Қазақтың қолөнер туындылары өзге елдердің мемлекеттік қолдауы арқылы әлемді таңғалдыруда. Мысалы, өткенде Батыстың интернет-аукциондарының бірінде таза жүннентоқылып, оюлармен өрнектелген қазақтың қалы кілемі ең қымбат бағаға сатылып, Ирандағы қазақтардың саудасын жүргізді. Кілемнің жалпы аумағы – 525 шаршы метр, салмағы – бір тонна. Бұл кілемді тоқу жұмысына 400 тоқымашы қатысқан. Кілемде 1 миллиардтан астам жіп түйіншектер өрілген.
Әрине, бұл хабарды естіп, қазақы қалы кілемнің бәсекеден озық шыққанына қуандық, бір жағы қынжылдық. Қуанғанымыз, кілемнің атағы қазақтыкі екені болды. Қынжылған тұсымыз, әлемнің қазақ кілемін Ирандағы қазақтар арқылы танығаны. Бұдан соң Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізіп келді. Тізе берсек, өзге елдерде қазақтың төл туындыларының шоқтығы биік. Шеттегі қазақтардың төл туындыларымызды насихаттауда белсенділігі жоғары. Ал отандық қолөнер шеберлері бұл істе мемлекеттің қолдауы әлі де жетіспейтінін ашып айтуда. Бүгін біз «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, қазақтың қиялы мен идеясынан туындайтын осы бір өнердің өз елімізде тиісінше бағалануы турасында сөз етпекпіз.
Ұлттық қолөнер шеберлері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі екі жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Бұл – Иранның қолөнер шеберлері орталығы мамандарының ресми ақпараты. Кілемдерін америкалықтар, жапондықтар, ресейліктер белсенді түрде сатып алатынын сүйіншілете сөз еткен ирандықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері жарты жылға жуық уақыт қолдан тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның саудасын еселеуде ол елдегі қазақтардың қалы кілемі де соңғы орында қалып отырған жоқ. Осыны сезінгендіктен олар «алдағы бес жылдық межеде кілем саудасынан 30-40 млрд АҚШ долларын табамыз» деп алақандарын ысқылап отыр.
Жалпы, қолөнер саласын жетілдіру арқылы табысты молынан көсіп отырған елдердің бірі – іргеміздегі Қытай халық республикасы. Қытай үкіметі бүгінде әсіресе еліндегі қазақтардың төл туындыларына барынша қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттің арнайы қолдауын сезіну арқылы ондағы қазақтар қазақтың сахналық киімдерін, қазақтың таба нанын, қазақтың ою-өрнектерін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізіп, бұл туындыларын экспортқа шығарып отырған да жайы бар. Мысалы, жоғарыда біз сөз еткен қазақтың сахналық би көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізген Қытайдағы қолөнер шебері Зият Айдарханқызы қазірде мұндай көйлектерді тігуге Түркия, Қырғызстан, Малайзия елдерінен арнайы мемлекеттік тапсырыс алатын көрінеді. Тіпті өзіміздің Қазақстаннан арнайы тапсырыс беріп тіктіретін мемлекеттік мәдениет мекемелері де бар екен.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Біле білгенге, қолөнер саласы – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен көптеген елдер қазірде бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе өзіндік қолөнерінен ажырап, ұмыт қалдырған Германия, Норвегия, Израил сынды елдер бүгінде қазақтың төл туындыларына қызығушылық танытуда. Сондықтан біздің қолөнер шеберлері шетелдік нарыққа шығуға барынша күш салуы керек. Мемлекет бұл жағынан оларды қолдауы тиіс. Бұл ретте бізде қолөнермен айналысатын фабрикалар қайта құрылуы керек. Иран қазірде кілем өндіруде бес жылда 30 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде бізде «Алматыкілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан түркімен кілемдерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Қазірде «Алматыкілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтынушыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.
Негізінде, этнографтарымыздың бағамдауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес одағына мәшһүр 200-ден астам шебер болыпты. Өкініштісі, солардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде қолөнерге қажетті асай-мүсей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы. Жалпы, Қазірде Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстан, Әзірбайжан елдері осы қолөнер саласына айрықша ден қойып, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән берушілік жоқтың қасы. Жекелеген шеберлердің еңбегі мүлде еленбейді. Кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кестелеу, оюлап көрпелер тігу, түрлі ескерткіш заттарын жасау күшті дамыған. Түксіз киіз басып олардың бедеріне қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да басқа ою нұсқаларын салуды біздің шеберлер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы өзге елдер қолөнер шеберлерін қолдау арқылы бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр. Біз қолөнердің әлемдік экономиканың тұтас бір кешені екенін әлі сезінбей отырмыз.
Назгүл АЙТІМОВА, этнограф-ғалым:
– Біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатты дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей, бұл өндірісте өзіндік биіктікті бағындыру қиын. Сондықтан шикізат зәрулігін жою үшін болашақта мемлекеттің қолдауымен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет. Бұдан соң сол шағын кластерлер арқылы көлемді фабрикалар құруымыз керек. Ал қазір санаулы ғана шеберлердің басын қосып, олардың арнайы шеберлер одағын құру арқылы мәселе шешілмейді. Егер біз бұл салада шеберлерге анық қолдау білдіргіміз келсе олар үкіметтік қолдауды сезінгені жөн. Сонда ғана қазақтың төл туындылары әлемдік деңгейде брендке ие болады. Біздің туындыларымыз қазірдің өзінде жоғары брендке ие. Ал оны әрі қарай өрбітіп, жетілдіріп, шеберлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек…