Орталық коммуникациялар қызметінің соңғы күндердегі баспасөз мәслихаттары еуразиялық интеграцияға арналып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астанаға еуразиялық интеграция аясындағы өңіраралық байланысты сөз ету үшін арнайы келіпті. Жалғыз емес, жанына көрші Ресейдің Алтай өңіріндегі кәсіпкерлерді ертіп алған. Әкім, әрине, интеграция керек деді. «Шет мемлекеттермен ықпалдасу, олармен өзара тиімді экономикалық байланыстарды кеңейтіп, нығайту үшін интеграция керек» деп сөз бастады.
Облыс шекарасының 840 шақырымы Ресеймен шектесіп жатқанын айтқан әкім ШҚО-ның көрші мемлекеттермен де, басқа мемлекеттермен де қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін тілге тиек етті. «Онсыз кәсіпорындар өнімін сату мүмкін болмайды. Сосын сол елдегі жаңалықтар мен жаңа технологияларды енгізуге де интеграцияның көмегі бар» деді Б.Сапарбаев. Өңір басшысының дерегінше, бүгіндері ШҚО-да 379 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде, оның 230-ы Ресеймен, 5-і Беларусьпен, 2-3 – Армения, Қырғызстан және Қытаймен бірлесіп құрылған. Осы кәсіпорындардың арқасында облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр екен. Мысалы, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресеймен және Беларусь елімен арадағы сауда айналымы шамамен 1,9 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 300 млн, импорт 1,6 млн долларды құраған.
– Бүгінгі таңда қолға алынып отырған ең үлкен жоба – Ресеймен бірлесіп салынып жатқан «Азия авто» зауыты. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 120 мың көлікті құрайтын болады, – деді өңір басшысы. – Қазіргі таңда ШҚО еліміздегі машина жасау саласындағы басты өңір болып есептеледі. «Азия авто» өткен жылы құны 100 млрд теңге тұратын 30 мың машина шығарды. Биыл бірінші тоқсанның өзінде ғана құны 27 млрд теңгеге 8 мың машина шығарды. Зауыт бүгінде Қазақстанның 63 пайыз жеңіл көліктерін шығарып жатыр.
Облыс әкімі автокөлік құрастыру зауытының бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бізде салық салуда жеңілдіктер бар, Ресеймен салыстырғанда төмен. Сондай-ақ электр энергиясы, су бағасы да төмен. – Осы жағдай машина жасау кәсіпорындарына зор мүмкіндік береді. Бізде жұмыс күші де олармен салыстырғанда арзан. Осының барлығы бізде шығарылатын көліктерді төмен бағамен сатуға мүмкіндік береді, – деді ШҚО әкімі.
Интеграция туралы брифинг болған соң, әкім Белоруссиямен бірлесіп шығаратын трактор, бірлесіп өндіріп жатқан сүт өнімдері туралы сөз қозғады. ШҚО-дағы мұнай және газ салалары үшін жабдықтар шығаратын арматура зауыты өнімдеріне Ресей мұнайшылары мен газ өндірушілері тарапынан сұраныс жақсы екенін айтты. Мәселен, былтыр бұл зауыттың Ресеймен арадағы тауар айналымы 3 млрд теңгеге жетіпті. Айтқандай, облыс кәсіпкерлері Алтай өңірінде сауда үйлерін ашып, қазақстандық өнім өндіруді жолға қоймақ көрінеді. «Біз Өскеменде, құс етін тереңдетіп өңдейтін зауыт аштық. 1 килограмм еттен 70 түрлі өнім жасалады. Кәсіпорын Алтай өңірінде де өз зауытын ашуды көздеп отыр. Сонымен қоса, өңір губернаторымен болған соңғы кездесуде Барнаулда Шығыс Қазақстан облысының өнімдері сатылатын сауда орнын ашу туралы келістік» деді Бердібек Мәшбекұлы.
Бал шаруашылығымен ерекшеленетін өңір бұл салаға да басымдық беріп отыр. ШҚО-да аталған салалар үшін арнайы бағдарлама қабылданып, пантокрин мен бал өнімін шығаруды дамыту жолға қойылғаны белгілі. Нәтижесі сол, бүгінде ШҚО-ның балы Қытай мен Ресейге экспортталуда. Жуықта ШҚО омарташыларының өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері де тұтына бастауы мүмкін екен. Ал пантокрин Корея, Қытай, Ресейге жөнелтілуде.
Баспасөз мәслихатының БАҚ өкілдерінің сұрақ қоятын сәті келгенде Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі тақырыптан ауытқымауды жиі ескертті. Соған қарамастан, өңір басшысы журналистер қойған сұрақтың барлығына жауап берді. Мәселен, облыстағы жолдардың сапасына қатысты айтылған сынмен келіспейтінін білдірді. «Облыстағы жолдар шұрық-тесік» дегенмен мен келіспеймін. Біз облыс әкімшілігінде осы мәселені қарадық. Әрине, бәрі жақсы деп айта алмаймын. Бірақ 30-40 жыл жөнделмеген жолдарды бес-алты жылдың ішінде жөндеу мүмкін емес. Оның үстіне біз қазіргі таңда экономикамызға, халықтың жағдайына әсер ететін жолдарды жөндеуге басымдық беріп отырмыз деді. Әкімнің айтуынша, биыл жолдарды жөндеуге 21 млрд теңге қаражат бөлініпті.
Риддер қаласында опырылып құлаған тұрғын үй үшін «Қазмырышты» жазаға тарту мәселесі шешілмегенін де әкімнің өзінен білдік. Оның айтуынша, құлаған үйдің иесіне «Қазмырыш» өтемақы берген. Ол қаражат үй салуға немесе жаңа пәтер сатып алуға жеткілікті. Ал өзге 43 үйдің жағдайына байланысты 100-ден 200 мың теңгеге дейін «Қазмырыш» есебінен материалдық көмек бөлінген. «Ал кінәлілерді жазаға тартуға келсек, әзірге «Қазмырышты» жазаға тарта алмаймыз. Өйткені қазір бірлескен комиссия құрылды, ол шешім шығаруы тиіс. Содан кейін оларға қатысты жаза қолданылады» деді әкім.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
http://www.aikyn.kz/news/view/47439