АЛТЫНОРДА
Новости

«Біз Қазақстанда тұрамыз ғой»

«Біз Қазақстанда тұрамыз ғой»

Бәрі кондуктордың егесуінен басталды

Қазақша көшенің атын қазақша атаса, несі кетеді екен? Жоқ, Өтеген батыр атындағы көшені «Матазалкі» дейді. Оның үстіне, орысшасын да қате айтады. «Неге қазақша айтпайсың?» деген зілсіз сұрақ қойсаң, «Сен не, маған әңгіме айтқың келіп тұр ма?» деп аузынан жаргон мен дисфемизмдерді жарыстырып, қатар шығарады. Келсін-келмесін орысша бірдеңе айтқан болады. Қарап тұрып, жаның ашиды.

Ойды ой туғызады

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері болған қазақ тілінің мәселесі қай салада болсын ақсап жатқаны шындық. Ал осы мәселе орыстілді мектептерде қалай екенін білмек болып, Алматы қаласындағы №23 орыс мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Несібелі Жұмаділовамен сұхбаттаспақ болып, Наурызбай батыр көшесінде орналасқан мектепті бетке алдым. Қаланы білмегендіктен кондукторға ­«Наурызбай батыр көшесінде ескерт» дедім. Ойша мұғалімге қояр сұрақтарды пысықтап келе жатып, соңғы аялдамаға жеткенімді бір-ақ білдім. Кондуктордан «Мен түсетін Наурызбай батыр көшесі қайда», – деп сұрадым. Ол: «Мен, – Дзержинскийден түсетіндер бар ма? деп айттым ғой, үндемедің. Өтіп кеттік», – деді. Тағы да сол әңгіме… Сол егес. Орыстілді қазақтар мен өзге ұлт өкілдері адаспасын деп көшенің қазақша атын айтпай, бұрынғы орысша атымен атап, қазақша ресми, заңды атымен атауды талап еткендердің басына ит терісін қаптап жіберу не деген сорлылық?!


«Біз Қазақстанда тұрамыз ғой»

Мектеп ауласы

Алдымнан бір қазақ, бір орыс баласы шықты. Іздеп келген мектебім осы екенін біліп тұрсам да «№23 мектеп осы ма?», – деп қазақшалап сұрадым. Орыс бала түсінген жоқ. Қара домалақ ұл түсінді. Орысша жауап берді. Біздің екі тілдегі диалогымыз басталып кетті.

Ол: (орысша тіл қатып)

– Иә, №23 мектеп осы.

– Осы мектепте оқисың ба?

– Иә.

– Нешінші сыныпта?

– Жетінші.

– Қазақша сөйлесе аласың ба?

– Нормально.

– Қазақ тілі ұнай ма?

– Нормально…

Атын айтпай кетіп қалды. Қасында таңданып қарап тұрған досымен бірден танысып алдым. Игорь Моисеев. Ол да осы мектепте жетінші сыныпта оқиды. Шамасы жаңағы баламен бірге оқиды-ау. Қаланың балалары секемшіл келеді екен. Досы туралы сыр ашпады. Әңгімеміз орысша өрбіді.

– Сендерде қазақ тілі деген сабақ бар ма?

– Бар.

– Қазақ тілі ұнай ма?

– Білмеймін.

– Қазақша түсінесің бе?

– Иә, аздап. Жоқ, мүлде түсінбеймін.

Осындай қысқа ғана әңгімемізден-ақ оқушылардың қазақ тіліне деген ынтасы белгілі болып қалды.

Сыртта сұхбаттасатын басқа ешкім кездес­пеген соң ішке ендім.

Ұстазбен әңгіме

– Сіз қай сыныптарға сабақ бересіз?

– Бірінші, тоғызыншы және оныншы сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін.

– Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың маңызы қанша?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін дамытуды бүгіннен бастау қажеттілігін бұған дейін де бір емес, бірнеше рет айтқан болатын. Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ол «2025 жылы Қазақстан халқының 90 пайызы тек қазақ тілінде өзара тілдеседі» деген болжамын айтқан. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қазақ тілін меңгеруді мектеп табалдырығынан бастап баланың санасына сіңіру қажеттілігі зор болса, қазақ әдебиетін де оқытудың соншалықты салмағы бар екенін айту керек.

– Ал осы жолда қаншалықты күш-жігеріңізді жұмсап жүрсіз?

– Бүгінде қазақ әдебиетін болсын, қазақ тілін болсын, оны оқытуда ең тиімді тәсілдерді қарастыра отырып, біз интерактивті тақталар мен жаңа технологияларды қолданып, сабақ жүргізу тәсілдерінің алуан түрін пайдаланамыз. Ал қазақ тіліне деген ынта-ықыласын түрлі ойындар ойнатып, тақырыпқа орай ән жаттатып, театрланған көрініс қою мен жарыс сабақтар өткізу арқылы арттыруға тырысамыз.

– Қазақ тілін оқытуда кездесетін қандай да бір қиындықтар бар ма?

– Әрине, қиындықтар бар. Мәтіндер ықшамданып, орыстілді аудиторияға түсінікті, қонымды тілде жазылса, тілді үйренуге жеңіл болар еді. Осы жерде айта кететін жайт, қазақ әдебиетінде Махамбет Өтемісұлының өлеңдері ­жайлы.

Махамбеттің «Мен, Мен едім, Мен едім…» деп басталатын өлеңін оқушылар түсінбейді. Әсіресе, осы жерін маған орысша аударып беріңіз дейді. Ол жерде қазақы бояу, асқақ рух жатыр ғой. Ал оны қазақша енді үйреніп жүрген оқушы тура мағынасында, сөзбе-сөз орысшаға аударса, қалай болатынын ойлап көріңізші? Болмаса, «Хан емессің қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап, достарың сені басқа ұрсын…» дегенді қалай аударасың?

Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқанын аударсаң, қып-қызыл ұрыс болып көрінбей ме? Оның орнына «Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай», «Қызғыш құс» деген өлеңдерін берсе, оқушылардың түсінуіне жеңіл болар еді. Сосын тоқсан аралық тест сұрақтары кей жағдайда тақырыптан ауытқып кетеді. Ол да ескерілуі керек.

Мектеп оқушыларының қазақ тіліне деген ынта-ықыласы қалай?

– Көбіне, ата-ананың ынтасына байланысты. Ата-анасы үйде баласының тіл үйренуіне көңіл бөлсе, баланың да қызығушылығы артар еді. Оқушы ең басында түсініп, оқып алмаса, кейін қуып жету қиын. Бір тақырыпты түсінбесе, қалған тақырыптардың оған қызықсыз болып қалатыны рас.

– Ал үй тапсырмасын орындауда балалардың мүлт кетіп жатқан тұстары, ата-аналардың көмегінің жетпей жатқан кездері бар ма?

– Әрине, ата-аналарының қазақша білмеуінің кесірінен баласы амал жоқ ғаламторға үңіледі. Онлайн-сөздікті пайдаланады. Ал ол жасаған аудармасы қып-қызыл қате болып шығатыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, біздің қоғамдағы шала аударма, қате жазудың бәрі осы онлайн-сөздіктің кесірі. Қарапайым орысша-қазақша аударма сөздікті пайдалану керек. Кітап жоқ емес. Бар. Бағасы да қолжетімді. Үйге берілген тапсырма да ауыр емес. Сосын ата-ана баласымен бір мезгіл болса да мемлекеттік тілде тілдесіп, пікір алысып, қарапайым диалог құрса, ол да баланың тілді үйренуіне, тіпті ата-анасының да қазақша білуіне көп септігін тигізер еді. Қарапайым «балам, шай ішесің бе?» немесе «ертең қазақ тілі нешінші сабақ?» деген сұрақ қоюдың түк те қиындығы жоқ қой, меніңше. Біздің 45 минут сөйлеп, түсіндіргенімізді, оқушылар сыныптан шыға салып, ұмытып қалады. Неге ұмытады, себебі сыныптан шыға сала араласатын ортасы, үйіндегі ата-анасы да қазақ тіліне немқұрайды қарайды. Егер ата-ана мен мұғалім жұмылып жұмыс жасаса, баласы қазақ тілін оп-оңай үйреніп кетер еді. Содан кейін тағы бір ескеретін жағдай, балалардың әлеуметтік желіде көп отыруы. Ұялы телефонымен ойын ойнап, уақыт жоғалтып, денсаулығына зиян тигізіп жатқанын олар түсінбейді. Тіпті сабақ үстінде әлеуметтік желіге кіріп, вертуалды достарымен сөйлесіп отырады. Ал ұялы телефонын алып қойсаң, ата-анасына шағымданады.

«Қазақ тілі ауыр, онда 44 әріп бар»

Оқырманға түсінікті болсын деп өлеңін Ж.Нәжімеденов, әнін Б.Ғизатов жазған «Әліппе» әнінің мәтінін ұсынып отырмын.

Әліппе, әліппе,

Алғашқы әріппен:

«Ана», – деп қазір біз,

Жазуға әзірміз.

Әліппе, әліппе,

Екінші әріппен:

«Әке», – деп қазір біз,

Жазуға әзірміз.

Әліппе, әліппе,

Талай бір ӘРІПТЕН:

«Отан», – деп қазір біз,

Жазуға әзірміз.

Сынып жетекшінің ата-аналарға Балғын Қанатханқызын шақырып, «сіздердің балаларыңызға қазақ тілінен сабақ беретін осы кісі» деп орысша таныстырды. Содан соң, «осымен екінші рет балаларыңыз қазақ тілінен дайындалмай келді» деуі мұң еді, ата-аналар шулап қоя берді. Сыныптағы әңгіме орыс тілінде өрбіді.

– Біз осы әнді жаттайық деп қанша уақыт отырдық. Есте сақталмайтын нәрсе екен, – деді бір оқушының анасы.

– Иә, оның үстіне, ешқандай ұйқасы жоқ. Түсінбейміз, – деді екіншісі.

– Айтпақшы, бұл ән кітапта «Әліппе» деп жазылған екен. Біз солай жаттадық. Ал дәптерге «Көңілді әліппе» деп жазғызыпты. Менің баламның «Көңілді әліппе» деп айтқаны дұрыс емес депті. Неге баланың ойын шатастыра береді. Бала қайдан жаттасын, – деді үшінші ата-ана.

– Сосын неге соңғы үшінші шумағында «әріптен» дейді. Ол да бізге түсініксіз. Балаларға неге бірінші екі тоқсанда берген тапсырмасы жеңіл еді, үшінші тоқсанда бірден ауырлатып жібергенсіздер? Жалпы қазақ тілі ауыр, онда 44 әріп бар. Оны да ескеру керек, – деп, 42 әріпке тағы 2 әріп қосып, жаңалық ашты тағы біреуі.

– Неге балалармен сабақ үстінде диалог жасамайсыздар? – деген сияқты ата-аналар тарапынан наразы пікір қардай борап кетті.

«Қазақ тілі ҰБТ-да есептелмейді»

Балғын Қанатханқызы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Ата-аналар «бірінші, екінші тоқсандарға қарағанда, үшінші тоқсанда тапсырмаларды бірден қиындатып жіберді», – дейді. Сонда біз 10 әріпті жаттап, қайталап отыра беруіміз керек пе? Қарапайым дүниелерден бастап үйретіп жатырмыз. Мысалы, күнделікті көріп жүрген бөлме заттарын жаттатып, дәптерлеріне жазғызып. Олар соны да істей алмай жатыр. Қарапайым сөзді жаттай алмаса, қалай сөйлесеміз, қандай диалог құрамыз? Ата-аналар жаңағы өзіңіз көрген бір «Әліппе» деген әнге соншама даурықты. Ал ол ән ағылшын тілінде болса, балалары былай тұрсын, өздері жатпай-тұрмай жаттап алар еді. Балалардың да, ата-аналардың да көбіне қазақ тілін оқуға, үйренуге деген зауқы жоқ. Біздің бұл мектепте поляк сыныптары да бар. Оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қоса, поляк тілін де үйренеді. Олар бізге қазақ тілі не үшін керек? Біз бәрібір Польшаға кетеміз дейді. Жоғары сыныптарда да осындай жағдайлар орын алып жатады. Олар «Бізді қазақ тілімен қинай бермеңіз, қазақ тілінен жиған ұпайымыз бәрібір ҰБТ-да есептелмейді ғой», – дейді.

Пікір

Вероника Тойрова, оқушының анасы:

Қазақ тіліне қатысты, ұстаздарға қатысты түк те қарсылығым, я наразылығым жоқ. Бірақ бір айтпасқа болмайтын мәселе, ол оқулықтың таза қазақ тілінде жазылуы. Менің үш балам осы мектепте оқиды. Бірінші, сегізінші және оныншы сыныптарда. Ылғи қиналатыным оларға үй тапсырмасын жасауға көмектесерде тапсырмада не жазылып тұрғанын ұқпаймын. Оны аудару керек пе, көшіру керек пе, оқу керек пе, сол жағы түсініксіз. Берілген тапсыра орысша жазылса ғой. Қалғанын өзіміз істер едік. Айтпақшы, кіші қызымның оқулығында алдымен мәтін беріліп, кейін сол мәтінде кездесетін сөздер жазылған. Бұл керісінше болуы керек қой. Алдымен, сөздермен таныс­тырып, сосын соған қатысты мәтін жазылады. Біздің ұлтымыз тәжік болғандықтан, қазақтың кейбір сөздерін түсінеміз. Бірақ берілген тапсырмада таныс емес сөз өте көп. Олар тіпті оқулықтың артындағы сөздікте де жоқ. Оқулық шығарарда осы жағын ойланса екен. Қазір мен қазақ тілін орындау үшін құрбыма, ол болмаса көршіме, тіпті қиналған кезде қазақ тілі мұғаліміне телефон шаламын. Біздің қазақ тілін үйренгіміз келеді. Өйткені, біз Қазақстанда тұрамыз ғой.

Мерген Тоқсанбай

http://jasqazaq.kz/2015/01/29/bz-azastanda-tramyz-oy.html