Ғалым Байназаров, қаржыгер
Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ғалым Байназарұлының туып-өскен жері. Қаржыгер осы мекеннен шыққан Ыбырай Алтынсарин, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленовтерді мақтан тұтады. Торғай өзені Ұлытаудан бастау алады да, Торғай ойпатының аңғарымен Тосын құмын жағалап, Ырғызға қарай өтіп, Қызылорданың солтүстік беткейіндегі құмға келіп сіңіп кетеді. Бір жағы құм, бір жағы ашық дала. Көлшік-көлшік, тоғайлы, шұрайлы жер болған. Еліміздің соңғы ханы Кене патшаға қарсы көтеріліс жасағанда екі-үш жыл бойы Торғай танабында болып, әскерін азықтандырған екен. Шақшақ Жәнібек – тарихта бар, белгілі тұлға. Біздің кейіпкеріміз сол Шақшақ бабаның тұқымы болып келеді. Әкемнің қорегі ағарған еді – Ауылымыз Қызылжар Ақшығанаққа қосылып кейіннен «ХХІ партсъезд» атындағы кеңшар аталды. Бұл – аудандағы ең ірі шаруашылық болатын. Кеңшардағы 45 мың аналық қой кейбір жылдары төлімен есептегенде, 70-80 мың басқа жететін, – деп бастады әңгімесін Ғалым аға. – Әкем Байназар қарапайым шаруа, өз заманында ел-жұртына сыйлы болған жан. Қайратты, жұмыс істегенде екі-үш адамның нормасын орындап, жапырып жіберетін. Мен 1945 жылдың 17 қыркүйегінде дүниеге келіппін. Бірақ құжат бойынша 1944 жыл деп көрсетілген. Бұрын елде колхоз шаруашылықтары көп болды. 1953-1956 жылдары тың игеру басталғанда кеңшар құрылды. Әкемнің тіршілігінің арқасында ештеңеден тапшылық көрген жоқпыз. Ұмытпасам, 1951-1953 жылдарға дейін қолға ақша бермейтін. Еңбек кітапшасына таяқшалар белгілейді, дүкенге барып сол таяқшаларға қарай еңбекақысының орнына қант-шайын, азық-түлігін алатын. Сауынға, соғымға жетерлік мал ұстап, оны семіртіп Арал, Ырғыздың базарларында сатып, киім-кешек әкелетін. Кейін ақша шығып, халықтың тұрмысы түзеле бастады. Әкей денсаулығының мықтылығының арқасында 101 жасқа дейін ғұмыр кешті. Зор денелі болғанмен, тамақты аз ішетін. Мамыр айынан бастап, қыркүйектің соңына дейін бие саудыртатын. Негізгі қорегі ағарған – қымыз. Жаратылысынан мейірімді, ешкімге қиянат жасамайтын, қолы ашық, қайырымды, өр мінезді адам болатын. Оған батылы барып ешкім тиіспейтін, бірақ тиісе қалған жағдайда аямайтыны анық еді. Әділеттілікті, басының бостандығын сүйетін. 1952 жылы әкейге «дүмше молда» деп айып тағылып, сотталып кете жаздайды. Сондағы бар айыбы – ескіше азғантай сауаты болғандығы, ешкімге тәуелді болғысы келмейтін турашылдығы. Ағасы Ерназардың баласы Мизамбек колхозда басқарма болды. Кейін ол басқа жұмысқа ауысып кетті. Дегенмен колхоз басқарғанда бақталастық бар дегендей, біреулерге тізесі батқан болуы керек, олар әкемнен өшін ала алмай, туысқанына қысастық жасағаны ғой. Арызды қараған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәпкенов арабша өте сауатты болыпты. Әкеме араб тілінде сұрақ қояды, жауап жоқ. Бірнеше сұрақтан кейін оның дін жолына түскен кісі емес екендігіне көзі жетіп, сот үстінде ақтап, құтқарып жібереді. Сөйтіп, аман қалады. Міне, әкеміздің осындай мінез-қасиеттері жасымыздан бойымызға сіңіп, еркіндік пен әділеттілікті қастерлеп өстік. Біз, анамыз Балжарқынға да тартқанбыз. Анамның көзі көкпеңбек, өзі аппақ болатын. Нәзіктеу, шашы тобығына түсетін, өте сұлу жан еді. Анамыздың інісі – нағашымыз – Көбентай Барболсынұлы әйгілі жырау, елге белгілі өнер иесі болған. Біздің әдебиетке, өнерге құштарлығымыздың анамыздан, осы нағашыларымыздан бастау алғаны аян. Елдің тұрмыс-ахуалы төмендей бастаған 1928-1929 жылдары әкем Арал стансасы мен Ырғыздың арасында жүк тартқан. Өзі еңбекқор, қайратты, жас жігіт кедей-шаруа табының өкілі ретінде көзге түсіп, Ырғыз ауданындағы колхоздастырудан бұрын құрылған алғашқы шаруа бірлестіктерінің бірінің басшысы болады. Сол жылдары шешеммен танысады. Екеуі табысып, шаңырақ көтереді. Шешеміз өте тапқыр, ақылды, суырып салатын ақындығы бар, ақжарқын, әңгімешіл кісі болды. Ел-жұрт, үлкен қайнағалары оны қатты сыйлайтын. Негізі, оның анасы жеті құрсақ көтерген, содан аман қалғаны аға-апасы және кенжетайы – Ғалым. Ағасы Сәбит өз өңіріне өте белгілі, омырауына Ленин орденін таққан шопан. Ал апайы Сара бухгалтер болып істеді. Экономика саласына бет бұруына апайының әсері болғандай. Қазір екеуі де зейнет жасында. Кішкентай Ғалым аға-апасына ілесіп 5-ке толмай мектепке барды. Бірінші сыныпты бітірмей тұрып қыс басталар алдында екі колхоз қосылып, мектеп көшіп кетті. Әкей жұмысын ауыстырып, мектеп көшкен жерге наурыздың соңында қоныс аударады. Бұл қыс айларында үйінде өз бетінше оқыған. Жаңа қонысқа барған соң әкей оны мектеп директорына алып барып, «Мына баланың оқуын тексеріп көрші, әрі қарай алып кете ала ма?» дейді. Директор «Бірінші сыныптың бағдарламасын қол үзбей оқыған балалармен бірдей қабілеті бар екен, үлгеріп тұр. Бірақ заң бойынша жасы жетпеуіне байланысты бұл баланы мектепке қабылдауға болмайды» деп, бес жасынан бірінші сыныпты қайта оқытыпты. Алғашқы сыныптан-ақ кілең бестікпен оқып, өлеңге, әнге құмар болды. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға араласып, мұғалімдерге көмектесіп жүретін. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда уақытылы мектепке бармай, сосын бұлармен бірге оқығандар болды. Алғашында 40-тың үстінде бала оқыса, соның он жетісі ғана орта мектепті бітіріп шықты. Бойжеткен қыздар да бұлармен бірге оқып, үшінші, бесінші сыныптардан кейін олардың көбі күйеуге шығып кетті… Әскери құпия зауыттағы күндер Ол мектепті жақсы бітірді. Аттестатында екі-ақ төрт, қалғаны түгел бес. Бір жылдан кейін С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМУ) экономика факультетіне оқуға түсті. Конкурс өте жоғары болды. Соған қарамай төрт сабақтан емтихан тапсырып, соның үшеуінен бес, орыс тілінен төрт алып, жоғары баллмен оқуға қабылданды. Адамның ең бір ұмытпайтын шағы – студенттік кезең, саналы өмірдің алғашқы бір баспалдағы сияқты. Өмірге басқаша көзқараспен қарайсың. Ата-анадан алыстасың. Ол кезде сабақты жақсы оқыған балаларға не шәкіртақы, не жатақхана беретін. Жағдайы жоқтарға екеуі де тиеді. Бұлар шәкіртақыны таңдады. Сөйтіп, төрт жігіт жеке пәтерде тұрды. Достары Талдықорғаннан Алтынбек, Жамбылдан Тұрғын, Алматы облысынан Орынбасар болды. Олармен қазірге дейін байланыста. Бәрі де үлкен-үлкен қызметтер атқарған, ел-жұртқа белгілі азаматтар. Тарихы бөлек Торғай Әскерден босап келгенде, Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультеті Халық шаруашылығы институты болып бөлініп шығыпты. Ол оқуын сонда жалғастырды. Әсия мектепте де, институтта да орысша оқыған. Ал Жангелдин ауданында барлық ісқағаздары қазақша жүргізіліп, орыстарға дейін қазақша сөйлейтін. Осыған байланысты Әсия тіл жағынан біраз қиындықтарға душар болды. Дегенмен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері, «Жұлдыз» журналдарын оқып жүріп қазақшаны жылдам меңгеріп алды. Әке-шешелеріміз әуелі біздің қолымызда болды. Кейін әкем ауылдың ауасын аңсап елге оралды. Біз олармен тығыз қатынаста болдық. Ауданда өзіміз қатарлы жастардың арасына тез сіңісіп, орта таптық. Өміріміздегі студенттік кезден кейінгі ең жақсы уақытымыз осы ауданда өтті деп айта аламыз. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне банк тарапынан тиімді жағдай туғызуға көп көңіл бөлдік. Аудан басшыларының банк жұмысына дұрыс көзқарасы қалыптасып, көптеген игілікті жұмыстар тындырдық. 1970 жылы Торғай облысы құрылды. Аудандық банктің бастығы К.Мәулетов 1971 жылы облыстық банк ашылып, жұмысқа шақырылды. Мен оның орнында қалдым. 1973 жылы мемлекеттік банктің аудандық бөлімінің бастығы қызметіне бекітілдім. Жаңа облыс орталығы Арқалық қаласы салынды. Жаңа мекемелер, шаруашылық өндіріс салалары ашылып жатты, көптеген мамандар керек болды. Облыстық банктің бастығы В.М.Ютиш мені жұмысқа шақырып, 1976-1985 жылдары облыстық банктің қалалық басқармасының бастығы болдым. Торғай облысының тарихы ерекше. Облысты Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков сынды білікті басшылар басқарды. Олар облыстың жылдам көтерілуі үшін көп жұмыс жасады. Облыс орталығы Арқалықта кішігірім зауыт-фабрикалар, сәулетті ғимараттар, әуежай, темір жол кешендері бой көтеріп, еліміздегі көркем қалалардың біріне айналды. Ауданнан астанаға дейін Алматыға келген соң да Қолан Амановпен қатар жұмыс жасап, араларында үлкен сыйластық болды. Өміріне оң әсер етіп, қолғабыс жасаған жанның бірі Жангелдин ауданында алғаш жұмысқа қабылдаған – Кеңесбек Мәулетов. Ұлағатты ұстаз, еліміздегі банк саласының ірі мамандарының бірі ол бай тәжрибесін ортаға салып, жастардың жұмыс үйренуіне кең жол ашты. Банк саласының бүкіл қырсырын үйретті. Аудандық, кейін облысқа келгенде Ғалекеңнен бұрын қалалық банкті басқарды. Сөйтіп, ол кісіден банкті екі рет қабылдап алуға тура келді. Олар қазірге дейін сіз-бізі жарасқан аға-інілер. В.М.Ютиш те бұрын әскери адам болғандықтан тәртіпті жақсы көретін, қабілетті, шебер басшы болды. Ойтамызық – Қазір еліміздің экономика саласында шетелдік инвесторлардың үлесі өте зор. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары өзімізде ақша болмауына байланысты шетелден көбірек қаражат тартуға тура келді. Қазір соған басқаша көзқараспен қарайтын кез туды. Елбасы бұл мәселеге назар аудартып та келеді. Қарашығанақ, Қашағандағыдай мұнай өнімін шығаратын мекемелерден үлесімізді ұлғайтып жатырмыз. Осы бағыттан таймай, мұны әрмен қарай күшейтуіміз керек. Кен орындарын еліміздің иелігіне қайтарып алатындай жағдайлар туғызуға тиіспіз. Біз жерімізге, мүлкімізге, пайдалы қазбамызға өзіміз ие болатындай деңгейге жетуіміз керек. Бұл – ұлы мақсаттардың бірі. Осы бағытта жұмыс жасайтын кадр саясатына жіті қарауға тиіспіз. Қазір Үкіметте, басқа да басқару органдарында шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс жасап жатқанына қуанамыз. Бірақ солардың менталитеттері кейде байырғы қазақ жұртының менталитетіне сәйкес келмейді. Басқа мәдениетке табынудан арыла қоймаған, соның бағытында қалып қойған жастардың ұлттық мәселелерге кейде салғырт қарайтыны байқалады. Кейде сол жағынан ұтылып жатамыз. Біз – кең байтақ қазақ жерінің иегеріміз. Жеріміздің кеңдігі, біздің басқа елден артықшылығымыз, бұл келешектегі үлкен байлығымыздың басы болуға тиіс. Бұған осы уақытқа дейін қол жеткізе алмай келеміз. Мысалы, ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал шаруашылығының деңгейі Кеңес Одағы тараған 1990 жылдармен салыстырғандағы деңгейге әлі жеткен жоқ. Жерімізді, елімізді көтергіміз келсе ауылды көтеруге күш салуымыз керек! Жапты жала, жақты күйе… – Облыста істеп жүрген кезімде әріптесімнің бірі мен туралы өсек таратып, облыстық банктің бастығына жалған ақпарат жеткізеді. Сөйтіп, алтын уақытымды қор қылып, біраз уақыт онымен айтысуға тура келді. Мұның соңы тіпті мені жұмыстан шығарамын дегенге дейін жетті. Бірақ жұмысымда мін жоқ. Оған қарсы тұруға, дәлелдеуге тура келді, – деп жалғады ол әңгімесін. – Сол кездері облыс басшылары облыстық қаржы бөліміне орынбасар болуға, сосын осы бөлімді басқаруға жұмысқа шақырып жүрген-ді. Үстімнен арыз жазған кісіні шақырып алып сөйлестім. Орынсыз қаралағаны үшін бірден жұмыстан шығарып жіберуге де болар еді, бірақ адамгершілік танытып, «Сізді жұмыстан шығарып тастау менің құзырымда. Дегенмен бір рет кешірейін, бірақ бұдан былай мұндай әрекет қайталанбайтын болсын» дедім. Ол да өз ісінің үлкен маманы болатын. Екеуіміз кәсіби маман ретінде өзара тіл табысып, түсіністік. Кейін онымен қарым-қатынасымыз дұрысталды. Республикалық деңгейге шығып, банк саласында 1987 жылы басталған үлкен реформаларды іске асырып, Қазақстанда алғашқы екі деңгейлі банк жүйесін құруға тікілей атсалыстық. Мамандандырылған мемлекеттік «Агробанк» жүйесін құрушылардың бірі болдым. Оның жұмысын жаңа талаптарға сәйкестендіріп қайтадан қалыптастыруға көп тер төгуге тура келді. Жұмысымыз өте жақсы жүріп жатты. Коммерциялық банктердің енді Ойтамызық – Қазақы ауылда туып, тәрбие, өнеге алып өскендіктен қазақтың тілінен бастап, оның әдет-ғұрпының бәрі мен үшін ыстық. Мен ұлтшыл емеспін, бірақ өз халқын өте жақсы көретін, сүйетін, ұлтжанды қазақтың бірімін. Ұлттық банк төрағасы қызметінен кеткеннен кейін «Байназаровтың Ұлттық банктен кету себебінің бірі – осы» деп журналистер жарыса жазды. Оның мынадай сыры бар. Кеңес Одағы кезінде біздің банк жүйесін облыстық, республикалық деңгейде қазақ нәсілді азаматтар басқармаған. Банк саласы одақтық жүйе болды да, басшылық қызметте тек орыс халқы өкілдері отырды. 1992 жылы қаңтар айында Ұлттық банк төрағасы қызметіне кірістім. Банк Ұлттық мемлекеттік банк аталатын. Банкте бар болғаны 15-20 пайыздай ғана жергілікті ұлттың өкілдері екен. Алдымызда Ұлттық банк дәрежесінде даму мақсаты тұрды. Қазақ елі егемендігін алып, тіл, басқа да мәселелерді ұлттық дәрежеде дамытуға барлық салаларда бетбұрыс жасалынып жатты. Банктегі қызметкерлердің көпшілігі зейнет жасына жақындап та қалған екен. Банктің барлық облыстағы басшы қызметін қазақ азаматтарының қолына беруге тура келді. Орталық аппаратта да қазақтардың үлесін көбейтуге ден қойдық. Онда істеп жүрген танымал орыс достарымызға «Бұл ешқандай қысымшылық емес, уақыттың талабы, егемен ел ретінде дамуымыздың алғышарттарының бірі. Сондықтан біз өз халқымыздың өкілдерін тәрбиелеп, өсіруіміз керек» дедік. Орыс әріптестеріміздің көбі бұған үлкен түсіністікпен қарады. Қазақ азаматтарын жоғарылатуға, сол кездері сайланып жатқан облыс әкімдері, аудан басшылары үлкен құштарлық танытты және қолдау жасады. Осылайша банк жүйесін қазақыландырдық. Бұл кейін зор пайдасын тигізді… Ғалым ағамен экономика, банк, қаржы саласы жайында бірнеше рет сұхбаттасудың сәті түскен. Бүгін оның өмір жолына зер салдық. «Бұл өмірде мен кіммін?» деп өз-өзіме сауал қойған жан емеспін. Бірақ менің жасыма келген әрбір адам артына көз салып, ойланатыны анық. Адамның өз-өзіне баға беруі қиын. Дегенмен өмір жолым халқымыздың тағдыры мен экономикалық жағдайына көп байланысты болды. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардағы елдің қиын ахуалы әлі күнге есімде. Біз нарықтық экономиканың негізін қаладық. Бүгінде соның жемісін жей бастадық. Атқарған жұмыстарымның бәрі дерлік өте жауапты қызметтер болды. Сондықтан көп уақытымыз жұмыста өтті. Тіпті балалардың қалай өскенін де білмей қалдық. Ал немеренің жөні бөлек екен. Үш баламыз – Светлана, Бақытжан, Меруерттен сегіз немереміз бар. Мүмкіндік болып жатса солармен көбірек уақытымды өткізгім келеді» дейді ол. Ғалекең зейнет жасында, бірақ мемлекеттік қызметтен қазір де қол үзген жоқ және атқарып жүрген жұмыстары еліміздің болашағы үшін қыруар пайда әкелетін келелі істер. Алда жоспар да, жасалынуы тиіс істер де көп. Көкейдегі ұлы мақсат, ұлы армандар орындалса, халқымыздың болашағы жарқын да кемел болмақ. Осындай ұлтжанды азаматтарымыз тұрғанда ол күндерге де жетерміз… Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ |
Предыдущий
Следующий