– Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер, оның ішінде соттардың жүктемесін жеңілдету мақсатында дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамыту бойынша міндеттер қойды, – деп еске салды жиынды жүргізген Жоғарғы палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай. – Осыған байланысты бүгін нотариустың жаңа функциясын – медиатор функцияларын енгізу жөніндегі мәселелерді қарау ұсынылады. Егер нотариаттық әрекет жасаған кезде дау туса, нотариус медиация рәсімі шегінде тараптарға дауды реттеуде көмек көрсете алады.
С.Ақылбай бұл қадамның нотариустардың өкілеттіктерін кеңейтетіндігін нықтады. Әйтпесе әзірге олар құжаттың көшірмесін жасап, оны растап беретін кеңсе рөлін ғана атқаруда. «Осының нәтижесінде ол енді тараптарға өзара қарым-қатынастарындағы даулы жайттарды жоюға жәрдемдеседі және бірыңғай, өзара тиімді келісімді ұсынады» деп түсіндірді сенатор.
Әйткенмен әзірге баз бір нотариустар дауласқандарды бітістірушіге емес, қайта жауластырушыға айналуда. Оның нақты мысалын жиынға шақырылған Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Ж.Архарова айтып берді.
– Мәселен, Жоғарғы соттың қадағалаушы алқасының 2012 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен мемлекеттік мекемелердің бірінің «нотариустың келісім көшірмесінің растығын куәландыру бойынша әрекетін қате деп тану» туралы шағымы бойынша сот актілерінің күші жойылып, қайта қарауға жіберілді, – деп хабарлады Жаңылсын Архарова. – Сот сонда мынаны анықтаған: нотариус, нотариаттық әрекеттерді жүзеге асыру ережелерінің талабын бұза отырып, нөмірленбеген, бауланбаған және тиісті дәрежеде бекітілмеген келісімнің көшірмесін куәландырған. Ол келісімде тек бір тараптың – бір фирманың ғана мөрі қойылған екен. Сәйкесінше, екінші фирманың қолы мен мөрі болмаған. Соған қарамастан нотариус ол құжатты растап, заңдастырған.
Басқа іс бойынша «нотариустың мәмілені куәландыру кезінде жіберген жөнсіздіктері сатушы мен сатып алушы арасында машинаның құнының төленген-төленбегендігіне қатысты даудың тууына әкеп соқтырыпты»! «Нотариус тараптардың келісім мәтінін құру барысында оларға білікті заңгерлік көмек көрсету, дәлсіздіктерді жою жөніндегі өзіне заң жүктеген міндетін орындамаған. Осының барлығы ақыры ұзаққа созылған сот ісіне алып келді және ол іс Жоғарғы соттың қадағалау алқасына дейін жетті» деді Жоғарғы сот судьясы.
Жаңылсын Баянқызы тіпті бір келісімнің көшірмесін өзімен бірге ала келіпті. «Бұл істі өткен аптада ғана қарадық. Бұл – нотариус растаған заем келісімі. 1-тармақта: «Қарызға алынатын қаржыларды заемшы осы келісімге қол қойғанша алды» деп жазылған. Ал 4-тармақта былай дейді: «Келісім қол қою және көрсетілген 2 миллион теңге сомасындағы заемды алу мезетінде орындалды деп саналады». Біз, кәсіби заңгерлер сол ақшаны алған, әлде алмағандығын түсіне алмаймыз. Ендеше, келісімнің мұндай қателігін мәміле бойынша дауласуға пайдаланып кетпеу – «күнә» емес пе?» дейді судья.
Әдетте сатып алушы келісім бекітілмей тұрып, ақшаны бермеуге тырысады. Бұл – сақтық шарасы. Алайда әлгіндей дейтін, яғни екінші жақты «ақшаны алдым» деп көндіретін келісімге қол қойылған соң, сатып алушыға оны бермей қоюына ешкім кедергі емес. Демек, нотариус дәл қол қойылар алдында екі жаққа есептесуді ұсынуы керек еді. Кейбір білікті нотариустар тіпті берілетін ақшаның жалған еместігін тексеретін құрылғыны да ұсынады.
Жиында тағы бір мәселе қаузалды. Аты «жер жарған» білікті заңгер-нотариустар қаптатып, кеңсе ашады. Бірақ соның бәрінде өзі отыруға, әрине, физиологиялық тұрғыдан мүмкіндігі болмайды. Мұндайда олар көмекші жалдайды. Осылайша әлгінің дардай атағына малданып барған клиенттер оның көмекшісіне жолығады. Бұлардың кейбірі тіпті әлгі тәжірибелі нотариустың мөрін, факсимиле-қолын және бланктерін пайдалана отырып, іс жүзінде соның атынан нотариаттық әрекеттер жасайтын көрінеді. «Бір нотариус өзінің тармақталған нүктелерінде бірнеше көмекші ұстайтын жағдайлар бар, – дейді Серік Ақылбай. – Сондықтан ол көмекшілерінің әрекеттері мен кеңестерінің заңдылығын, кепілдігін арттыру мақсатында оларда заң білімінің болуы мен аттестациялаудан өтуін талап етудің уақыты жетті. Шындығында, бүгінде нотариустың көмекші-сі – нотариаттық процестің негізгі қатысушыларының бірі. Сол себепті оның рөлі мен мәртебесін жоғарылату, жұмысын ынталандырып, жауапкершілік белгілеу қажет».
Бұл пікірмен Әділет министрі Берік Имашев келісті. «Нотариат туралы заңнама жетілдіруді қажет етеді. Соның ішінде нотариустың көмекшісінің мәртебесі, міндеттемесіне қатысты проблема да реттелуі керек. Мен толық келісемін, стажерлардың да, көмекшілердің де өз әрекетінде нотариаттық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыруға тиіспіз. Тәжірибелі нотариустар көмекшілерді неге байланысты тартады? Себебі жұмыс ауқымы артуда. Бұл бізді қуантуға тиісті. Бұл нотариустар қызметінің қанат жайып жатқандығын көрсетеді» деді министр.