Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді.
«Бісімілла» дегеннен бірінші вице-премьер Мақтаарал ауданында болып, онда «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Мақта, бақшалық дақылдар мен жоңышқа егілген алқаптардағы еңбек нәтижелеріне назар аударды.
Одан соң Бақытжан Сағынтаев Ділдәбек ауылдық округінде болды. Шардара су қоймасынан суды машиналық жолмен сорып алатын станциясны қарап шықты.
Кейін бірінші вице-премьер «Қаршыға» шаруа қожалығына барды. Мұнда мақта және бақшалық дақылдар егілген екен. Диқандар жүзімдіктер, алма бақтарын, анар және басқа да жеміс-жидек өнімдерін өсірумен айналысады. Осы шаруа қожалығы облыста мақта егістігін әртараптандырудың тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келе жатқандардың бірі. Жері де шұрайын жоғалтқан жоқ. Гектар байлығын артырып келе жатыр. Диқандардың табыстары да ортая қойған жоқ. Керісінше әл-ауқаттары артып келеді. Осы жәйттерді өзгелерге үлгі қылғысы келген болулары керек. Бақытжан Сағынтаев қожалықта Мақтаарал ауданының мақталы егістік алқаптарын әртараптандыру мәселелері жөнінде келелі кеңес өткізді.
Өңірде мақтаның дара дақылдығының басымдығына, вегетациялық кезеңде су ресурстарының тапшылығына, суарылатын жерлердің мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына байланысты туындаған өзекті де өткір мәселелер бар. Соларды жеңу жолдары туралы кеңесте келісті әңгіме өрбіді. Аталған проблемаларды шешу үшін егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша 2014-2016 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленуде. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі мүдделі министрліктермен бірлесе отырып аталған құжатты жан-жақты дайындап, Үкіметтің қарауына енгізетін болып келісілді.
Бірінші вице-премьер одан соң Шардара су электр стансасының жұмысымен танысты. Шардара су қоймасының Арнасай бөгетінде болды. Онда Арнасай бөгетіндегі гидротехникалық құрылыстар кешенін қайта жаңарту бойынша жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы