АЛТЫНОРДА
Новости

Билл Гейтс қандай бала болды?

е7лАстана. 2 маусым. Baq.kz – АҚШ кәсіпкері әрі қоғам қайраткері, компьютер бағдарламаларын жасау бойынша әлемдік көшбасшы болып табылатын Microsoft Corporation компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс туралы, бәлкім, білетін де боларсыз? Forbes журналы әлемдегі ең бай екінші адам деп таныған Билл Гейтстің балалық шағы қалай өтті? Жетістікке қалай жетті?

Билл Гейтс 1955 жылы 28 қазанда АҚШ-тың Вашингтон штаты Сиэтл қаласында дүниеге келген. Әкесі Уильям Гейтс – заңгер, анасы Мэри Гейтс қарапайым мұғалім еді. Ата-анасының айтуынша, көп сөйлемейтін, өте салмақты бала Биллдің қырсық мінезі де болған. «Бірақ қанша қырсықтығына қарамастан, оның ішкі жан дүниесі ерекше, ойлау қабілеті, рухы өте мықты болды», – дейді әкесі. Ата-анасы нәзік қана сары баласын ес білген соң жергілікті жекеше мектепке беруді ұйғарады. Өзі қажетсіз деп санаған грамматика, құқықтану және басқа да пәндерден баланың үлгерімі нашар болғанымен, есесіне математика пәнін ерекше сүйіп оқыды. Ол өскенде профессор боламын деп армандайтын. Бала кезінен-ақ Гейтс өз «менін» жоғары қойып, тәуелсіздігі үшін күресе білді. Бұл күрестің ең бірінші құрбандары ата-анасы болды. Анасы Мэри өте қатал еді. Кейде ол ұлына бөлмесін жината алмаған кездерде түрлі жазалар қолданатын. Бірде анасы оны жертөлеге қамап қояды. Содан Билл қырсығып, анасының түскі асқа шақырғанына да жауап бермейді. Соңында шыдамаған анасы баласымен интерком арқылы былай деп сөйлеседі:
– Неге жауап бермейсің? Не істеп жатырсың?
– Ойланып жатырмын.
– Не ойлап жатырсың?! Неғылған таусылмайтын ой?! – дейді ызаланып анасы.
– Иә, мен ойланып жатырмын! Ал сіз өміріңізде ойланып көрдіңіз бе? – дейді қырсыққан бала ашу шақырып. Гейтс бұл кезде бар-жоғы 6-сыныпта оқитын еді.
Ұлының бұл қылығына алаңдаған ата-анасы психиатрдың көмегіне жүгінеді. Бірнеше сеанстан кейін психиатр: «Балаға ұрсудың қажеті жоқ. Бәрібір жеңе алмайсыздар. Одан да тіл табысып көріңіздер», – деп кеңес береді. Гейтстің ата-анасы саналы адамдар еді. Олар психиатрдың кеңесіне құлақ түріп, сол күннен бас¬тап Биллді түсінуге тырысады.
13 жасында компьютерлік бағдарлама жасаған бала
Бір қызығы, Гейтсті мектепте математика пәні мен компьютер бағдарламалары ғана қызықтыратын. Ұлдарының компьютерге ерекше құмарлығы ата-анасын алаңдатпай қоймайды. Олар тіпті бір жыл бойы балаларын электронды машинаға жолауға қатаң тыйым салады. Ол өзі жайында: «Мен оқушы кезімде компьютерге қатты қызығатынмын. Кейде күні-түні компьютер сыныбынан шықпайтынмын. Онда отырып барлық компьютерлік бағдарламаларды зерттеумен айналысатынмын. Тіпті бірде досым Пол Аллен екеуміз бір бағдарламаның жүйесін бұзып алғанбыз. Сол уақыттарда бізді мүлдем компьютер сыныбына жолатпай қойды», – дейді.
Билл Гейтс пен оның айырылмас досы Пол Аллен екеуі алғаш рет компьютерлік терминал, сосын оған екі бағдарлама жасап шығарды.

anyzadam.kz