АЛТЫНОРДА
Новости

Билер тек қана сот болған ба?

Билер тек қана сот болған ба?Астана қаласында алғаш тұр­ғызылған ескерткіштің бірі Бей­біт­шілік көшесі мен Омаров көше­лерінің қиылысындағы, сол кездегі Жоғарғы сот ғимаратының оң қапталына орнатылған үш бидің тұлғасы еді. Оған мұрындық болған сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев екенін бі­реу біліп, біреулердің білмеуі де мүмкін.

– Қызық болғанда мен осы ескерт­кіш­тен айырылып қала жаздағаным бар, – деп еске алатыны бар ағамыздың. Ол Қарағанды қаласында құйылып, да­йын болғаннан кейін, қойылатын орны Парламентте қызу талқыға түсті. «Билер заң шығарудың басында тұрған тұлғалар. Сондықтан олардың ескерткіші де Пар­ламент ғимаратының алдында тұруы керек», деп депутаттар отырып алмасы болар ма?! Әрине, олардың да сөздерінің жаны бар, алайда, билердің ең алымен соттың рөлін атқарғаны рас қой. Осы­ны мықтап дәлелдеуге тура келді. Ақы­ры әрі ырғасып, бері ырғасып, бұл ес­керт­кіш Жоғарғы сот пен Парламент ғима­ратының ортасына осы қазіргі тұрған орнына орнатылатын болып шешілген еді.

Бұл жерде депутаттардың да, сот өкі­лінің де уәждерін жоққа шығара алмай­сыз. Қазақ билерінің қызметіне осы екі міндеттің де кіргені рас. Одан да гөрі таратып айтар болсақ, тек бұл екеуі ғана емес, олардың қызметі сан-сала­лы болған.

Билердің, ең алдымен әділ шешім шы­ғарумен аты шығып, сол арқылы атағы аспандайтыны өтірік емес. Қазақ даласында олар тағайындалмаған да, сайланбаған да. Өзінің білгірлігімен, біліктілігімен, даналығымен аты шығып, аты ауызға ілігіп, халықтың ойынан шыққан.

Алайда, ол оңайға түспеген. Олар халық арасында тек жеке қасиеттерімен ғана танылып қоймай, бірнеше сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өту керек болған, деп жазады қазақ заң ғылымының атасы, академик Салық Зиманов. Далада әділеттің ақ туын жел­бі­реткен билерге табиғат берген қасиет­терден басқа қызыл тілге келгенде еш­кімге дес бермейтін шешендік, дала­ның даналығы мен кемел ақыл, пара­сат, сондай-ақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» сияқты дала ережелерінен құралатын заңдарды жетік білу сияқты биік талаптар қойылған. Олар осы үдеден шығып барып, бұқара­ның сеніміне ие болған.

Қазақтың салт-дәстүрі мен тілін жақсы білетін орыс ғалымы А.Алекторов сот әділдігінің ежелгі дәстүрлерін сақ­таған билер дала демократиясын жүзе­ге асырып отырғандығын айта келіп: «Істі қарастыру кезінде би және ақсақал дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды, – деп таңдана жазады. Ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған».

Міне осының қазіргі сот процесінің қалыптасқан классикалық үлгісінен несі кем. Бұл арада «шешім міндетті түрде орындалған» деген сөзге ерекше назар аудартқым келеді. Ал қазіргі сот­тардың ең осал тұсы осындай шешім­дерінің толық орындалмауын­да жатыр. Қазіргі кейбір талдау құжат­тарына қарасақ, кейбір өңірлерде ондай шешімдердің орындалуы 50 пайызға да жетпейтінін ескерсек, билер сотының ерекше биік беделіне таңғалмасқа амалыңыз жоқ. Бұл ретте атақты Шоқан Уәлиханов: «Би­лердің беделі Еуропадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздері­нің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған. Шекспир мен Гетенің ақындық ұлылығы үкімет декреттерінен тумаған. Өздерінің дарындылығынан туған. Билердің де беделі солай қалып­тасқан», – дейді.

Этнограф-ғалымның одан әрі келтір­ген мысалы тіпті қызғылықты. «Орыс та­лапкері немесе жауапкері көптеген жағ­­дайда орыстың тергеу орнынан гөрі би­дің сотын артық көреді, – дейді ол. – Нақ­ты дерек бойынша, биылғы жаз­­да Көкшетауда осындай ондаған іс қаралды».

Сонау Рим правосынан бастау алатын Еуропа соты ережелерімен сусындаған орыс империясы судьяларынан қазақ билерінің бәс таластырмақ түгілі, бұқара үшін артық болып тұрғанын Шоқан тапжылтпайтын мысалдармен дәлелдеп тұрған жоқ па?!

Билер соты: «Орыстың қырық жыл­дық ықпалына қарамастан жүз жылғы, бәлкім бізге дейінгі мың жыл бұрынғы қал­пын сақтап қалған, – деп тамсана жаза­ды ол. – Халықтың ішкі даму күші де, орыс мекемелері мен заңдары да оның ежелгі, қарапайым үлгісін өзгерте алмады».

Қазірде жұрт билерді тек қана судья­лар­дың орнына қоюға бейім. Әрине, бұл да шындықтың ауылынан алыс емес. Алайда, сол кездегі билердің мін­деті сан салалы болғаны анық. Мұны С.Зиманов бастаған заң ғылымдары майталмандарының еңбектерінен анық аңғарасыз. «Би, ең алдымен, – сот (судья), деп жазады Салық Зиманов. Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халық тари­­хына байланысты. Сол себепті ол бе­делді, дәстүрлі билік қатарында болды».

Бұл жерде ғалым халық тарихын бекер ауызға алып отырған жоқ. Қазақтың әдеттік-құқықтық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасып, ұлт тарихымен қоса жасасып келе жатқан құбылыс. Бір жағынан алғанда, оның консервативтік сипаты, екінші жағынан көшпелі өркениет ағы­мында әркез қозғалыста, даму үстінде болған. Осындай өзгерісті қозғалыс ба­­р­ы­сында би қазақтың құқықтық дә­с­түр­лерінің сақтаушысы ретінде көрі­ніс тапқан, дейді ғалым. Бұл оның кәсіп­тік қызметінің міндетті қыры болып табылады. «Сонымен қатар, би – Ұлы да­ла құқығын еркін талқылаушы, әрі оның нормаларын қоғам өзгеруіне сай қолданушы», деп академик ағамыз бидің тұлғасын одан әрі аша түседі.

Анықтап қарап, байыптап көз жіберсек одан тек қана сот емес, про­­ку­рор­дың да тұлғасын аңғару қиын емес. Әсі­ресе, биге «құқықтық дәс­түр­лерді сақтаушы» деп сипаттама беруі оларды прокурорлық қадағалау қыз­метіне тіпті жақындата түседі. Яғ­ни, олар дала ережелерінің сақталуы мен мүл­тіксіз орындалуын қадағалап отырған.

Иә, шындық пен әділдікке жету қазақ құқығының, оған негізделген билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі, түпкі мақсаты саналғаны ақиқат нәрсе. «Тура биден туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас и», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік», «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас», «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деген сол-кезде туған мақал-мәтелдер мен «ана би былай деп айтыпты» деген аңыз әңгімелердің бәрі де би шешімдерінің әділдігін ғана дәріптейді, соны мақсат тұтады.

Егер билер соты «айттым бітті, кестім үзілді» деген бір-ақ тараптан, дара пікірден тұрса мұндай әділдіктің болуы, әрине, мүмкін емес. Ендеше, би­лер сотында қазіргі сот процесіне қаты­су­­шылардың, яғни сот, прокуратура, адвокатура элементтерінің бәрі де болғаны даусыз. Билер осы функция­лардың бәрін атқарып отырған. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төре­құловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, ми­ли­ция­ның да, қаншама мекеме, ұйым бас­шы­ларының да қызметін атқарып кел­ген ғой», деген сөзі шырайы келген шындық.

Билер сотындағы әділдікке жетудің үлкен бір жолы сайысушылық процесі болды. Яғни, шындыққа жету жолында сөз таластыру. Қазақ даласында сөз білгіріне айрықша мән берілгені сондай, тіпті биді көбіне шешендігіне қарай бағалайтын болған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «От тілді, орақ ауызды» деген мәтелдер сол кезде туса керек.

Алайда, сөз сайысында билер қызыл тілдің қыздырмасына бой алдырып, бет­алды сөйлей бермеген. Олар сөздің дәмінен, мәселенің мәнінен ешуақытта айырылмаған. Дала заңдылығының қайнар көзі ұлттық салт-дәстүрлер десек, осыған сай заң нормаларына сү­йен­ген билер көркем сөзбен, кес­телі оймен қаралып отырған дау-дамайды рет-ретімен тар­қа­тып беріп отырған ғой. Яғни, қазіргі сот процесінде прокурордың білімділігі мен біліктілігі қандай қажет болса, онда да билер сондай рөл атқарған.

«Билер соты қазақ халқының салт-дәстүрлерінен бастау алады, – деп жазады А.Крахалев деген ғалым. – Оның көне түрі мынадай. Жұртшылықтың сый-құрметіне ие болған адам ғана би атанған. Бұл ретте қазақтардың талабы аса жоғары болды: жұртшылықтың көз алдында жеңіске жету үшін ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әріден жеткен әңгімелерді жетік біліп, жиналған көпшілік қауымның алдында ауызша шешім шығару үшін жүргізіліп отырған істің бүкіл ауқымын бүге-шігесіне дейін түгел біліп отыруы керек».

Қазіргі сот ісіне қатысып отырған прокурорға да қойылатын талап та дәл осындай. Осы арада: «Айбатпен сотқа кірген прокурордай», деген Біржан салдың әні еріксіз еске түседі.

Билердің сотта прокурор қызметімен қоса, оның алдында тергеу амалдарымен айналысқанын олар туралы аңыз-әңгімелерден анық аңғаруға болады. Бір мысал. Бірде Әйтеке биге «Мынау аңда жүргенімізде атымды орға жығып, соққан түлкімді де бермей кетті», деп бір адам шағым айтып келеді. Істің бүге-шігесін әбден зерттеген би оларды шақырып алып өз үкімін айтады:

– Сенің мінген атыңның оң жақ көзі соқыр екен. Жүргенде ылғи оң жағымен қарағыштап, жолдың сол жағындағы шөпті жұлып жеп отырыпты. Демек, орға көрмейтін жағымен өзі құлаған. Түлкі де сенікі емес. Сен сайдың оң жағынан келіп қосылыпсың. Ал түлкіні жыққан оқ сол жақтан бүйірден қадалған.

Дәлелді сөзге дау айта алмаған әлгі жігіт кінәсін мойындап, жазықсыз жала жапқаны үшін ат-шапан айыбын тартыпты.

Біздің қазіргі мемлекеттік құқығы­мыз­ға сонау көне Рим құқығынан бас­тау алатын Еуропа заңдары негіз болып отырғаны жасырын емес. Енді оларды ізгілендіреміз деп әуреге түсіп жатқан жайымыз бар.

Академик С.Зиманов айтқандай, қазақ құқығында өлім жазасы, түрмелер мен зындандар болған жоқ, бас бос­тандығынан айыру, денеге зақым келтіру түрлері, қылмыстық жазалар түрлері де болмады. Барлық дау-дамайлар аза­мат­тық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, мас­қаралайтын, бітімгершілік және өзге де азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Жетімін жылатпады, жесірін қалдырмады. Бұдан артық қандай ізгіліктік керек?!

Алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын алаш жұрты болып атап өткелі отырмыз. Ал қазақ мемлекеттілігі одан да әрі жатыр. Ендеше, оның үлкен бір саласы мемлекеттік құқықтың қа­лып­тасуы жайы десек, бұл мақаланы соған бойлаудың бір талпынысы деп қабылдаған жөн.

egemen.kz

Автор: Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, заңгер-журналист

Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/biler-tek-kana-sot-bolgan-ba-62718/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі