Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде…
Қазақ «көрдім деген — көп сөз, көрмедім деген — бір сөз» дегенді бұлжымайтын өмір қағидасы ретінде қабылдап, ешкіммен керіске бармай, бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешуді жөн санайтын халық.
Оның өзін сырттан біреулер көпе-көрнеу ғайбаттап жатса да, мал-мүлкі мен табиғи байлығынан қыл бүлдірге қалдырмай тонап жатса да қыңқ етпей, таңқаларлықтай көнбістік танытатыны содан сияқты. Басқаны қайдам, мынау орыс ұлты өкілінің еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін заңға жүйрік, ешкімге есесін жібермейтін «дәукес» келетіні шынайы ақиқат. Орыс жағымпаздыққа жоқ: ойына келгенін бетің бар, жүзің бар деместен төбеден түскендей дүңк еткізіп айта салып, қарап тұратын турашыл жұрт. Көп жағдайда біздің ұлтқа осы орыстың бірбеткейлігі мен шыншылдығы жетіспей жатады. Бейғамдығымыз да ересен. Базардан азық-түлік, дәріханадан ем-дом алсақ та, олардың жарамдылық мерзімі қанша уақыт екендігін қарап жатпаймыз, артынан соларды пайдаланудан берісі уланып, әрісі жантәсілім етіп жататынымызды жасырып жатудың жөні жоқ. Басқа ұлт өкілдері аурудың алдын алып, дерт-дербезден сақтану үшін әлсін-әлсін ауруханаға барып дәрігерлік тексерілуден өтіп тұруға еш арланбаса, біздің қазақ «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген нақылға қатты бүйрегі бұрғандықтан ба, ауруханаға дерт әбден асқынып, дәрігерлер қолында оған қарсы жасайтын еш қайран қалмаған кезде, анығын айтсақ, өлерінің сәл-ақ алдында келетінін қайтерсің! Бұлталақтатпай, әңгіменің турасын айтсақ, біздің жұрт дәрігерді көрсе әзірейілді көргендей қорқып, дәрігерлік тексеруден өліп бара жатса өз еркімен өтпейді. Көп жағдайда аурухана мамандары мен учаскелік, отбасылық дәрігерлердің әр үйдің есігін қағып, адамдарды кезекті профилактикалық тексеруден өтуге жалынып-жалбарынып шақырып жүргені баяғы. Қит етсе басқаны ағаш атқа мінгізіп, айналадағылардың бәрі араны үлкен парақорлар деп жар салған қазақ басқаға пара беруден өзі ешкімді алдына түсірмейді. МАИ тоқтатса, полицейге тұра ақша ала жүгіреміз, бір жерге жұмысқа орналассақ, шенеуніктің қолына ақша қыстырып жібергіміз келіп тұрады, тіпті поштадан зейнетақы таратып келген пошташы әйелдің алақанына да азын-аулақ ақша салып жіберу біз үшін онша сөкет болып көрінбейді. Оқитын балалары барлар қалалық және аудандық білім беру бөлімдері басшыларының мектеп директорын күштеуімен соңғысының қойған талабын орындап, отбасына еш қажеті жоқ газет-журналдарға жазылып, базбір қаламгерлердің өтпей жатқан кітаптары мен ортанқолды театрлардың тықпалаған билеттерін сатып алуға, министрліктен ақша жиналмасын деген арнайы бұйрықтың бар екендігіне қарамастан, мектепті жөндеуге деп, сынып қоры деп, оқу орнынан фронтальдық тексерумен келген комиссияны күтіп жіберуге деп ақша жинап, керемет мырзалық танытамыз. Ең сорақысы, біздің елде лауазымды мамандықты былай қойғанның өзінде, мектептегі еден жуушылар, вокзалдар мен базарлардағы тәшке айдаушылардың өздері де жұмысқа пара берусіз түсе алмайды. Бұл жазылмайтын заңға бағынатын сорақы дәстүр орныққалы да көп жылдар өтті: ол болары болып, бояуы сіңген, қазір автоматты орындалатын мәселе деңгейіне көтерілген. Мұны жоғарыдағылар көрсе де көрмеген болады, төмендегілер білсе де білмеген қалып танытып, биік орынтақта отырғандардың айтқанына көніп, ай-дағанына жүріп, солардың диірменіне су құйып отыр. Ал балаларына жоғары білім алып беруді мақсат тұтқан ата-аналардың пұшайман халін айтып жеткізудің өзі қиын. Өйткені, соншама басқалардан, банктерден қарызданып-қауғаланып жүріп алған қарыз ақшаны судай шашып жүріп оқытқан балаңыз ертең жоғары оқу орнын бітірген соң жұмысқа орналаса қалса жақсы, әйтпесе салбурын сергелдең әрі қарай жалғасып, мұның ұрпағының бақыты үшін жанын ортаға салған әке-шешені қырдай қылары және бар. Бұған қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, осы қуанышты атап өту үшін жасалатын аста-төк тойдың машақатын қоссаңыз, мына өмірден ертерек баз кешіп кетуге бейіл боларыңыз кәміл. Шын мәнінде қазіргі нарықтық заман білім мен біліктің емес, тамыр-таныстық пен қалталының тасы өрге домалаған заман болып тұр. Қоғамның ағзасын сыбайлас жемқорлық пен парақорлық әбден жайлап, жегі құрттай жеп, оны қайта қалпына келтірместей қатты ірітіп-шірітуде. Бұған тосқауыл қояды деген заң орындары мен халық мұңын мұңдап, соның сойылын соғады деген соттардың өзінен қайыр жоқ. Бұлардың бәрі әлгі жемқорлық пен парақорлықтың аламан бәйгесіне қосылып кеткендер. Бүгінде билікке жем болып отырған қаймана халықты аярлық пен алдап-арбаудан аман сақтап қалатындай Алдар көсе мен Толағай сынды қаһармандар табылмай тұр. Ең өкініштісі — осы кереғарлықты көзі көрген базбіреу әлгіндей жандарға көмек қолын созып, олардың сөздерін жоғарыға жеткізейін десе, олар бұған рақмет айтудың орнына әлгі пақырды жерден алып жерге салып жөштеп, бұлардың бәрін жанашыр емес, өзінің қас дұшпанындай, қала берді оның сырын сыртқа жаятын жауындай көріп, ондайлардан ат-тонын ала қашады. Жағдайын сұраса: «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз. Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін әупірімдеп күнімізді көріп жатырмыз. Ниетіңе мың да бір рақмет, саған да, билікке де айтар ешқандай арыз-шағым иә өкпе-назымыз жоқ. Алла жарылқасын, менен аулақ жүріңдерші осы»,— деп, жылан көрген кірпідей жиырылатындары бар. Камера не фотоаппарат шығарсаңыз, бір ұшып жерге, бір ұшып көкке шығып, түп-тұқияныңнан түсіп балағаттайтындар да жоқ емес. Соған қарағанда, қорқыныш синдромы халық бойында әлі де сақталып қалып, көпшілік жұрт өздерін құлдық сананың құрбаны санаудан күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқан сияқты. Бұл тұйықтан қайтіп шығуға болады? Рухты көтеріп, намысты жанып, сана сілкінісіне қол жеткізудің жолдары бар ма? Міне, бұл қазіргі күні қоғамдағы адамдардың барлық жігінің бірлесіп шешуі тиіс ортақ мәселеге айналған. Мұндай өзекті мәселені жатса-тұрса ойлайтыны астындағы орынтағының амандығы болған шенеунік шешіп береді деп үміттенуге болмайды. Қазіргідей әркім өз қотырын өзі қасыған заманда әрі суға батқанды аман алып қалу сол адамның өз мәселесі деуге саятын саясат ұстанып отырған қатыгез билік тұсында мұндай құрдымға құлатар оқпаннан әрбір адамның өз күшімен аман-есен қалуға талпынғаны жөн болмақ. Әйтпеген күнде биліктің айтқанына бас иіп, құлдық психологиядан арылмаған күйі өмірден өтеріміз анық. Меніңше, бұл қатты ойланатын мәселе. Өзгелер (басқа ұлттар) қазақтың өзі түгілі тілін де (мемлекеттік тіл деген дардай аты бар) сыйламауы осындай көзге бадырайып көрініп тұрған кемшіліктерден болар. Әйтпесе «тәуелсіздік алдық» деп бөркімізді аспанға атқанымызға бақандай 22 жылда еліміздегі орыстан бастап басқа этностардың 99 пайызы мемлекеттік тілімізді білмеуі масқара ғой.