Қосымша табыс көздерін іздеп немесе өз ісін бастағысы келіп, алайда оның нақты жолдарын білмей жүрген қыз-келіншектерге құлаққағыс. Үй шаруасы мен өз ісіңді қалай қатар алып жүруге болатынын, отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдарын үйретіп, көп қаржы қажет етпейтін шағын істі қалай бастауға болатыны жөнін-де ақыл-кеңес беретін «Бизнес-ана» жобасы жүзеге асырылуда. Оны қолға алып отырған – «Әйелдердің көшбасшылығы қоры». Аталмыш жоба аясында Алматыда 16-17 наурыз аралығында «Бизнес-ана» екінші конференциясы өтеді. Қоғамдық қор жетекшілерінің айтуынша, бұл конференцияның мақсаты – жеке кәсіпкерлік, фриланс, үйде отырып табыс табу, отбасылық бизнеске қызығушылық танытатын қыз-келіншектердің басын біріктіру.
Жыл өткен сайын, ел экономикасында әйел еңбегінің рөлі артып келеді. Соның ішінде өз ісін бастап, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Мәселен, Ernst&Yuong халықаралық компаниясының мамандары әйелдер кәсіпкерлігінің әлемде қарқынды дамып жатқанын айта келіп, 2028 жылға қарай әйелдер дүниежүзі бойынша кіріс-шығыстың 75 пайызын бақылап отырады деген байламға келіпті. Әрине, Қазақстандағы статистика ондай деңгейге жете қоймаса да, әйелдердің өз кәсібін бастауына барлық мүмкіндіктері бар деп пайымдайды жобаны ұйымдастырушылар. – Біздің қорымыздың аты «көшбасшылық» деп айғайлап тұрғанымен, басты мақсатымыз әйелдердi барлық сала бойынша көшбасшылыққа шығару емес, керісінше, кез келген жағдайда «әйел-ана» болып қалуына көмек беру. Бұл жобалар, ең бірінші, отбасылық құндылықтарға басымдық бере отырып, әйелдер аудиториясына арналған. Яғни үлкен компанияларда басқарма бастығы болатын, мансап биігінен көтерілуді мақсат тұтатын әйелдерді оқыту емес, отбасына қосымша қаражат тауып, өзінің кәсіби біліктілігі мен отбасылық өмірін сабақтастыра білуге үйрету, – дейді «Әйелдер көшбасшылығы қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мария Гусейнова. Ал «Бизнес-ана» конференциясында қатысушылар сарапшылардан өз ісін қалай ұйымдастыру және жүргізу, өз уақытын тиімді пайдалану, кіші және орта бизнестің аз шығынды түрлері туралы кеңес алып, тиімді байланыстар орната алады. – Бұл басқосу оқыту мен ықпал жасауға бағытталған. Конференцияда заңдық, қаржылық жағынан кеңес беретін сарапшы- лар, хоббиін бизнеске жеткізу жолдарын айтатын маркетологтармен қатар, отбасы мен кәсіпті керемет үйлестіре білген биз-нес-аналар өз тәжірибелерімен бөліседі. Неге біз жобамызды «бизнес-леди» немесе «бизнес-вумен» деп атамадық? Өйткені ол бала күтімімен үйде отырған, алайда қосымша табыс көзін қажет ететін, соны табуға мүмкіндігі бар аналарға арналған. Бізге келетін әйелдердің 30 пайызының өз идеялары да болмайды. Жиын барысында идея алмасу да жүреді. Өткен жылғы конференция нәтижесінде ең жас қатысушы 18-де болса, ең үлкені алпыста болды. Кейде декреттік демалыс кезінде көптеген әйелдер өзінің кәсіби біліктілігін төмендетіп алады. Өмірде түрлі жағдай болады, алайда ең маңызды- сы – бала тәрбиесімен отырған кезде де еңбектік әлеуметтендіру бағытында олар көмекке зәру, – дейді жобаның үйлестірушісі Светлана Богатырева. Қор өкілдері болашақта арнайы интернет-портал ашуды жоспарлап отыр. Ол жобаның бүкіл республиканы қамтуына үлкен үлес қоспақ. Сондай-ақ тек кеңес беріп қана қоймай, нақты көмек беретін, интернет пен телефон байланысымен қамтамасыз етіл-ген, келіссөз жүргізетін арнайы залы бар ресурс орталығы да ашылуы мүмкін. Онда әйелдер баласын бірнеше сағатқа кәсіби күтушіге тастап, өзінің шаруасын бітіріп алуына болады. Әрине, бастама жақсы. Бала күтімімен отырған кезде де, аз да болса кіріс кіріп тұрғанын кім жек көрсін. Дегенмен аналардың өздері ең бастысы – бала тәрбиесі мен шаңырақтың шайқалмауы екенін естен шығармағаны игі. Үмітжан ЖАПАР
|
http://www.aikyn.kz