АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БИЛІК БАСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫНЫҢ ЕРКЕЛІГІН ҚАШАНҒЫ КӨТЕРЕМІЗ?

55f90dfa6d5894_безбенАстанадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде орналасқан «Кинопарк» желісінің қызметкерін тепкілеген Қуаныш Туракелдиев ҚР премьері канцеляриінің бас инспекторы Болат Туракелдиевтің ұлы болып шықты. Бұл туралы «Қамшы» порталы  informburo.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Астанадағы «Сары Арқа» ойын-сауық орталығында орналасқан «Кинопарк» желісінде есепші қызды тепкілеген Қуаныш Туракелдиев ҚР премьерінің канцеляриінде бас инспектор болып қызмет атқаратын Болат Туракелдиевтің ұлы болып шыққан. Бұл ақпаратты ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіндегілер де растаған.

Ғаламтор желісінде белгісіз жігіттің қызметке көңілі толмағандықтан есепші қызды теуіп жіберген видеосы жарық көргені туралы осыған дейін жазған болатынбыз. Ал әлеуметтік желіде таралған бұл видео көпшіліктің ашуын туғызған. Кейін құзырлы орган қызметкерлері «каратаристтің» аты-жөнін нақтылағанда есепші қызды тепкен жігіттің 22 жастағы Қуаныш Туракелдиев екені анықталған.

Қазіргі таңда Қуаныш Туракелдиевтің әлеуметтік желілердегі барлық парақшалары өшірілгенімен, оның суретін «За тебя, Бәке» жариялаған.

Ал «Кинопарк» желісінің PR қызметкері Ерлан Бұхарбаев аталмыш инцидентке қатысты ақпарат беруден бас тартқан.

«Мен қазір денсаулығыма байланысты жұмыста емеспін. Бірақ, бүгін кешке дейін жұмысқа барамын. Кешке хабарласайықшы, сосын сөйлесерміз. Мен қазір не болып жатқанынан бейхабармын. Нақты ешнәрсе айта алмаймын қазір»,-дейді Бұхарбаев.

Ал жапа шеккен есепші қыздың денсаулығына қатысты «Кинопарк» өкілі «Еш алаңдамаңыздар, біз барлығын қадағалаймыз. Сол үшін де кешке хабарласыңыздар. Мен сіздерге нақты жауаптар беретін боламын» деген.

Алайда кешке хабарласқан informburo.kz журналистері Ерлан Бұхарбаевтан мардымды жауап ала алмаған.

Тек уәде бойынша хабарласқан журналистке «Ой, мен қазір бос емеспін, денсаулығыма байланысты демалыстамын. Ертең хабарласыңыздар дедім ғой. Болды, болды.. рахмет!»,-деп жауап қатқан Бұхарбаев мырза.

Ал «Кинопарк» желісінің өзге де қызметкерлері жапа шеккен есепші қыз сол оқиғадан кейін жұмысқа мүлде келмегенін айтады.

Түйін: Естеріңізде ме, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Алматыға келгенде «жүгенсіз кеткен шенеуніктердің балаларын» тәртіпке салуды талап еткен еді ғой. Қызметі мардымсыз құқық қорғау орындары мен бай-бағланға әлі келмейтін құзырлы орындардың қызметін іске алғысыз деп іреп салған. Солай екені өтірік емес қой. Әке-шешесінің атағы мен жоғарғы қызметіне масайрап жүрген билік басындағылардың балаларының еркелігін ел қашанғы көтерсін? Былтыр Алматы қаласында дөкей әкесіне сенген дөңбас «шумахер» шатақ қылып еді. Енді Кәрім Мәсімовтің канцеляриінің бас инспекторы баласын басымен жіберген екен. Кейбір деректерге сүйенсек, «каратист» тергеу изольяторына қамалған. Тергеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен Қазақстанда  көк қағаздың құзыреті «заңнан» да құдыретті екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан тиісті жаза тағайындалуы тиіс деп есептейміз…
Нұргелді Әбдіғаниұлы
«Қамшы» сілтейді