Білім саласындағы реформаны қашан бір жүйеге түсіруге болады?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдарының докторы, профессор:
– Жалпы бір аңғарғаным, қай салада болмасын жаңадан келген министр өзінше жаңа бір реформа жасауға тырысады. Өзіне дейін жүргізілген реформаларды соңына дейін жеткізу жоқ. Дәл сондай мәселе білім саласында да бар. Бұл өкінетін жағдай. Дариға Назарбаева айтқандай осы салада жүргізілген реформалар кез-келген адамды шаршатты.
Жақсы бастамалар бұған дейін де болған. Мәселен білімді ғылыммен ұштастыру деген. Бірақ соның бәрі желге ұшқандай болды.
Әрине заманның ыңғайына қарай бейімделу қажет те шығар. Бірақ келсін келмесін үсті-үстіне бастама көтере берудің қажеті шамалы емес пе? Әр реформаға қыруар қаржы керек. Демек бізге өз саласын жетік білетін білікті министр қажет. Ол бастаған реформасы нәтиже бергенше орнында отырған дұрыс болар еді. Сонда ғана белгілі бір жетістікке қол жеткізуге болар.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВ, педагогика ғылымдарының докторы:
– Білім саласы ол әртүрлі реформа жасай беретін сынақ алаңы емес. Әркім осы жөн екен деп ойына келгенін жасай берсе, білім сапасы туралы не айтуға болады?
Әрине, әлемде бар жақсы тәжірибені алған дұрыс та шығар. Бірақ бұрынан қалыптасып, жемісін берген реформаларды жоққа шығаруға болмайды. Компютер, ғаламтор жақсы болар, бірақ ол кітаптың, оқулықтың, қалам мен қағаздың, тіпті сурет салатын бояу, қарындаштың орнын айырбастай алмасы хақ. Тіл біл, артықтық етпейді. Бірақ оны зорлағандай етіп таңуға болмайды. Ең дұрысы – ұстазға жағдай жасау керек. Өйткені қазір білікті ұстаздар мектепте де, жоғарғы оқу орнындарында да тапшы. Бар күшті осыған бұрған жөн-ау. Ұстазы мықты бала, қай жерде де сүрінбесі анық. Сондықтан министр ұстаздар қауымына көбірек мән бергені дұрыс.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицст, жазушы:
– Мен сол реформалардың өзіне реформа жасау керек дер едім. Қазіргі министрлер өздері білмейтін нәрселерді білім саласына тықпалауда. Қажет пе, қажет емес пе, оны саралап жатқан олар жоқ. Кезінде Кеңестік оқу жүйесін әлем мойындаған еді. Жан-жақты білім алып шығатынсың. Сол даяр жүйені келді де бұзды. Әрине заманға лайық қажетті бағдарламаларды қосуға болар. Бірақ түбегейлі өзгертуге болмайды ғой. 99 оқулық жазудың қажеті бар ма? Қазіргі оқулықтар тым күрделі. Жас жеткіншек тұрмақ, үлкендердің түсінуі қиын. Сондықтан министрлердің білім саласында түрлі реформа жасай беруіне шек қойған жөн болар еді.
Дайындаған – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ