[:kz]
Ұлт қайраткері, ақын “Замана” басылымына берген сұхбатында қазіргі күні қоғамда кеңінен талқыланып жатқан үштілділік пен Жер кодексіне қатысты мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталыпты.
Алты айдан бері жалақы алмапты
– Мұхтар аға, елдің сөзін сөйлейтін атпал азамат ретінде халық сіздің әрдайым аман-сау жүргеніңізді тілейді. Сондықтан әңгімені қазіргі хал-ахуалыңыздан бастағымыз келіп отыр. Денсаулығыңыз, жалпы жағдайыңыз қалай?
– Енді… мен кезінде екі рет инфаркт алдым ғой. Жүректің көлемін алақандай дейтін болсақ, соның тең жарымынан астамы беріш боп қатып қалған екен. Жартысы ғана жарамды. Кейде шалқамнан жатқан кезде ауа жетпей қалады, аздап қиналамын.
Негізі мен бұрынғы Министрлер Кеңесінің ауруханасында қаралатынмын, қазір ол жерді Президент Әкімшілігінің ауруханасы дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын жүрек мазалап, сырқаттанған кезде әлгі жерде емделгенмін. Сонда сол жерге 13 медицина ғылымдарының докторы, академиктерді шақыртып, «Шахановты сыртқа шығаруға болмайды. Ұшаққа мінуіне болмайды» деген медициналық қорытынды шығартып, бәріне түгел қол қойдыртып алды. Содан соң мені емдетуге республикамыздың жағдайы жетпейді, қаражат жоқ дегенді шығарды.
Осы жерде Айтматовтың көмегін айта кету керек, ол қайта-қайта хабарласып жүріп Түркиядан дәрігер шақыртып берді. Әлгі келген дәрігер мені алып кетейін десе, өзіміздікілер жібермейді, болмайды деп. Сонда мен: «Айналайындар, жүрек менікі, өзім білемін. «Командировкаға» кетсем де, кетпесем де өзім білемін. Сондықтан мені жіберіңдер», – деп Түркияға кеттім. Ол жақтағылар арнайы Қаулы шығарып, мені емдеткен. Содан бері Түркиядағы дәрігерге барып тексеріліп тұрамын.
Жақында ғана сол дәрігерге көрініп едім, ол ұрысты. «Жүрегіңіздің кейбір жерлері дұрыс істемей қалыпты. Өзіңізді күтуіңіз керек, күніне кемінде бес шақырым жаяу жүрген жөн», – деді. Жүректі тексеретін бір аппаратқа түсіреміз деп еді, соған әзірге мүмкіндік болмай тұр. Жағдайымыз әзірге осындай.
– Ал күнкөріс жағы қалай? Айлық жалақыңыз қанша? Қосымша қандай да бір кіріс көзі немесе жеке бизнесіңіз бар ма? Мұны жұртты көбірек қызықтыратын сұрақ болғасын қойып отырмыз.
– Мен негізі өте «көп» айлық аламын. «Жалын» журналының бас редакторы әрі директоры ретінде маған 150 мың теңге жалақы тағайындалған. Бірақ сол айлықты алмағанымызға да қазір алты айдың жүзі болды.
Дегенмен бізде әртүрлі қоғамдық ұйымдар бар ғой. Мәселен, біз жыл сайын мемлекеттік тілді қолдау акциясын өткіземіз. Мемлекеттік тіл дегеніміз тек маған ғана тиісті нәрсе емес, оны өздеріңіз білесіздер. Бірақ қазіргі кезеңде соған жанашырлық танытайын, қаржылай қолдау көрсетейін деген бірде-бір кәсіпкер жоқ. Біздегі кәсіпкерлердің көбі – космополиттер. Биліктегілердің де 75-80 пайызы өз ана тілінде оқи да, жаза да алмайды. Оларға ұлттың керегі жоқ, тілдің де қажеті шамалы. Сондықтан ондайлардан үміт күтудің өзі бос әурешілік деп есептеймін.
Мемлекетке сенің кітабыңның түкке де керегі болмай тұр. Мәселен, менің «Желтоқсан эпопеясы» деп аталатын кітабым бар. Бірақ соны оқиын деп қызығушылық танытып жатқандардың қарасы аз. Неге? Өйткені қазіргілердің 65-70 пайызы қазақ тілінде оқи алмайды, жаза да білмейді. Енді соларға арнап «Желтоқсан эпопеясын» орыс тіліне аудартайын десем, оған да 5-6 миллион теңге көлемінде қаражат керек екен. Сондықтан әзірге ол мәселе басы ашық күйінде тұр.
«Үш тұғырлы тіл – ұлтты жоюдың төте тәсілі»
– Сіз бұрыннан ана тіліміздің мүддесін қорғап, оған қатысты маңызды мәселелер көтеріп жүрген адамсыз. Осы орайда бүгінде қолға алынып жатқан үш тұғырлы тіл жайына көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы, «Үш тұғырлы тіл» деген бағдарлама – ұлтты жоюдың өте төте тәсілі. Осы арқылы ұлтымызды жойып жіберуге жақсы мүмкіндік туып тұр.
– Халыққа рухани тәрбие беру мәселесіне байланысты не айтар едіңіз?
– Менің шығармаларым әлемнің ең негізгі деген тілдеріне аударылған. Негізі ЮНЕСКО бірде-бір көзі тірі ақынның шығармасын қарамаған екен, менің «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» атты екі романымды екі рет қарады. Сөйтіп менің өлеңмен жазылған осы шығармаларымды ЮНЕСКО кейінгі кезеңдердегі әлемдік поэзияның ең биігі деп таныды, барлық басты тілдерге аударылсын деп тапсырма берді. Соның арқасында шығармаларым алпыс түрлі тілге аударылды.
Негізінде поэзияны өзге тілге аудару өте қиын. Мазмұнын өзгертпей ұйқасын табу оңай емес. Соған қарамастан ол тірлік жасалды. Тіпті поэзиямның ішіндегі «Компьютербасты жарты адамдар» деген өлеңім негізінде көптеген елдерде конференциялар өткізілді.
Мен өз елінің рухани құндылықтарына тамыр жібере алмаған адамдардың барлығын жарты адамдар деп есептеймін. Қазіргі кезеңде материалдық байлық, спорт, жеңіл әндер бірінші қатарға шығып кетті. Ал керісінше, руханиятқа қызмет етіп жатқан, ұлттық мүддеге жұмыс істеп жүрген жандардың көк тиынға керегі болмай қалды.
«Шұрайлы жерлерді біреулер меншіктеп алған»
– Бүгінде Жер комиссиясының мүшесісіз. Қандай тірліктер атқарып жатырсыздар?
– Жердің біраз бөлігі әлдеқашан сатылып қойған. Тіпті мынау Төлеби ауданындағы ең шұрайлы Қасқасу деген жердің біраз бөлігін біреулер жекешелендіріп алған. Онымен қоймай, ол жерлерді арабтарға жалға беріп тастаған. Соның кесірінен қазір жергілікті тұрғындар малын жая алмайды, емін-еркін кіріп-шыға алмайтын болды. Ал енді осы сияқты мәселе барлық өңірде кездеседі. Бірақ ол нәрсе еш жерде ашық айтылмайды.
Осы мәселені біз Жер комиссиясының отырысында ортаға салдық. «Жер шетелдіктерге де, жергілікті тұрғындарға да сатылмасын. Тек жергілікті халыққа ғана жалға беру керек», – деп ұсыныс айттық.
Жер комиссиясында 75-тен астам адам бар, соның 59-ы «Жерді шетелдіктерге сатқан, жалға берген дұрыс болады» дегенді қолдады. Ал бар-жоғы 11 адам жаңа мен айтқан көзқараста болдық. Кейіннен әлгі 11 адамның тағы бір-екеуі комиссия құрамынан шығып кетті, сонымен қалған 8-9 адам жағаласып келе жатырмыз. Менің жерді бөтеннің қолына беруге білдірген қарсылығым ешқашан өзгермейді. Осы айтқанымыздан қайтпаймыз. Ақырына дейін барамыз деп отырмыз. Бізді әлгі комиссияның құрамына елден қорыққанынан ғана кіргізіп отыр. Ал бірақ өздері жердің сатылуына мүдделі. Өйткені олар жердің көп бөлігін әлдеқашан сатып қойған.
«Қылмыскер» қылу түк емес
– Сізді жиі аяқтан шала ма?
– Жаңа айтып өттім ғой, материалдық байлықтың бірінші орынға шығуы себепті көп адамдардың таным-түсінігі өзгерді. Ойлау деңгейі де басқаша болып кетті. Ойлап қарашы, Қазақстан Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесі бар, ал сол 800 адамның 8-і немесе оншақтысы ғана елдік, ұлттық мүдде жолында күресіп жүр екен. Бірақ барлығының тілі сайрайды да, іске келгенде бұғып қалады. Өлеңдерінде өздерін патриот сияқты етіп көрсетеді де, өмірде басқаша тірлік істейді. Сондықтан мен олардың шығармашылығын өтірік деп есептеймін.
Міне, осы жағдайға байланысты мен жаңа ұстаным жарияладым. Ол мынадай: Кім шындығын жоғалтып алса, кім ақты – ақ, қараны – қара деп айта алмаса, яғни сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, мейлі, жүз жерден ол үлкен жазушы болсын, үлкен ақын болсын, үлкен ғалым болсын, ол адамның құны – көк тиын.
Кеңес Одағы тарқаған тұстарда барлық нәрсе жекешелендірілді. Он-он бес қабатты үйлерді екі-үш мың теңгеге сатып алған адамдар болды. Маған да биліктегілер: «Қалаған нәрсеңізді меншіктеп алыңыз», – деген ұсыныс айтқан. Мақұл дегенімде бәрі басқаша болып кетер ме еді, бірақ: «Қолым таза болуы керек», – деп әлгі ұсыныстардан бас тарттым. «Осы кезге дейін ешкімге, ешқандай ақшаға сатылған емеспін. Шындықты айта алмасам, ақты – ақ, қараны – қара дей алмасам, менің ақындығым кімге керек? Жалпы, өзімнің кімге керегім бар?» – дедім. Міне, солай!
Айтпақшы, олар менің бір «үлкен» қылмысымды әшкере қылды ғой. Қайбір жылы. Сондай бір үлкен пендешілік жіберіппін, тіпті оны айтуға ұят. Енді сендер қолқалап отырсаңдар, амал жоқ, айтайын. Біз «Халық рухы» деген партия құрмақ болғанбыз. Міне, биыл он жылға жуықтады, әлі тіркеуден өтпей тұр. Сондықтан басқа бір партиямен бірлесіп ашуға мүмкіндік алғанбыз, сөйтіп сайлауға түсер кезде менің әлгі «қылмысымды» тауып алыпты. Яғни мен 37 теңге салық төлемеппін. Сонда мен әлгі сайлау комиссиясының мүшелеріне: «Егер мен 37 теңге емес, 37 миллиард доллар ұрлаған болсам, барлықтарыңыз маған үлкен құрмет көрсеткен болар едіңіздер. Өйткені қазіргі кезеңдегі ең құрметті адамдар – ең үлкен ұрылар. Ал енді сіздер шынында да өте қырағы екенсіздер, өте үлкен қылмыскерді ұстадыңыздар. Осы бағыттарыңызды жалғастыра беріңіздер», – дедім.
Ал енді тағы бір «қылмысымды» айтайын, ел біле жүрсін. Жаңа айтып өткенімдей, мен «Жалын» журналын басқарамын ғой. Бір күні біздің редакцияға тексеру келді. Әлгілер әр нәрсені бір шұқылап, тірлігімізден кемшілік таппаған соң «суды мөлшерден артық қолданған, көп ішіп қойған» деген тұжырымға келіпті. Сөйтіп маған 287 мың теңге айыппұл салыпты. Содан салық комитетіне шақыртты, бардым. Ол жердегі адамдар мені әбден сандалтты. Бейшаралардың тірлігіне әбден ашуланып, шығып бара жатыр едім, бір кісі: «Ойбай, Мұха, сіз бе?! Мен сіздің шығармаларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыздың бірімін», – деп құшақтай алады. «Сіз кімсіз?» – деп едім, өзін осы салық комитетінің басшысымын деп таныстырды. Қысқасы, не керек, бізге тексеру жүргізілгенде демалыста болған екен, барлық істі оның орынбасары Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша орындапты. Яғни министрліктегілер Шахановтың редакциясынан бір кілтипан табыңдар деп тапсырма берген екен. Міне, менің осындай «өте ауыр» екі «қылмысым» табылды.
Ол кісінің атын жамылатындар да бар екен
– Әлеуметтік желілерге кіріп тұрасыз ба?
– «Фейсбукке» анда-санда кіремін, таяуда балалар арнайы парақша ашып берді. Сонда байқағаным, менің атымнан 52 адам парақша ашып қойыпты. Солардың арасында менің атымнан билікті мақтап жазғандары да бар боп шықты. Яғни мен мұны елдің ішінде мен туралы екіұдай пікір қалыптастыру үшін жасалған шара деп есептеймін. Енді біздер солардың кім екенін анықтайын деп жатырмыз.
– Енді тұрмыс-тіршілік жағына қайта ойысайық. Жылда елге келгенде әпкеңіз – Ізет апаның үйіне түсетініңізді білеміз. Апаның қазіргі жағдайы қалай?
– Ізет апам биыл 98 жасқа келіп отыр. Келер жылы Жамбылды қуып жетеді, Құдай бұйыртса! Мен ол кісіге: «Командировкаға» асықпаңыз, 127-ге келіп кетсеңіз жақсы болар еді», – деп айтып отырамын. Былайша жағдайы жақсы, есте сақтау қабілеті өте жоғары, кейде мен ұмытып қалған нәрселерді есіме салып отырады. Ал тұрмыс жағдайы жөнінде айтсам, менің қамқорлығымда, ол кісінің қызына да өзім көмектесіп тұрамын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін сізге үлкен рахмет! Өзіңізді ерекше қадірлейтін халықтың арасында әрдайым аман-есен жүре беріңіз!
Сұхбаттасқандар – Дүйсен ОРАЗ.
Сапарайым КЕНЖАЛИЕВА
http://www.dalanews.kz/17327
[:]