Ертай НҮСІПЖАНОВ, Inspire media продюсерлік орталығының басқарушы директоры:
Көгілдір экран төріне күн сайын шығу бақытына ие тележүргізушілер көп болғанымен, солардың барлығы бірдей көрермен жүрегін жаулай бермейді. Себебі сөзбен, қимыл-әрекет, қыл аяғы, ым-ишарамен баурап алу деген – кәдімгі өнер. Соңғы бесжылдықта «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы көрермен көзайымына айналған санаулы тележүргізушілер болса, соның бірі де бірегейі Ертай Нүсіпжанов десек, әсіре сілтеген болмаспыз. Оның бір дәлелі – «Аламан-айтыс». Алты Алаштың асыға күтетін ұлттық жобаны бір емес, екі маусым қатарынан жүргізген соң, артынша Ертай көзден ғайып болды. Бір ай, тіпті бір жыл да емес, бірнеше жыл көзден таса болған Ертай таяуда қайта жарқ етті. Сөйтсек, Нүсіпжанның немересі білім жолында шекара асып, осы жылдар аралығында қалың қытай арасын мекен етсе керек.
– Ертай, сіздің білім жетілдіруге Қытайға аттануыңызға не түрткі болды? Және онда аттанардағы мақсатыңыз қандай еді, ол елде бірнеше жыл оқып, өмір сүріп келгеннен кейін ол мақсат қаншалықты өзгерді?
– Неге екенін білмеймін, бала күнімнен қытай тіліне қатты қызығатынмын. Алайда Қытайда білім алу мақсатым болған емес. Және ол тұста мен «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет істейтінмін. Былай қарағанда, тұрақты жұмысым бар, материалдық жағдайым да біршама жақсы, «осыған шүкір» деп, тұрақталып қалуға болар еді. Жасым да ол тұста 25-ті алқымдап қалған. Ал қазақы көзқараста ол адамның білім іздеп шетелге аттанатын шағы емес, шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітетін кезі. Ал мен алдым да, әй-шайға қарамай Қытайға аттандым да кеттім. Себебі өз біліміме көңілім толмай, ішкі жан дүнием жаңа бір азықты қажет етіп тұрды.
Қытайда әкімшілік басқару саласы бойынша білім алдым. Жалпы, осы аралықта тек білім алдым дегенім тарлық етеді, себебі мен өмірден көп нәрсе үйрендім. Елде жүргенде кіл қазақы ортада жүрдік, содан соң ба, әлем тек қазақтардан ғана тұратындай өмірге шектеулі көзқараспен қарайды екенбіз. Ал Қытайда сан түрлі ұлттар біте-қайнасып кеттік, нәтижесінде мен әр адамнан, әр ұлт өкілінен түрліше жақсы мінез жұқтырдым.
– Біз, шыны керек, ежелден «қара қытай қаптаса, орысты өз әкеңдей көрерсің» деген түсінікте өстік, яғни Қытай біздің санамызда «жаулап алушы» ел. Ал сіз нені аңғардыңыз?
– Осы тұста бір мысал келтірейін. Оқуға бірінші рет аттанып бара жатқан кезім, барар жерім өзіме беймәлім. Шеньянь Ішкі Қытайда, Солтүстік Кореяға жақын қала екен. Бізге жақсы таныс Үрімжіден ары қарай тағы алты сағат ұштық. Ұшақта отырмын. Айналам қалың қытай, араларында жалғыз қазақпын, өзім тағы жарытып тіл білмеймін де. Бар уайымым – «қалай жетем?» Адам ондайда шындап қысылады екен. Қолымда – университеттің жалғыз шақырту қағазы. Әйтеуір, жанымда отырған жасы өзімнен әлдеқайда үлкен қытай азаматына бірдеме етіп түсіндіргендей болдым. Ол «түсіндім» дегенді көзімен ұқтырды, бірақ нені түсінді, маған қалай көмектеседі, ол жағы маған жұмбақ. Түнгі сағат екі мен үштің ортасы. Не де болса Аллаға тәуекел деп ұшақтан түскен соң, әлгі азаматтың соңынан үнсіз ердім де отырдым. Әлгі кісі ұялы телефонымен әлдекімге хабарласты, қытайшалап бір нәрселерді айтып жатыр. Бір кезде дәл алдымызға көлік келіп тоқтай қалды. Ана кісі «мін» деген ишара білдірді, жүрексінсем де, амал жоқ, отырдым. Менің оқу орным аэропорттан әлдеқайда қашық екен, соған дейін әлгі көлік мені жеткізіп салды. Барар жеріме аман-есен жеткізгеніне риза болып, елдегідей ақша ұсындым. Алмақ былай тұрсын, «сен не?» дегендей ежірейе қарады. Сонда мен өмірімде бірінші рет қытай деген халықтың қандай болатынына көз жеткіздім. Соған дейін қалың қазақтың бірі ретіндегі «қытай бізді тек жаулап алуды армандайтын халық», «қытай бақа, шаян жейтін халық» деген стереотиптің күл-талқаны шықты. Біздің қоғамда осындай сұрақтың туындауы – біріншіден, еліміздің жалпы халыққа Қытай жайлы дұрыс және жеткілікті ақпарат бере алмай отырғандығынан. Екіншіден, бізде Қытайды зерттеу орталығы жоқтың қасы, синолог мамандар өте аз. Сол себептен біздің Қытай туралы білетін ақпаратымыз тек онда барып келген жекелеген азаматтардың көргені бойынша ғана қалыптасқан. Яғни Үрімжіні көріп, Қытайға барып келдік деп жүрміз. Ал Үрімжі – Қытайдағы ең үлкен провинциялардың бірі ғана және даму жағынан сауаттылық, мәдениет жағынан ондағы басқа провинциялармен салыстырғанда ең кенже қалған, дамымай жатқан бөлігі. Сондықтан Қытай туралы түсінікті тек сол өлшеммен ғана қалыптастырсақ, жаңсақтықтың ұшы белгілі болып шыға келеді.
– Әдетте адам сыртқа шықпай өз үйінің зәулім сарай екенін немесе құлағалы тұрғанын біле алмайды ғой. Ендеше, сіз сырт көз ретінде қазақ туралы, Қазақстан жайында қандай ой түйіп қайттыңыз?
– Мен Қытайға кеткенше, мәдениет саласында қызмет атқарып, өнерді дамытуға азды-көпті үлес қосып жүргендердің қатарында болдым. Сонда «ұлтын сүйетін бір қазақ мендей-ақ болсын» деп ойлайтынмын іштей. Бірақ Қытайға барғаннан кейін ол ойымның әлсіздігін байқадым. «Мен қазақпын, мен өз халқымды сүйемін» дегенім өте бір әсіре сілтеп айтыла салған сөз екеніне Қытайда көптеген ұлт, ұлыс өкілдерімен араласа келе көз жеткіздім. Қытайдың өзі бірден алып державаға айналған жоқ, кезінде олар бытыраңқы жатқан әртүрлі тайпалар болатын. Қазір онда 56 ұлт өкілі тұрады, яғни 56 мемлекет бір Қытайдың қол астына қарап отыр деген сөз. Алайда солар жеке-жеке ел емес, біріккен ұлы елге айналып отыр. Сол сияқты Африкада да мемлекеті жоқ бірнеше ұлт өмір сүреді. Солардың біразымен Қытайда бірге оқып, бір дастарқан басында дәм таттық. Сонда қазақ деген халық, Қазақстан деген алып мемлекет жайлы білгенде, әлгілер «сендер өз мемлекеттерің бар, өз алдарыңа дербес елсіңдер. Соның қандай бақыт екенін түсінесіңдер ме, сезінесіңдер ме? Біздің әлі күнге өз еліміз, жеріміз жоқ, сондықтан біреуге тәуелді күй кешіп жатырмыз» деп айтқанда, не жыларымды, не күлерімді білмей қалдым. Тұрмыс жағдайымызға келсек те, өз жағдайына риза болмай және соған мемлекет кінәлі деп санайтындар өте көп. Осы тұрғыдан келгенде, біздікі масылдық және мастық деуге болады. Себебі әлемде ішер ас пен киер киімге жарымай, қайыршы күй кешіп жүрген қаншама халық өмір сүруде. Солармен салыстырғанда біздің шүкіршілік ететін жөніміз бар. Мысалы, қытай досымды бір демалыста елге, үйіме ерте келдім. Ондағым Қазақстанды көрсін, қазақ деген ұлтты танысын деген ой еді. Шыны керек, сондай елден келсе де, досым Қазақстанға қатты қызығып кетті.
– Досыңыз Қазақстанның, жалпы, қазақтың несіне қызықты? Ойын ашып айтты ма?
– Былай қарағанда, қызығатын дәнеме жоқ сияқты, Қытай шекарасынан аса бере-ақ, жолымыз ойқы-шойқы. Жол тек бір ғана мысал, әйтпесе Қытай бізден қаншама жыл алға дамып кеткен. Біздегідей кезекке тұру, базарға бару деген жоқ, ол халық әлдеқашан банктегі есепшотын үйде отырып-ақ басқарып, киім-кешек дейсіз бе, тұтынуға қажет тауарлардың бәріне үйден ұзап шықпай-ақ интернет арқылы қол жеткізетін дәрежеге жеткен. Сондай елден келе тұра қытай досым біздің елге таңғалды, қызықты. Неге? «Дүние дүрлігіп жатқан заманда, ертеңгі күн үшін күресуге мәжбүр кезеңде, сендер өз беттеріңше тып-тыныш, мамыражай өмір кешіп жатыр екенсіңдер. Таза ауа, бәсекелестік өте аз, тіпті жоқтың қасы, ерсілі- қарсылы ағылып жатқан адам, қарбаласып жатқан тіршілік жоқ» деп таңғалды досым. Ол біздің елден жанның тыныштығын тапқан еді. Бұл жақсы, әрине, алайда ол соған қанағат етіп жата беру керек деген сөз емес.
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыс тілейміз.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
http://alashainasy.kz/culture/41433/