АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Біз Ресейге ауаны жалға берген жоқпыз Талғат мырза!

talgatmusabayev1 Ресей  жалға алып отырған Байқоңыр  ғарыш айлағында апат болды. Күні  бүгінге  дейін апатқа ұшырай беретіндігімен аты шыққан «Протон-М»  зымыранының тағы біреуі құлап,  улы отын  айналаға жайылды. Кейбір ақпарат  құралдары Төретам және Ақсай ауылдарының халқына  үйлерінен шықпауға кеңес  берілгендігін  хабарлауда. Абырой болғанда апат кезінде адам шығынға ұшырамады. Мал болмаса да, жан аман. Бірақ…

Өткен күзде  Байқоңыр мәселесі бойынша Ресейге қатты-қатты сын айтып,  өткір пікір білдірген  Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев  бүгін құлаған зымыранды  «Апат» деп санамайтындығын мәлімдеді.  Біздің ел мен Ресейдің арасында жасалған келісімге сәйкес апат ретінде бағалануы үшін  зымырандар ғарыш айлағының аумағынан тыс жерге құлауы керек екен. Сол себепті,  Талғат Мұсабаев «Бүгінгі жағдайда зымыран ұшырылған алаңның маңына құлады, заңнамалық тұрғыдан қарасақ, апат болған жоқ»-деді.  Сонымен бірге  ол:  «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, азот оксиді  түзіледі. Жарылыстан соң пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, оның бірі Қармақшы, екіншісі Қазалы, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған. Ал бұл уақыттағы жаңбыр түтіннің біразының жойылуына септігін тигізді, осы жағынан алғанда жұртшылыққа қауіп деңгейі азайды деуге болады», деді.  Сөйтіп,  Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің атынан сөйлеп,  «гептилдің зияны жоқ» деп сайрап отыр. Ал,  ақпарат  құралдары  улы түтін 70 шақырым жерге тарағанын жазып жатыр. Тіпті, ресейліктердің өзі  Төретам мен Ақай ауылдарының тұрғындарын үйлерінен шықпауға шақырыпты. Ресейліктер ескерту жасап жатқанда біздің Мұсабаев  «қауіп азайды» дейді. Сонда мұны қалай түсінеміз? Ғарыш айлағының  аумағында  апат болса оның  зиянды  қалдықтары ауа арқылы, жер асты сулары арқылы тарамай ма?  «Азот оксиді (NO) түзіледі» дейді Талғат мырза. Бұл зиянды емес пе? Дәрігерлер  бұл химикатты  адам ағзасына зияндылығы жағынан  үшінші деңгейге қояды. «Протон-М»  зымыраны пайдаланатын гептил жанғанда пайда болатын нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, азот диоскиді,  көміртегі оксиді, синиль қышқылы,  формальдегид туралы айтқан жоқ  агенттік төрағасы.   Темекі қорабында «зиян» деп жазылған формальдегид ауамен тараса зиянсыз ба?  Құлаған  зымыран  орыстікі дегенмен,  жер біздікі ғой. Байқоңырдағы ауа алмасып та тұрады. Жел соғады, жаңбыр жауады. Бұл мәселені ескермеді Талғат Мұсабаев мырза.  Екіншіден, Ұлттық ғарыш агенттігінің  төрағасы  Байқоңыр ғарыш айлағы туралы келісім-шарттың тағы бір  шикілігін көрсетті. Ол экологиялық мәселелерге қатысты болып тұр. Агенттік төрағасының сөзінен ұққанымыз  Қазақстан  апатқа ұшыраған зымырандар үшін өтемақыны тек ғарыш айлағы аумағынан тыс жерде ғана сұрай алады деген сөз.  Ғарыш айлағын  жалға берген кезде  экологиялық мәселелерді ұмытып кеткенімізді көрсетті бүгінгі мәлімдеме.  Шамасы, осы келісім-шартты әзірлеген шенеуніктер үшін бірінші кезекте қаржы тұрса керек. Өзгесі оларды  алаңдатпағанға ұқсайды. Жылына  Ресейден алатын 115 млн доллар  биліктегілердің көкейін тескен тәрізді.  Әйтпесе,  елдегі экологиялық ахуалды  ескерулері керек еді. Өкінішке қарай олай болмай тұр. Еуропаның мықты деген футбол клубтары ойыншы трансфері үшін  бір-біріне қиналмай төлей салатын ақшаға бола біздің билік  халықтың денсаулығын құрбандыққа шалып жатыр.
Жебе-ақпарат