АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БИДАЙДЫ ҚАР АСТЫНДА ҚАЛДЫРҒАНДАР – ҚЫЛМЫСКЕР!

Атқамінерлер қанша жерден қымбатшылыққа жол бермейміз деп ант-су ішсе де, күн өткен сайын қымбатшылық қараша халықты қысып барады. Әрине төл теңге құнсызданып, ал доллардың құны көтерілген сәтте қымбатшылыққа жол бермеу әсте мүмкін емес. Алайда, халық күнде тұтынатын нанның қымбаттауы, қалай болған күннің өзінде, ақылға сыймайды. Өйткені, нанға қажетті бидай өзіміздің елде егіліп, өндіріледі емес пе? Өзіміздің ел демекші, қазіргі таңда мыңдаған гектарға егілген бидай қар астында қалып отыр. Мұның обал-сауабы кімнің мойнында?

Алайда, жаңа жылдан бастап қарапайым халық тұтынатын әлеуметтік нанның бағасы қымбаттайтын болды. Бұл туралы өткен аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев мәлімдеді. Оның айтуынша нанның құрамындағы бидайдың өзіндік құны 30 пайыздан көп емес. Сондықтан да нанның бағасын тұрақты ұстап тұру мүмкін емес.

Біз бұл мәселені үнемі шаруалардың есебінен немесе бюджеттік субсидия арқылы шешіп отырдық. Енді алдағы жылдан бастап нанның бағасын нарық өзі реттейді. Әрине, әр қалдағы баға әртүрлі. Меніңше, бәсекелестік көп болса, тіпті баға төмендеуі де мүмкін. Егер кәсіпкерлерге кедергі келтірмесек, нарықта кім ұтады? Ол кезде кімдікі сапалы әрі арзан сол ұтады. Сондықтан бұл салада бізді құтқаратын бәсекелестік болмақ, – дейді жауапты хатшы.

Иә, кәсіпкерлердің арасында бәсекелестіктің болғаны дұрыс. Алайда, бұл бәсекелестік алдағы уақытта наның бағасын қымбаттатпаса, арзандатпасы анық. Өйткені, бұдан былай бұл мәселе шаруалардың есебінен немесе субсидия арқылы шешілмейтін болады. Сол себепті нанның бағасын кәсіпкерлер бұрынғыдай 50 теңгеден ұстап тұра алмайды. Себебі қазірдің өзінде Астанада бір бөлке нан 65 теңгеден сатылып жатыр. Ал, жаңа жылдан кейін бір бөлке нанның бағасы 100 теңге, тіпті оданда жоғары болса таңғалмаңыз. Ал Арман Қайратұлының бәсекелестік көп болса, баға төмендеуі мүмкін деген сөзі қараша халықты алдарқату болса керек. Өйткені, кәсіпкерлерге нанның бағасын 50-60 теңгеде ұстап тұру тиімсіз. Оның үстіне бұған дейін олар Үкіметтің қадағалауымен нанның бағасын амалсыздан бірқалыпты ұстап отырған болатын. Ал нанның бағасын еркін айналымға жібергеннен кейін кәсіпкерлер ойына келгенін жасап, бағаны көтеріп тастауы әбден мүмкін.

Соған қарамастан Арман Қайратұлы Үкімет кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуі қажет деген пікірде. Үлгі ретінде ол Еуропаны мысалға алып отыр. Аталған елдерде нанның түр-түрі өндіріледі. Ал біз бидай өндіру бойынша әлемде жетінші орын алсақ та, кәрі құрлықтағыдай әртүрлі нан өндіріп жатқанымыз шамалы. Біздің атқамінерлердің үлгі ретінде Еуропаны алуы құптарлық жағдай. Алайда Еуропа шенеуніктері мен біздің әкім-қаралардың іс-әрекеті бір-біріне қарама-қайшы. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында жүздеген гектарға егілген бидай қар астында қалған. Бұл туралы бейнероликті әлеуметтік желіде белгілі блогер Сырым Әбдірахманов жариялады. Ол облыс әкімдері мен ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің «биыл бидай қар астында қалмайды» деген уәдені еске салды. Сондай-ақ, КТК телеарнасы Қостанай облысы, Сарыкөл ауданында жүздеген гектар бидай қар астында қалғанын мәлімдеді. Егер еуропада шенеуніктері мемлекетке дәл осындай шығын әкелсе, ол міндетті түрде жазаланады немесе өз еркімен қызметтен кетеді. Ал біздің елде қол астындағы қызметкері парамен ұсталып жатса да, өз орнында отыра береді. Міне, Еуропа!

Жоғарыдағы келеңсіздік бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған ақпарат қана. Ал журналистердің назарынан тыс қалған егістіктер қаншама? Өкінішке қарай, соңғы жылдары бидайдың қардың астында қалуы дәстүрге айналып барады. Сондықтан да, келер жылы дәл осындай жағдай қайталанбайды деп ешкімде уәде бере алмайды. Ал бұған дейін яғни 1990 жылдары бидайдың қар астында қалуы болып па еді? Марат Уатханның айтуынша бидайдың ысырап болуы жерді жекеменшікке сатуға рұқсат бергеннен кейін пайда болған.

Еліміздің агро саласында қордаланған кешенді мәселелер шаш етектен. Оның айқын бір дәлелі жыл сайын мыңдаған гектар бидайдың қар астында қалатындығы болып отыр. Менің ойымша, жыл сайын бидайдың ысырап болуы жерді жекеменшікке сатуға рұқсат бергеннен кейін пайда болды. Өйткені, осы жекешелендірудің салдарынан мыңдаған гектар жер жеке бір адамның меншігіне өтіп кетті. Соның салдарынан шаруашылықпен нақты айналысатын шаруалар құр алақан қалды. Оның үстіне біздің елде қаржы-несиелік жүйе откатка яғни, жемқорлыққа белшесінен батып кеткен. Шаруа осы сияқты қат-қабат шырмауықты шешем деп дал болып жүргенде, егістікті қар баспағанда қайтеді?Бидайдың қардың астында қалуы, айналып келгенде биліктің қылмысы. Сондықтан да билік тез арада Жер қатынастарын қайта реттеу керек, дейді Марат Уатхан.

Иә, Үкіметтің жерді жеке меншікке сатуы туралы шешімі барлық келеңсіздіктің бастауы болды. Мәселен, заң бойынша әр бір азамат жеке тұрғын-үй салу үшін 10 сотық жер алуға құқылы. Алайда, аталған заңның шарапатын сезініп жатқан азаматтар аз. Осының салдарынан мыңдаған қазақ баспанасыз жүр. Қаншама егістік жерлер жекенің қолына өтіп, есепсіз пайдаланылуда. Соның салдарынан бидайдың қардың астында қалуына да жол беріліп отыр. Бұған кінәлілер анықталып мемлекет алдында, халық алдында қатаң жазаға тартылуы керек. Қажет болған жағдайда қылмыстық іс қозғау да артық болмайды. Қаржы дағдарысы қос бүйірден қысқан мына қыйын-қыстау заманда алтын дәнді далада шіріткендердің бұл ісі қылмыс емей немене?!

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

«Қамшы» сілтейді

Астана