Себезгі нұрға шомылып тұрған әсем қала тұрғындарын мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алматылықтарға бірлік пен ынтымақ, ізгілік пен молшылық тіледі.
Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктерінің бәрі осы бірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткізілгеніне баса тоқталған Елбасы бүгінде еліміз жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша 12,5 мың доллардан айналатынын айтты. Бұл біздің еліміздің Оңтүстік Азия «жолбарыстарымен» және Еуропаның шығыс және оңтүстік-шығыс елдерімен теңескенін көрсетеді.
«Бұл жетістік біздің халқымыздың ежелден-ақ ынтымақ пен бірлікке аса мән беретін ұлттық қасиеттерінің арқасында келді. Бүгінде орта білім мен денсаулық сақтау тегін. Адамдардың өмірінің ұзақтығы 64-тен 70 жасқа дейін өсті. Ең бастысы – елімізде осы уақытқа дейін болмаған ұлттық мемлекет құрылды. Жаңа экономиканы құрып, тоталитарлықтан либералдық жүйеге көштік. Елбасы Наурыз біздің көпұлтты еліміз атап өтетін ежелгі мереке екеніне назар аударта келе, адал еңбек, берік те үлкен отбасы, жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзге мәдениетті ілтипатпен құшақ жая қабылдай білу қазақстандықтардың айнымас асыл құндылықтары болып қала беруінің маңызы зор екеніне тоқталды.
Наурыздың күн мен түн теңелетінін, күн ұзара бастайтынын білдіретін символдық мәні бар. Президент Қазақстанның қазір дәл сондай тарихи кезеңде тұрғандығын атап көрсетті. Еліміз қилы кезеңдерді еңсере отырып, мықты әрі қуатты мемлекетке айналды. Нұрсұлтан Назарбаев қол жеткен табыстарға қарамастан, еліміз бір орында тұрып қалмағанын, одан әрі дамуда екенін және алдына жаңа міндеттер қойғанын атап өтті.
– Біз 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдадық. Біздің мақсатымыз – әлемнің жетекші 30 елінің қатарына кіру. Біз алдымызға өте батыл мақсаттар қойдық. Ол қыруар жұмысты, үлкен қажыр-қайратты талап етеді.
Біз барша қазақстандықтардың жақсы өмір сүруі үшін ұзақ мерзімді даму жолын саналы түрде таңдадық, – деді Қазақстан Президенті. «Наурыз ықылым заманнан бері елдің жадында қалған.
Ол Тәуелсіздігімізбен бірге қайта оралған тамаша мереке болып саналады.
Бүгінгі күнді біздің бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні, алысты жақындатып, жақынмен қауышып, болашаққа ұмтылатын кез деп санаған» деді Қазақстан Президенті.
«Халқымыздың тұңғыш рет өзіміз таңдаған елордасы – Астананы салдық, Алматыны көркейттік, тұңғыш метроны салдық, жаңа ғимараттар салынып жатыр. Көшеге қарасақ, бұрын 20 жылда болмаған жағдайларды көреміз. Көше толған машина. Бір жағынан, оның қиыншылықтары бар шығар, екінші жағынан, халықтың әл-ауқатын білдіреді. Балаларымыз дүниежүзінің қай жерінде оқимын десе оқиды. Халқымыз дүниежүзінің қай жеріне барып демаламын десе демалады» деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Баршаларыңызды көктемнің жадыраған мерекесі, еліміздің салт-дәстүрі сақталған Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мереке құтты болсын, ағайын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр жанұяға бақыт, жарық тілеймін!» деді Президент.
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА
http://www.aikyn.kz