуғаш Серікбаева сияқты жандар мұндай жағдайға тап болмас еді. Ол «бұл үйлерде кімдердің және қалай тұрып жатқанын мүлде ескермей, адамдардың пәтер, үйлеріне тауар ретінде қарайды, ал баспанасыз қалатын балаларды қорғау тетіктері мүлде жоқ» дейді.

«Қазақстандағы тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры директоры Маргарита Өскембаеваның айтуынша, қамқоршылық және қорғаншылық органдары үйінен күшпен шығарылып, әке-шешесімен бірге далада қалған балаларды қорғау үшін ешқандай әрекет жасамайды, олардың тағдырына араласпайды.

Пәтерлерінен күшпен шығаруға наразы "Махаббат" кешені тұрғындарын полиция ұстап жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.Пәтерлерінен күшпен шығаруға наразы «Махаббат» кешені тұрғындарын полиция ұстап жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.

​Биыл сәуір айында ұлттық банк «Адам құқықтары миссиясы» қоғамдық ұйымы белсенділерінің үндеуіне берген жауабында «азаматтарды баспанасынан шығаруға қатысты проблемаларды реттейтін заңдар жобасы парламентте қаралып жатыр» деп жазған.

Белсенділер үйінен шығарылған азаматтарды уақытша паналату проблемасын шешу туралы да ұсыныс айтты. Олар «атқарушы органдар жалғыз баспанасынан шығарылған әлеуметтік жағдайы нашар топ өкілдерін бір ай тұруға болатын басқа баспанамен қамтамасыз ету үшін шара қолдануы тиіс» деп санайды.

http://www.azattyq.org/