Алматы облысы, Талғар қаласында тұратын Тұяқ Есхожинаны елдің бәрі біледі. Өйткені ол тағдыр тәлкегіне ұшырап, кішкентайынан жетім қалған балаларды бауырына басқан ана. Жүрегі кең, жаны жайсаң апаның 110 баласы бар.
Барлығы да Тұяқ апаны «мама», ал Әнуарбек ағаны «ата» деп атайды. Шын мәнінде, 110 баланы өз баласынан артық көретін Тұяқ апа мен Әнуарбек аға «Ана», «Ата» деген алтын атқа лайық-ақ. Тұяқ апа – Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің директоры. Биыл аталмыш балалар үйінің жетімектерге пана болғанына 15 жыл. Осы орайда балалар үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып әрі Тұяқ апайдың хал-жағдайын білмек ниетпен Талғар қаласына аттандық. «Нұр» балалар үйінің тәрбиеленушілері жиі келетін Құдайы қонаққа әбден үйренсе керек, бізді жайдары қарсы алды. Есік алдында жұмыс істеп жүрген балалармен амандасып, ішке беттедік. Жаз мезгілі басталғандықтан, үйдің іші-сыртында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Барлық бала сол жұмысқа қызу кіріскен. Мұндағы балалар «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қағиданы санаға тоқып алған. Өйткені адамның өмірде кездескен әрбір қиын-қыстау сәтін жеңу үшін тынымсыз еңбек ету керектігін Тұяқ апай да жиі айтады. Бұл үйдің өзіне тән заңы мен тәртібі бар. Балалар үйі болғанымен, осы шаңырақта өсіп-өнген балақайларды Тұяқ апай ешкімге де асырауға бермейді. Өйткені әрбір бала ол үшін қымбат. Үйге кіріп, Тұяқ апайды әңгімеге тарттық.
– Ақтөбеге балаларымды лагерьге шақырып, билет алып жүрміз. Жиырма-он баладан лагерьге жіберіп тұрамыз. Шақыртулар көп. Әрбір күніміз жоспарланып қойған. Қысқасы, үйде отырмаймыз, – деп бастады апа әңгімесін.
– Қазір үйде қанша бала бар?
– 110 бала орнында. Бірақ 24 қызымды барлық жасауымен ұзаттым, 15 ұлымды үйлендірдім. Алла қаласа, Шымкенттен құда күтіп отырмыз. Барлық құда-құдағиды осында күтіп, шығарып саламыз.
– Құтты болсын. Әнуарбек аға екеуіңіздің үш балаңыз бар екен. Дегенмен осындай балалар үйін ашып, бөбектерді бауырыңызға басып отырсыздар. Балалар үйін ашу туралы ой қайдан келді?
– Әнуарбек ағаң екеуміз базарда үш жетім баланы көріп, аяп кеттік. Содан кейін балаларды қанатымыздың астына алып, өсіп-өндіру туралы ой келді. Ол үш балам да Мәскеуде тұрады қазір. Ал бір қызым жоғары оқу орнын бітіріп, Астанада министрлікте қызмет атқарады. Осылайша балалар үйін аштық. Бізге жетім балаларды ата-аналар өздері әкеледі. Биыл, міне, үлкен үйімізге де 15 жыл болыпты. 15 жылды қорытындылап қарасам, 100 балам диплом алыпты, оның 70 пайызы жоғары білімді. 30 пайызы колледжді бітіріпті. Жоғарыда айттым, 24 қызымды ұзаттым, 15 баланы үйлендірдім. Аллаға шүкір, 20 шақты немерем бар. Әрбір мереке сайын балаларым мен немерелерім келіп, құттықтап, лебіздерін білдіріп кетеді. Осы уақытқа дейін бір балам қашып, оғаш қылық көрсеткен емес. Балаларым арақ ішіп, темекі тартпайды. Намазға жығылып, діннің хақ жолына түскендер де бар. «Балаң жаман» деген сөзді естіртпейді ешқайсысы. Әрине, бала болған соң, еркеліктері болады. Бірақ бәрін де жөнге шақырып, тәрбиелейміз. Аллаға шүкір деймін. Алайда көңілге кірбің ұялатқан бір жайт бар. Қыздарым тұрмыс құрып, өз теңін тауып кетті ғой. Ал ұлдарым бөлек үй болды. Бірақ балаларымның баспанасы жоқ. Тапқан ақшалары жалдап алатын үйлерге жұмсалады. Қолдан келер қандай көмек бар. Балаларға келген тамақтан бөліп немерелеріме беремін, келген киім-кешекті беремін. Мұнда жетім-жесірдің барлығы тұрады. Сондықтан барлығына бірдей көмек көрсету қиын-ақ. Газет арқылы айтқым келеді, жомарт жандар болса балаларыма үй салып беруге қол ұшын созса екен деймін. Серік Үмбетов облыс әкімі болған кезде арнайы жер беріп, көмек көрсетті. Сол жерге 125 үй салуымыз керек. Бұл істі жүзеге асыру үшін демеуші іздеп жүрміз.
– Балаларды еңбекке де баулисыздар ғой…
– Әрине, қыздар кесте тігеді, киім тігеді, үй шаруасын істейді, ұл балалар үйдің жөндеу жұмыстарын жасайды, аяқкиімдерін жамап, тігеді. Балаларымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек. Өйткені өмірде жалғыз қалғанда еңбек етіп, өз-өзін алып кету керек. Арнайы грант алып, жеміс-жидек өсіру, көкөністі егуді бір жыл бойы үйретіп, балаларға сертификат тапсырамыз. Мұның өзі де дипломнан кейінгі құжат қой. Балаларымның екінші мамандығы бар деуге болады. Қазір Қазақ Ұлттық университетінен психологтар келіп, әр баламен жеке жұмыс істейді, психолог болуға тәрбиелейді. Баланы тәрбиелеу ойыншық емес. Әр баламен жеке жұмыс істеп, оған жол таба білу керек. Сегіз тәрбиеші балалардың тәрбиесімен айналысады.
– Ең кішкентай балапаныңыз неше жаста?
– Үш жасар қызым бар. Қазір алдыңнан шығып, сенімен ойнауға асығады. Қылығы да, сөзі де тәп-тәтті. Ең үлкен балам жиырма сегізде. Тіпті 52-дегі балам бар. Үшінші балалар үйінен кетіп қалып, өзіме келген. Осы үйде жүреді, қасымыздан бір елі кетпейді.
– Он бес жылдың ішінде үйіңізге келіп, бір баланы асырап алуға қолқа салған адамдар болды ма?
– Жоқ, бір баламды да асырауға бермеймін. Мен мұндайға қарсымын. Бала асырап алғысы келетін адам мемлекеттік балалар үйіне барсын.
– Ал балаларынан бас тартып, өздері әкелетін ата-аналар да болған шығар?
– Қазақ намысшыл келеді ғой. Намыстанып, балалары әбден қияңқы болып, басқа амалы қалмағанда балаларын тапсырады ғой. Әрине, балаларынан бас тартатындар бар. Бірақ көбіне баласын есік алдына тастап кетеді. 110 баланың 35-і тастанды балалар. Сондықтан олардың құжаты да жоқ. Балалардың құжаттарын жасай алмай, қырғи-қабақ болып жүреміз. Тіпті Надя деген орыс қызым оқуын бітіріп, бірінші курсын бітірген сәтте құжатын әрең алдым. Барлық мұрағат, перзентханаларды аралап, табаным тозды. Анасы босанып, баласын тастап кеткен ғой шамасы. Кейде балалар үйінен қашып келеді, пана іздеп. Өткенде бірі сегізінші сыныпта, бірі тоғызынша сыныпта оқитын екі қыз ата-анасынан қашып, келіпті. Әйтеуір көмекке зәру жанның барлығы осында келеді. Аллаға ризамын. Алланың ризашылығының арқасында барлығына көмек беріп, жеткізіп келеміз.
– Мемлекет тарапынан көмек беріле ме?
– Мемлекеттен көмек сұрамаймыз. Үкімет қолпаштап тұрады. Біз мемлекеттік мекеме емеспіз, заңды тұлғамыз. Сондықтан өз күнімізді өіміз көреміз. Дегенмен балаларым университетте грантта оқиды. Мұның өзі мемлекеттен бөлінген зор көмек. Талғар қаласының әкімшілігінің тарапынан балалардың жоғары оқу орнында тегін оқуына көмек беріледі. 1998-2008 жылдар аралығында «Иманәлі» атты компьютер орталығы үйімізге көмек көрсетіп келді. Аяғымыздан тік тұрғызған орталықтың басшысы Қанат Қойбағаров деген азаматқа алғысым шексіз. Әлі күнге дейін балаларға келіп, хал-жағдайымызды сұрап, қолда барынан аянбайды.
Тұяқ апаймен әңгімелесіп, балалар үйін араладық. Дәлізде балалар ойнап жүр. Алдымыздан Мадина есімді қыз шықты. «Атым – Мадина. Үшіншіге көштім. Жақында соңғы қоңырау болды. Мамам бізбен бірге барды» деді Мадина. Арманын айтып, бал-бұл жайнаған Мадинаны балалар үйіне алты айлығында әкеліпті. Қазір ол тоғыз жаста. Болашақта сән көрсетуші болғысы келеді екен. Мадинаның қолынан ұстап, көк көйлек киіп күлімсіреген қыздың есімі Гүлзия. «Жасым он екіде» деп бастады ол әңгімесін. Гүлзия бұл үйге қалай, қашан келгенін де біледі. Сегіз жыл бұрын, төрт жасында осы үйдің табалдырығын аттаған. Ақкөңіл Гүлзия әңгімесін ары қарай жалғады. «Тұяқ мама мен Әнуарбек ағаны қатты жақсы көремін. Біз мұнда тату-тәтті өмір сүреміз. Достарым, ағаларым мен әпкелерім көп. Биыл 5-сыныпты бітірдім. Ендігі жылы алтыншы сыныпта оқимын. Болашақта дизайнер болғым келеді» дейді ол. Гүлзияны ешбір құжатынсыз балалар үйінің есігінің алдына тастап кеткен екен. «Аты-жөні белгісіз, не құжаты жоқ қызды қамқорлығымызға алдық. Менің азан шақырып қойған атым Гүлзия ғой. Содан төрт жаста келген бүлдіршінге Гүлзия деп ат қойып, өз атыма жаздырдым» дейді Тұяқ апа.
Біз барған күні Тұяқ мамасын сағынып Ләззат та келіпті. Ол жақында тұрмыс құрған. Медициналық колледжді бітірген Ләззат жуық арада ана атанады. Ата-анасы о дүниелік болған соң, Ләззат қос сіңлiсін алып, Тұяқ апайға пана іздеп келеді. «Қазір тұрмыстамын. Мамамды сағынып, төркіндеп келдім. Екі сіңлім осында. Бірі он бірінші сыныпта оқиды. Маманың арқасында ұзатылып, бір үйдің отанасы атанып отырған жайымыз бар» дейді Ләззат Тұяқ мамасын құшақтап. Көп баламен бірге алдымыздан екі бүлдіршін шықты. Екеуі де төрт жаста. Бірі – Әмина, екіншісі – Томирис. Бізді көрген қос бүлдіршін жүгіріп келіп, амандасты. «Тәте, үстімдегі көйлекке қарашы, әртүрлі гүлдері бар. Әдемі ме? Анау менің ағам Алмас. Мектепте оқиды» дейді тілі былдырлаған Томирис. Томирис пен Алмас та балалар үйінен келген бауырлар. Алмас онда, Томирис небәрі төрт жаста. Томирис Әнуарбек атасына еркелесе, Әмина Тұяқ мамасының қасынан шықпайды. Алаңсыз ойнап, күлкісі сыңғырлаған бүлдіршіндерге қарап, біз де қуанып қалдық. Әйткенмен кішкентайынан ата-анасыз қалған балалардың көкірегінде бір мұң бардай. Бірақ Тұяқ мамасы сол мұңды сейілту үшін барын салып жүр.
Балалар үйіндегі ұлдардың тәрбиесіне Әнуарбек аға қарайды. Барлығын да еңбекке баулып, болашақта бір мамандықтың иесі болғанын қалайды аға. Арман мен Дима Астанадағы Президенттік колледжіне оқуға тапсыруды көздеп отыр. Әнуарбек аға қос ұланын жан-жақты дайындап жүр екен. Ал сегізінші сыныпты тәмамдаған Сұлтан ел қорғайтын азамат болғысы келеді. Мақсаты – әскери киімді киіп, сапқа тұру. Ұлдардың барлығы далада пияз тазалап жүр. Аула іші тап-таза. Алыстан келген көлікке барлығы қуана жүгірді. Сөйтсек бұл аулаға жаңа әткеншектерді орнататын мамандар екен. Темір-терсекке қызыға қараған Әмина: «Тәте, енді біздің аулада жаңа әткеншектер болады. Бізбен бірге ойнайсыз ба?» деді күлімсіреп. Біз алдағы уақытта Талғарға арнайы келіп, балалармен алаңсыз ойнауға уәде бердік. Көлікке мініп, бірі еркелей қараған, бірі мұңмен қараған балалардың нұрға толы жарқын жүздерін қимай қоштастық.
«Немерелерім мен балаларымды бағып, қыдыртып демалғым келеді. Әже болдым, енді балаларым мен немерелердің қызығын көрсем бе деймін» деді Тұяқ апай қоштасарда. 15 жылдан бері өзіне пана, жанына жылу іздеген әрбір баланың басынан сипап, аялы алақанына алып, қамқорлығын аямаған Тұяқ апаның ендігі арманы – балаларына баспана салып беріп, ел қатарына қосу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадис-шәріпінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген. Олай болса, қолда барын балалардан аямайтын жомарт жандар табылса, Тұяқ апайдың да арманы орындалар.
Мұхаммед Пайғамбарымыз: (с.ғ.с) «Мұсылмандар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімге қамқорлық көрсетіледі. Мұсылмандар тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді» деген екен бір хадисінде. Жетімге қамқорлық көрсетілетін үйдің берекесі мен бірлігі болары хақ. «Айрандай ұйып отырған көпбалалы шаңырақта тек тыныштық болсын, қазақтың қаракөздері жетім атанбасын, әбір ана, әрбір әке баласы үшін жауап беретінін қазақ ұмытпаса екен» деп тіледік іштей…
Арсыз әрекеттің алдын алайық
Алтынбек ҰТЫСХАН, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз-насихат бөлімінің маманы:
– Бүгінгі таңда елімізде некесіз бала көтеріп қалып, оның ертеңгі күнін ойлап, «қалай асыраймын, ата-анамнан, елден ұят болады-ау» деп, ол баланың өмірін қыршындай қиып, қоқысқа тастап кету деген нәрселер кеңінен жайылып жатыр. Бұның басты себебі біріншіден, некесіз зинаға баруы. Екіншіден, Алла Тағаладан қорықпауы, яғни имансыздықтың салдарынан осындай әрекетке барып жатыр деп айтуға болады. Дана қазағымыз «Алладан қорықпағаннан қорық» деп бекер айтпаса керек. Ал енді мұсылман дінінде осындай іске барған, демек, адамның өмірін қыршындай қиып өлтіргеннің күнәсі қандай, оның үкімі қандай дегенге келетін болсақ, Алла Тағала және Пайғамбарымыз аят-хадистерде қатаң түрде ескерткен. Балаларды жазықсыздан жазықсыз, нақақсыз тастап кету – өлтірумен пара-пар болып саналады. Ал адам өлтіру ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Оның үкімі үлкен күнәлардың қатарына жататындығын шариғатымызда бекіткен. Оған Құран Кәрімдегі мынадай дәлел: «Балаларыңды жазықсыздан жазықсыз, кедейліктен қорқып, оны асырай алмай қаламын деп өлтірмеңдер. Өйткені оны ырзықтандырушы біз» дейді Алла Тағала.
Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Жетім болса, оны мәпелеп, аялап өсіруге тырысқан. Сондықтан сол салт-дәстүріміз ұмыт болып бара жатса, қайтадан жандандыруымыз керек. Ең бастысы, имандылық мәселесі кеңінен жайылған кезде арсыз, жаман қылықтардың алдын алуға болады. Себебі мұның барлығы имансыздықтан, Алладан қорықпағандықтан орын алып отыр.
Түйткілдің бәрі – тәрбиеде
Советхан ҒАББАСОВ, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
–«Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» деген кітабым шығып жатыр. Бұл – біздің психологияда жоқ екі сатылы әдістемесі ұсынды. Сол екі сатыда жүрек және ақыл тәрбиесі дейтін екі жүйе, жеті негіз айтылған. Бүгінге дейінгі біздің ұрпақтың адам тәрбиесіндегі үлкен қателіктерін ашады. Қазіргі таңда адамзат тән тәрбиесінен басқа, жан, рух тәрбиесі дегенді білмейді. Жаңағы ұсынылып отырған дүниеде тәннің 12 мүшесі секілді жанның 12 мүшесі бар екенін аштық. Оны жанның 12 арнасы дедік. Осы 12 арна ана құрсағында ғана ашылатынын айттық, одан кейін ол ашылмайды. Адамның мәні жанында дейміз ғой, осы жан тәрбиесінің осынша ауыр күйге түсуінің салдарынан қазір адамзатта кемшіліктер пайда болуда. Жетімі болмаған халық қазір сорлы күйге түсіп отыр. Өйткені жастарды қойып, орта жастағы адамдардың өзі дәстүр-салтынан, халықтық тәрбиеден ажыратқалы отыр. Үлкендердің өздері бір-бірімен өзге тілде сөйлесіп, балаларын орыс мектебіне беріп жатыр. Бұның өзі ата-ананың баласына жасаған қаскүнемдік. Қазақ халқы ұлттық идеологиясын жоғалтқандықтан, бұрынғы қалпынан да өте ауыр күйге ұшырап отыр. Сондықтан жетімнің, жесірдің көбеюі –қоғамның кемшілігі және халқымыздағы ұлттық тәрбиенің болмауының салдарынан. Бұны ел болып ойланбасақ болмайды.
Интернаттағы тәрбие мүлдем бөлек. Мен өзім адам тәрбиесімен шұғылданып жүргеннен кейін, зерттедім. Бұның өз кемшілігі бар. Балаларға әртүрлі дүниеге тыйым салғандықтан өтірік көп оларда. Ал патронаттық тәрбиені де қадағалау керек. Үкіметтен ақшасын алып тәрбиелеуші адам, балаға тәрбиені дұрыс бере ала ма? Соған да назар салып, адамның бойындағы парасаты мен иманына дейін тексеріп барып берген дұрыс.