Астана. 14-қараша. Baq.kz – Үндістан-Пәкстан арқылы арқылы Түркияға барған қазақтардың биыл сол жаққа ат басын бұрғанына аттай 60 жыл толды. Соңғы көшті Қалибек Хакім бастап, 1954 жылы Түркия жеріне табандары тиген еді. 1952 жылмен 1954 жылдың арасында Үндістан мен Пәкстанда өмір сүрген 1850 қазақтың барлығы Түркияға қоныс аударды. Түркия қазақтарының осылайша Үндістан мен Пәкстаннан түрік еліне қоныс аударуы көпшілікке белгілі жәйт. Бірақ олардын Шынжаңнан Үндістанға қалай келгенін көп адам біле бермейді. Тіпті Түркия қазақтарының өзі бұл тұрғыда қате түсінікке ие. Көпшілік қазақтардың бір мезгілде, бір адамның жетекшілігінде Үндістанға қоныс аударғанын ойлайды. Шынтуайтында қазақтар екі кезеңде алты жетекшінің басқаруында Үндістанға келіп орналасқан – дейді тарихшы Әбдіуақап Қара.
1960-1980 жылдары кейбір қазақтар несібе іздеп Еуропа елдеріне қоныс аударды. Өйткені 1960 жылы Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі жасалған еді. Осы келісіммен, жұмысшы қолы жетпеген Еуропалық елдер Түркиядан жұмысшы ала бастады. Көптеген түрікпен бірге қазақтар да Еуропа елдеріне кетіп қалды. Сөйтіп Еуропа елдерінде қазақ диаспорасы қалыптаса бастады. Сол буынның бірі Берлин қазақ ассоциациясының төрағасы Бешеритхан Малабакан еді.
Бешеритхан Малабакан
Беширитхан Малабакан: Менің аты-жөнім Беширитхан Малабакан. Тегім Малбаққан. Түріктер тілі келмей, Малабакан деп жазыпты. 1971 жылы Стамбұлда дүниеге келдім. 16 жасымда Стамбұлдан Германияға көштім содан бастап тұрып келе жатырмын. Германияның Вупперталь қаласындағы университетке түстім. Мамандығым экономист. Қазір қазір информатика саласында жұмыс істеп жүрмін. Берлин қаласындамын. Мен Германияға алғашында келгенімде Кельн қаласында тұрдым. Кельннің маңында Бефафурд деген кішкентай қалашық бар сол жерде біраз тұрақтадым. Сосын Берлинге келдім. Берлинге келгелі міне 13 жылдың жүзі болды.
Тілші: Сол Берлинде өзіңіз араласып жүрген қанша қазақ отбасы бар?
Беширитхан Малабакан: Берлинде бізде қазақ қоғамы бар және сол қоғамда 18 отбасы мүше ал қаланың өзінде 25 отбасыдай тұрады.
Тілші: Жалпы адам саны қанша?
Беширитхан Малабакан: Бізде енді 100 шақты қазақ бар. Еуропада өтіп тұратын Құрылтайлар Германияда болсын, басқа қалаларда болсын қалмауға тырысамыз. Ең соңғы құрылтайды біз Берлинде өткіздік. Мен өзім сол қазақ қоғамының басшысымын. 2004 жылы мамырда Берлинде кіші құрылтайды өткіздік. Құрылтайға Германияның ішінде Мюнхен, Гамбургтен қатысқандар болды. Ал одан кейін бізде «FEKA» деген бар. Қазір осы федерацияға 10 қоғам мүше. Еуропаның Англия, Германия, Швеция, Австриядан қатысқандар болды. Құрылтайда бәрі рахметін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Тілші: Берлинге қазір Түркиядан барушылар көп пе? Білім , жұмыс іздеп барғандардың саны қанша пайызды құрап отыр?
Беширитхан Малабакан: Түркиядан келіп жатқан қазақтар жоқ. Тек келушілер түріктер ғана. Сол Берлинде тұрып жатқан түріктердің саны 400 мыңдай. Берлинде 4 миллионнан астам халық тұрады.
Тілші: Тіл мәселесі қашанда өзекті емес пе? Қаншалықты ана тілімізде сөйлесесіздер?
Беширитхан Малабакан: Отбасымызда 80 пайыз неміс тілінде сөйлесеміз. Ал енді балалар түрік тілінде сөйлейді және түсінеді. Қазақшаны түсінеді бірақ қиындығы сол сөйлей алмайды. 3 тілді алып қарағанда біз немісше көп сөйлесеміз.
Тілші: Отбасында неліктен қазақша сөйлеспейсіздер? Қандай себеп бар?
Беширитхан Малабакан: Барынша сөйлесеміз. Бірақ балалар жергілікті жердің заңына бағынады. Өйткені барлық жерде немісше сөйлесеміз. Ортамызда ұлтжанды жастар бар. Елге келіп жұмыс істегісі келеді. Қазақшаны жақсы білетін жастар мейлінше Қазақстанға қарай көшіп жатыр. Олардың бар айтары Қазақстанға барсақ, бізге жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін орталық ашылғанын қалайды.
Тілші: Жастардың дінімізге деген көзқарасы қандай?
Беширитхан Малабакан: Ата-бабамыздан келе жатқан асыл дінімізді жастар мейлінше толық ұстанады. Олар тілімізді түсінбесе де, дінді жақсы ұстанады. Діннің шарттарын толық орындауға тырысады. Жұма намаздарына міндетті түрде барамыз. Жұбайым қазақ. Егіз балаларым бар. Хан мен Жан. Қазір 11 жаста.
Тілші: Болашақта атамекенге оралу ойда бар ма?
Беширитхан Малабакан: Ойда бар, жастарда Қазақстан жайлы жиі айтады. Қазақстан бізге экомикалық жағынан көмек берсе, жұмыс жағынан зәрулік көрмесек дейміз. Астанаға осы жолы тұңғыш келуім. Әуежайдан түсіп жан-жағыма қарап біраз таңқалғанымды жасыра алмаймын. Өйткені шеттегідей емес, мұнда қазақтарды көріп қуанасың. Ханшатырға барғанда да қонақжай ниет білдіріп, сый құрметтерін көрсетті. Өте қатты қуандым. Өзімнің бауырларымды көрген кезде еңсем көтеріліп бір марқайып қалдым.
Тілші: Дастарханыңызда қаншалықты қазақтың ұлттық тағамы жиі болады?
Беширитхан Малабакан: Біздің үйде әрқашан қазақтың еті және палау пісіреміз. Тойлар да құрылтайларда да қазақтың дастарханы болады. Жиын-тойларда қазақтармен кездесіп әңгімелесіп көңіл көтереміз.
Тілші: Бірер күн бұрын Елбасымыз Қазақстан Халқына дәстүрлі Жолдауын арнаған еді. Қаншалықты хабардарсыздар?
Беширитхан Малабакан: Жолдау Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан жақсы көрсетіліпті. Сайттардан да қарап шықтым. Мәтіні біз секілді сырттағы ағайынға арналып, аударылса дейміз. Өйткені кирилл әріптерін оқи алмайтын да жастар бар. Түркияда туып-өскен біздерге бұл жағы сәл қиындау. Елбасы өз Жолдауында 2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз деді. Бұл әрине қуанышты жайт. Келер жылы осындай үлкен мерекелерге келіп, атсалыссақ дейміз.
Тілші: Әңгімеңізге рахмет.
http://baq.kz/kk/diaspora/1171