АЛТЫНОРДА
Новости

«Беркуттің» бұрынғы командирі қайда қашты?

«Беркут» арнайы жасағының бұрынғы рота командирі Дмитрий Садовник. Ісі сотта қаралып жатқан «Беркуттің» бұрынғы командирі Дмитрий Садовник Ресейде жасырынып жүр деген жорамал бар.

Украинада «Беркут» арнайы жасағының бұрынғы рота командирі Дмитрий Садовникке қатысты істен шу шықты. Садовникке өткен қыста Майдан белсенділерін «өлтірді» деген айып тағылған еді. Үш апта бұрын сот Садовникті түрмеден шығарып, үйқамаққа отырғызу туралы үкім шығарған.

Бірақ өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілуі мүмкін Садовник Ресейге қашып кеткен тәрізді. Майданда опат болған азаматтардың қорғаушылары «Киев пен Мәскеу «Беркут» жасағының бұрынғы командирін босату туралы құпия келісім жасасқан болуы мүмкін» деп болжайды. Олардың жорамалына қарағанда, «бұл құпия мәміле Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу туралы Минск келісімдерінің бір бөлігі болуы ғажап емес».

«МАЙДАНШЫЛАР КЕК АЛУЫ МҮМКІН»

Қазанның 3-і күні Киевтің апелляциялық соты Дмитрий Садовникті уақытша қамау абақтысына жіберуді талап еткен бас прокуратура мен Майданда қаза тапқан адамдардың туыстарының шағымын тағы бір мәрте қарамақ болған еді. Бірақ «Беркут» арнайы ротасының бұрынғы командирі сот отырысына келмеді.

Сол күні таңертең электронды білезігін шешіп, қашып кеткен. Украинаның бас прокуратурасы оған іздеу жариялады. Прокуратураның тергеу басқармасы жетекшісі Сергей Горбатюктің айтуынша, оның қашуына қатысты қызметтік тексеру басталған.

"Беркут" ісі қаралып жатқан сот алдындағы акция. Киев. (Көрнекі сурет)«Беркут» ісі қаралып жатқан сот алдындағы акция. Киев. (Көрнекі сурет)

«Үйқамақта отырған Садовникті күзеткен милиция қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды. Бірақ осының бәріне ең басты айыпты адам – сот. Айыпталушы үйден таңғы сағат жетіден кейін қашып отыр, б9л кезде милиционерлердің оны тоқтатуға құқылары болмаған. Сот оған сондай құқық берген.

Садовникке қатысты істің әр отырысына милиция автобусымен қолдау тобы келіп отырған, олар әртүрлі арандатушылық әрекеттер жасап, содан кейін жұптарын жазбастан қайтып кететін. Соған қарап біраз ой түюге болады» дейді Горбатюк.

Қыркүйектің 19-ы күні Киевтің Печерский сотының судьясы Светлана Волкова аса ауыр қылмыс жасады деп, айыпталушының үш баласы бар, мінездемесі де жақсы екенін ескеріп, үйқамақ уақытын түнгі он бірден таңғы жетіге дейін ғана белгілеген. Осы шешімі үшін судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Садовникке қатысты істің әр отырысына милиция автобусымен қолдау тобы келіп отырған, олар әртүрлі арандатушылық әрекеттер жасап, содан кейін жұптарын жазбастан қайтып кететін. Соған қарап біраз ой түюге болады.

Садовникті сотқа берушілер судья да, «Беркуттің» бұрынғы командирі де жазаланбайды деп алаңдайды. Милиция Садовникті іздестіріп жатқанда, оның достары мен қызметтестері «айыпталушының алдында қашу немесе уақытша абақтыда өлу» деген екі жол ғана болғанын айтты. Ал Садовниктің қорғаушысы Сергей Вилков оны «өш алуды мақсат еткен майданшылар ұрлап кетуі мүмкін» дейді.

Вилков «Бұлтартпау шарасын өзгерткен соң Дмитрий Николаевичтің тергеуден жалтаруға мүмкіндігі болды, бірақ ол ешқайда кетпеді. Қорғауымдағы адамға қоқан-лоқы жасағандар аз емес. Сондықтан мен ең сұмдық жағдайдан – оны ұрлап апарып, жеке жазаға тартудан қауіптеніп отырмын. Ол өздігінен қашып кетуі мүмкін емес» дейді.

Ал Майданда қаза тапқан белсенділердің туыстарының мүддесін қорғап жүрген адвокат Павел Дикань Садовниктің ұрланғанына күмән келтіреді. Ол «Донбастағы шиеленісті шешу үшін Киев Кремльмен құпия келісім жасауы мүмкін» деген жорамал айтады.

«ӘДЕЙІ ҚАШЫРЫП ЖІБЕРДІ»

«Оны ұрлап кетті дегенге сенбеймін. Ұрлағаннан не түседі? Сот процесін созуға тырысқанына қарамастан, ол бәрібір сотталар еді. Судья Светлана Волкованың оны үйқамаққа шығару туалы шешім қабылдауына менің ойынша көлденең біреулер ықпал еткен. Судьялар өз алдына бұндай шешім шығара алмайды. Оған кімнің ықпал жасауы мүмкін? Бізде бірнеше құзыретті мекемелер мен саяси басшылық бар, сондықтан осының бәрі Минск келісімшартындағы құпия хаттамада айтылуы мүмкін деп ойлаймын. Оған сенгім келмес еді, бірақ айқын дәлел – Садовникті қорғау үшін сотқа милиция қызметкерлері келіп отырды. Олар ішкі істер министрлігінің (ІІМ) пәрменінсіз келуі мүмкін емес» дейді Дикань.

Сот процесіне келсек, ол енді қиындай түседі. Садовниктің бұйрықтары мен әрекеттері, наразылық шеруіне оқ атуы жайлы көптеген деректер жиналған еді.

Оның айтуынша, бұл іске министрліктегі жоғары лауазым иелері болмаса да, әлі де қызметінен кетпеген орынбасарлар араласуы мүмкін.

«Садовниктің Ресейдегі саяси режим ауыспай тұрып онда қашуы мүмкін емес. Ал ол тек Ресейге ғана кете алады. Сот процесіне келсек, ол енді қиындай түседі. Садовниктің бұйрықтары мен әрекеттері, наразылық шеруіне оқ атуы жайлы көптеген деректер жиналған еді» дейді ол.

Павел Дикань «Дмитрий Садовник Ресей  аумағында жасырынып жүр» деп ойлайды. Ал ол қатыспаса, сот процесі тығырыққа тіреледі.

Қазір уақытша қамау абақтысында бұрынғы рота командиріне бағынышты болған «Беркуттің» екі өкілі – Павел Аброськин мен Сергей Зинченко отыр. Бірақ Садовник табылмаса, Майданда опат болғандар жайлы іс нәтиже беруі екіталай. Садовник қашпай тұрғанның өзінде прокуратура мүшелері майданшылар ісіне қатысты айғақтардың жойылғанын, нақты дәлел ұсынудың қиын екенін айтқан еді.

Украинаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, 2014 жылы ақпанның 18-і мен 20-сы аралығында Майданның қасындағы Институтский көшесінде мергендер кем дегенде 75 оппозиция белсендісін атып өлтірген. Осы қайғылы оқиғаға қатысы бар ІІМ мен қауіпсіздік қызметінің көптеген жетекшілері қазір Ресей Федерациясы аумағында бой тасалап жүр.

Жақында Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) төрт бұрынғы украиналық жоғары лауазымды шенеунікті ұстағандарын айтқан еді. Олар Майдандағы шерушілерді жаппай атуға қатысы бар күдіктілер саналады. Бірақ Украинаның бас прокуратурасы СБУ-дің бұрынғы офицерлері тұтқындалғаны туралы ештеңе білмейтіндерін мәлімдеді.

(Владимир Ивахненконың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)  

http://www.azattyq.org/content/ukraine_russia_berkut/26624134.html