АЛТЫНОРДА
Новости

Белсенділер Жириновскийді жауапқа тартуды сұрады

Бүгін Астанада «Қазақ жері» атты бастамашыл топ белсенділері Арғынбек Мұратбек пен Қанат Әбдікәрімов Ресей елшілігіне шағым хат тапсырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Белсенділер Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты былтыр бірнеше рет айтқан мәлімдемелеріне қатысты Ресей бас прокуратурасының еш шара қолданбай отырғанына наразы.

«Ресей құзырлы орындары Жириновскийдің сөзіне қатысты тексеріс жүргізбей отыр. Біз осы мәселені Қазақстандағы Ресей елшісінің есіне тағы бір мәрте салғанды жөн көрдік. Халықтар достығын бұзатын әрекеттерге жол беруге болмайды» деді Қанат Әбдікәрімов Азаттыққа.

Белсенді топтың шағым хатын Ресей елшілігі ғимаратынан шыққан азамат қабылдап алды. Ол өз аты-жөні мен қызметін айтудан және қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Былтыр ақпанның 23-інде Владимир Жириновский Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның да тәуелсіздігіне шек келтіретін мәлімдеме жасаған еді. Ол «Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді» дей келе, «Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту» қажеттігін айтқан.

Жириновкийдің мәлімдемесіне наразы болған Астана мен Алматы  белсенділері өз қарсылықтарын білдірген.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150113/330/330.html?id=26791286