Соңғы жылдары мектеп оқулықтары мен бағдарламаларына жұртшылықтың қынжылыстары жиі естілетін болды. Білім және ғылым министрлігіне бірінші басшы болып тағайындалған сужаңа министрге ұсыныс-пікірлер жолданып, жағдай түзетілетін болар деп мұғалімдер қауымы да, ата-аналар да үміттерін артудан жаңылмайды-ақ. Алайда түбірлі өзгеріс болмағанына біраз уақыттан кейін жұрттың көзі жетеді.
Міне, тағы да жаңа министр келді. Бұған дейін он екі министр ауысыпты. Министр жаңарғанымен түбегейлі өзгеріс жасалады дегенге жұрт сене қоймайтыны да байқалады. Байыптап ой жүгіртсек, мектеп реформасын жасайтындар да, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жаздыратындар да министрлікте мығым отырған «білгіштер», яғни мұндағы оқу-тәрбие жұмыстарына басшылық ететіндер. Сондықтан да білім беру жүйесі оңала қоятын түрі жоқ.
Ал Білім және ғылым министрі құрылысшы, экономист секілді мамандық иелері де болды. Олар өздігінен өзгеріс жасады дегенге сене қою да қиын. Мәселен, экономист Ж.Құлекеев министр болғанда 12 жылдық оқу бағдарламасы қабылданды. Мұны жұрт Құлекеевтен көріп оны сынаумен болды. Алайда Ж.Құлекеев мектепте мұғалім болған емес. Ал бұл жаңалықты министрліктің төңірегіндегілер жасағаны күмәнсіз. Сондай-ақ қазақ мектептеріне ағылшын, орыс тілдерін өзге озық елдердегідей 5-6 сыныптан емес, 1-сыныптан бастап, тіпті балабақшадан бастап оқыту енгізілді. Бұл жаңалықты министр емес, министрлікте отырғандар енгізгені күмәнсіз. Баршаға мәлім, Елбасымыз 2020 жыл бедерінде жастардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп тапсырма берді емес пе. Ал білім берудің 2020 жылға дейінгі реформасында барлық оқу-тәрбие жұмысын мемлекеттік тілге көшіру жөнінде бағдарлама жасалған емес. Тіпті өзге ұлт өкілдерін былай қойып, қазақ балаларының 30-40 пайызы, яғни жарты миллионнан астамы әлі күнге орыс мектебінде оқиды. Бөгде тілдегі көптеген балабақшалардағы, интернаттардағы, балалар үйлеріндегі оқу-тәрбие жұмысын қазақша жүргізуге бейімдеу қарастырылған емес. Мектеп оқушыларына жаппай 1-сыныптан бастап шенеуніктерге арналған киім үлгісімен киіндіру, тіпті бастауыш мектеп оқулықтарындағы есептер, өлеңдер мен әңгімелер мазмұнын бала тұрмақ ата-анасы да ұғынбайтыны жиі айтылса да бұл жайт оңалар емес. Баланың жүйкесіне шектен тыс салмақ түскендіктен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себебі мектептегі оқу-тәрбиенің нашарлығынан екені министрліктердің басын ауыртқан емес. Мектеп оқулықтарын жекелеген мұғалімдер емес, мектеп есігін ашып көрмеген профессорларға жаздыру ережеге айналды. Сондағы сылтау мұғалімдер ғылымнан бейхабар. Ал профессорлар оқулықтарды уақыттары болмай, аспиранттар мен студенттерге жаздыратыны жайлы ақиқатты айтудан қаймықпайтын болды. Мұғалімдер даярлайтын оқу орындары экономика, заң, т.с.с. ғылымдарды оқытуға да бейімделген. Сондықтан түлектердің басым көпшілігі мұғалімдікке бара қоймайды. Оқу бағдарламаларына ұлттық психология, ұлттық педагогика емес, Америка мен Батыстың үлгілері арқау болып, жастарды қазақтың ұлттық құндылықтарынан безіндіру бел алды. Ал мұндай олқылықтарды жоюға жаңа министрдің шамасы жете қояр ма екен? Әй, қайдам?!.
Қуанбек Боқаев