Маралбек САҒЫНҒАНОВ, «Еуразия Бірінші» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі:
– Алғашқыда репортаждарды тек қазақ тілінде жазып жүрдіңіз? «Өзімді екі тілді журналист ретінде сынап көруге бел будым» деген болатынсыз. Сынақтан өте алдыңыз ба?
– Қазақ және орыс тілді жүргізуші ретінде бір жылдай эфирде болдым. Орысша «акцентпен» сөйлейтінімді сынағандар да кездесті. Бірақ тап бұдан қысыла қойғаным шамалы. Бәрібір ана тілімде сөйлегендей сөйлей алмасым анық. Орыс тілінде жазуға келсек, қазір бір ақпараттық сайтқа материалдар беріп жүрмін. Редакторлар «қоя қой» деп жатқан жоқ. Көп мақтамайды да. Соған қарағанда әлі де сынақта жүрген тәріздімін.
Диктор ретінде сөйлесеңіз: эфирге дейін немесе эфир барысында қандай да бір кедергілер болды ма?
– Эфирге дейін ешқандай кедергілермен ұшырасып көрмеппін. Рас, мәтіндерді түзету барысында тілшілермен, редакторлармен түсініспей қалатын кездер болады. Бұл кез келген ұжымда кездесетін жәйт. Ол керісінше ақтық өнімнің сәтті шығуына жағдай жасайды. Дегенмен, тікелей эфирдің аты – тікелей эфир. Түрлі форс-мажор сәттер болып тұрады. Менің міндетімнің бірі – сол сәттердің «жымын» білдірмей жіберу.
– Мәселен, Алматы маңында құлаған ұшақ апатынан қаза болғандар жайында ақпаратты сізге эфирге қағазға жазып әкеліп бергенде, қандай қиындық болды?
– Бұл жүргізушілік қызметімдегі ең ауыр эфир болды. Апатқа қатысты, кезектен тыс шұғыл жаңалықтар шығардық. Жиырма бір адамның қазасын естірту оңай емес. Қаза болғандардың әрқайсысының есімін көмейден күшпен шығаруға тура келді.
– Жұртшылық көбіне журналистерді тек қана келеңсіз жаңалықтар берумен шектеледі. «Кейде осы БАҚ-ты оқып, теледидар көрудің қажеті шамалы… Айтады, айтады, нәтиже жоқ…» дегендей пікірлер айтып, кінәлап жатады. Бұған не дейсіз?
– Әрине, әрбір айтқан сөзімізден нәтиже шығып жатса, біз де мәз болар едік. Алайда, БАҚ – мәселені шешетін құзыретті мекеме емес. Мәселенің түйінін тарқататын мамандар бар. Журналистердің міндеті – көрсету, айту, назар аударту, ең әрі кеткенде бақылау. Бұл жайтты Владимир Познер бір сөзінде былай суреттеген еді. «Журналист ит сияқты. Иә, біздер үреміз, қатты үреміз, кейде тістеп алуымыз да мүмкін. Бірақ мәселені шешу үшін өзгелердің көмегі қажет». Теледидарда дау-дамай, қан мен қырғынға толы жаңалықтардың көбейіп кеткені рас. Алайда, бұл да көрермен тудырып отырған сұраныс. Рейтингтерге зер салып көріңіз. Сіз айтып отырған «келеңсіз жаңалықтарды» көрсететін бағдарламалардың бәсі жоғары. Біздің арнаның басшылығы мұндай ақпараттарды негізгі жаңалықтарда көрсетпеу туралы шешім қабылдады. Сол үшін арнайы «112» бағдарламасы ашылды.
Сонда «112» бағдарламасының рейтингі жаңалықтардан жоғары болғаны ғой…
– Бірнеше есе жоғары деп айтпаймын. Алайда айырмашылық бар. Бұл бағдарламаның бөлек шығуы арқылы, арна басшылығы өзінің емес, көрерменнің жайын ойлап отыр. Мұнда не көрсетілетіні белгілі, білгіңіз келмесе, бала-шағаңызға көрсеткіңіз келмесе, өзіңіздің көңіл-күйіңізді түсіргіңіз келмесе өткізіп жіберіп, тек жаңалықтарды қоса аласыз.
– Халықтың мұң-мұқтажын жеткізуде біздегі БАҚ өз рөлін тиісті деңгейде атқара алуда ма?
– Меніңше, қазіргі күні халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін жалғыз құрал осы БАҚ-тар болып отыр. Біздің редакцияның өзіне күн сайын ондаған хаттар келіп жатады. Солардың ізімен талай репортаждар түсіріліп, талай мәселе көтерілді. Дегенмен, бұл ақпарат құралдарының жалғыз ғана функциясы еместігін ұмытпау керек. Ақпаратты мейілінше толық, жан-жақты, шынайы етіп жеткізу ең басты міндет. Әйтпесе, өз жағдайын жасау үшін саусақ қимылдатуға ерінетін адамның тағдырына үкіметті айыптай беруге тағы болмайды. Қиыны, мәселеге осылай бір жақты ғана қарайтын журналистер бар.
– Журналистер қоғамдық пікірді қалыптастыруда қаншалықты белсенді?
–Бұл мәселеде журналист өзі байқамаса да белсенді болып шыға келеді. Журналист сөзінің асүйде отырып айтылған әңгімеден айырмашылығы сол – қоғамдық пікірдің қалыптасуына дем бере алатындығы. Осы орайда, өзіміздің «құдіретімізге» малданып кетпей, абай болғанымыз абзал. Қарапайым мысал келтірейік, ауруханада науқас көз жұмады. Айыпты – дәрігер. Енді журналистер оны сауатсыз, оңбаған адам қылып суреттейді. Алайда, осыған дейін оның қаншама адамды ажалдан арашалап қалғаны, қанша сырқатқа демеу болғаны ұмыт қалады. Ал көрермен айтылған сөзді бірден ақиқатқа балап, жаңағы дәрігер туралы пікір қалыптастырып үлгереді. Әрине, науқасты өлтіріп алған дәрігерді ақтаудан аулақпын. Бірақ оны асқан құбыжық қылуға да қарсымын.
– Бүгінде қазақ тележурналистикасында бас ауыртар мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Ізденіс. Біліктілікті жетілдіру. Жаңалықтардың қарапайым міндеттерін түсінбей жататындар бар. Әсірелеу көп. Бірдеңені айтып келе жатып, «Ең сорақысы» дейді. Журналистің бұлай баға беруге қақысы жоқ. Көрермен ненің «ең сорақы», ненің «жай ғана сорақы» екенін өзі шешсін. Өз пікірін қосып жіберу жиі кездеседі. Тавтология да әлі күнге бөлек жыр. Шаблонға тәуелді журналистер де кездеседі. Кейбір арналардың жаңалықтарына зер салып көріңіз, кез келген ақпараттың екінші сөйлемі «Бұл туралы Бәленше Түгеншеев хабарлады» деп келеді. Бір рет ештеңе етпейді, жүргізушінің әрбір әңгімесі осылай басталғанда арнаны ауыстырып жіберуден басқа амал қалмайды.
– Кей жағдайда журналистика әлеуметтік желілердегі ақпаратқа тәуелді екенін байқау қиын емес… Сіздің пікіріңіз?
– Әлеуметтік желілер – қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі. Алайда, біздің журналистикада олар үлкен маңызға ие деп айта алмас едім. Негізгі ньюсмейкерлер сол дәстүрлі күйінде қалып отыр. Әлеуметтік желі тудырған соңғы шу Мирзоянның адам атуға лимит беруін сұраған хаттары сияқты. Одан басқасы есіме түспей тұр.
– Мәселен, Алматы қаласындағы бензовоздың жарылуы жөнінде ақпарат әлеуметтік желілерде жылдам әрі жиі жарияланды. Кейбір БАҚ құралдары сондағы ақпараттарды көшіріп берсе, енді бірі сол дәйек-деректерге сүйене отырып сараптама жасады ғой…
– Жұрттың барлығы үшін мен жауап бермей-ақ қояйын. Алайда, әлеуметтік желілердегі ақпараттың негізінде сараптама жасайтын адам журналист атана алмайды. Міндетті түрде кәсіби маманның, сарапшының пікірі қажет. Несін жасырамыз, уикипедиядағы материалдарды да ақиқатқа балап, көшіріп алатын журналистерді көріп жүрміз. Бұл да сол, жоғарыда айтылған, ізденіс пен біліктілікті жетілдіруге қызығушылықтың жоқтығынан шығар.
– Батыс журналистикасының ақпаратты жылдам берудегі артықшылығы – журналисттердің «әмбебап» болуында деп жатады. Сол айтқандай, «әмбебап» журналистикаға қадам басуымызға не кедергі?
–Біздегі журналистика «әмбебап» емес деп айта алмаймын. Керісінше, біздің журналистер кез келген тақырыпқа қалам тербеп кете береді. Әмбебаптық сапаға кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, қазақ тілді журналистердің ішінде Қашағанның бүге-шүгесін білетін немесе экономикалық мәселелерді суша сапыратын мамандар аз. Осы орайда әмбебаптықтан гөрі, бір саланың майын ішкендерге деген қажеттілік басым.
– «Әмбебап» журналистика деп батыс журналистерінің техниканы еркін меңгеріп, жаңа медиамен жақсы жұмыс жасай алатынын айтып едім…
– Елімізде бар техниканы меңгеру жағынан біздің журналистер де ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Қажет болса, видео түсіріп, монтаждай беретін журналистер Еуразия бірінші арнасының редакциясында толып жүр. Жаңа медиа жағынан ақсайтынымыз да рас. Тележурналистердің арасында блог жүргізетіндер аз. Бұл – өкінішті. Өйткені блоггинг журналистиканың келесі үлкен қадамы болмақ. Блогосфера қарқынды дамыған сайын, дәстүрлі ақпарат құралдарынан қызығырақ болып кетуі мүмкін. Ең құрығанда, көрерменімен пікір алмасып, үнемі қарым-қатынаста болып отыруы үшін ғана блог жүргізуге болады. Кейде жүргізуші ретінде айта алмайтын нәрселерді блогымда жазып, шер тарқатып алатыным бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана НҰРМҰХАН