Біздің бүгінгі ұрпақтың ежелгі ата-бабасы осы мекенімізге қоныс теуіпті. Тарихшылар Сақ, Скиф, Қыпшақ империяларының, Үйсін Күнбилігі мен Алтын Орданың әмірі оңтүстікте Үндістан, оңтүстік шығыста Қытай, батыста Еуропа жеріне дейін жеткен дейді.
Бұл біздің ғана емес, бүкіл әлем тарихшылары жазған ақиқат. Сондай-ақ аталған ата-бабалар мемлекеттіктері дәурен құрған шағында тұлпарымыздың тұяғы солтүстікте Тундра мен Тайганы таптағаны белгілі. Ол кезде солтүстігімізде қазіргідей қуатты алып мемлекет болмаған, ол – ол ма, кешеге дейінгі тарихшылары «викингтерден тарағанбыз» десе, бүгінгі тарихшылары «жоқ, олай емес, Скифтермен көршілес Сарматтардан тарағанбыз» деп жүрген орыс ұлты мүлде жоқ еді. Иә, бұрын солай болған.
Уақыт өте келе бір атадан тараған ұлдар таққа таласып, бір-бірімен қырқысты да ақыр аяғында 1219 жылы Тимучжиннің қырғынына ұшырадық. Онан соң дүниені дүрліктірген «қан шеңгелдеп туған» хан бүгінгі қазақ жерін Жошы, Үгедей, Сүбедей дейтін ұлдарына мұраға беріп, не керек, үшке бөлініп, «үш жүз» дейтін ұғым сөздік қорымызға енді. Үш жүз хандары мен сұлтандары бір-бірімен қырқысып, салдарында өзімізден он есе аз қалмақтардың қырғынына ұшырадық. Не керек, баяғы Скиф, Сақ, Үйсін бабалар ұрпағының дәурені өтіп, ақыр аяғында 1733 жылы өткен уақыт ішінде ұлт ретінде қалыптасса да Алтын Орда империясы кезінде бізге князьдерін тағайындаттырып тұрған орыс халқының күшейіп алған Ресей империясының боданына өтуге өтініш жасадық. Бұл да болған.
Сол 1733 жылдан 1991 жылға дейін Ресей империясында, оның құрамындағы бодан қазақ жерінде, елінде не болмады дейсіз. Жақсы да, жаман да болды. Оның бәрі шаң басқан тарих қойнауында қалды. Десек те, сол тарихтан мәңгі өшпестей жанымызға да, тәнімізге де телінген бір ақиқат бізбен бірге, ол – ежелгі атамекенімізге Ресей империясы мен коммунистік КСРО державасын билегендердің тікелей бұйрығымен сан ұлт өкілдерінің қоныстандырылуы. Бұл күнде егеменді Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрып жатыр десек, олар қарумен келген жаулап алушылар емес. Биліктің зорлығымен келгендердің ұрпақтары. Біздің жерімізге басқа ұлт өкілдерін күштеп қоныстандыру патшалық Ресей заманында-ақ басталған. Ал КСРО державасы тұсында 1936-1937 жылдарда репрессия құрбандықтарына айналып «Алжир» қапасының тұтқыны болып, мерзімін өтеп шыққан соң байырғы мекеніне қайта оралған жүрегі шайлығып, осында қалып қойғандар, Ұлы Отан соғысы жылдарында өз атамекендерінен зорлықпен қоныс аударғандар, фашистер жаулап алған аймақтардан амалсыздан эвакуацияланғандар, сондай-ақ тың игерушілер дейтін ауқымды-ауқымды, лек-лек топты құраған өзге ұлт өкілдері келді де қалып қойды. Сөйтіп, олардың көбісі, басым көпшілігі қазақтың бір баласындай болып кетті. Герольд Бельгер, Асылы Османова, Надежда Лушникова, Үш Татьяна секілді тамаша да танымал тұлғаларды өзімдікі емес, өзгенікі деп қалай айта аларсың. Ахмет Байтұрсыновтан бастап Олжас Сүлейменовке дейінгі тұлғалы қазақтардың ауқымды бір бөлігі әжелеріміз бен жеңгелерімізді басқа ұлттан таңдаса бұл жерде қандай кемістік бар?! Иә, бүгінгі қазақтар арасында «интернационалды неке» деп аталатын ұғымның ұрпағы да біраз болып қалады. Оны «бауырымыз емес» деуге бола ма?! Егемендік «аралас некені» көбейтпесе азайтқан жоқ. Бұрын негізінен, ұлдарымыз өзге ұлт қыздарына үйленсе, қазір қыздарымыз өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуда. Бұларды қалай шектейміз?!
Жалпы, адамзаттың барлық ұрпағының даму тарихына көз жүгіртсек қазақ та, орыс та, ағылшын да, француз да, қытай да, үнді де, не керек, бәрі-бәрі ассемиляцияның жемісі. Осыған қарап-ақ ұлт ұстазы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті бүгінгі бізге және біздің жалғаса беретін бүкіл ұрпағымызға арналған ең қасиетті сөз екенін түсінуге болады. Дініміз бойынша Исламды ұстансақ, оның өзі «интернационалды дін» емес пе?! Демек, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егеменді Қазақстан Республикасын құрған алғашқы сәтінде-ақ мемлекетіміздің мәңгілік ұстанымы Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыс өкілдерінен құралған азаматтардың заңдық негіздегі құқы тең деуі тарихымыз бен бүгінгі болмысымыздың өзі ұсынған басты қажеттілік. Иә, біздер Қазақстан халқы ұлтына, дініне, жасы мен жынысына, әлеуметтік тегіне қарамастан тең құқылы азаматтармыз. Конституциямызда жазылған заңды ақиқат та, табиғат пен тарих қалыптастырған ақиқат та осыны мойындатады. Демек, бірінші мамыр Қазақстан халқы деп аталатын 18 миллиондық бүкіл дүйім жұрттың бойтұмарындай ең қасиетті мереке.
А.Затаевич, З.Кедрина, И.Панфилов, С.Рафиков, М.Горяев,Е.Брусиловский, Л.Хамиди секілділерге алғыс айтар күн1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл күнде Қазақстан жеті емес, жүз бояумен құлпырған әлем қызығатын тамашаға айналуы тиіс. Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бар десек, солардың барлығы да өз тілдері мен мақамдарында сөйлеп, ән айтып, би билеп көңіл көтеріп, өсіріп жатқан ұрпағына ұлттық дәстүрлерін көрсетіп, не керек, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған Қазақстанның мерейін үстем ететіндей жасампаздық ісімен айналысса, бізге керегі осы. Бұл күнде біздің баршамыз қазақ халқына ерекше еңбек сіңірген, ұлттың даңқын аспандатқан өзге ұлт тұлғаларына алғыс айтып, аруақтарына бас иіп, иман тілеуге тиіспіз. Айталық, Александр Затаевич Атыраудан Алтайға дейін созылған қазақтың ұлан-байтақ даласын атпен аралап, ата-бабаның мұрасын «қағазға түсірмесе» бүгіндері біздің байлығымыз делінетін ежелгі әндеріміз бен күйлеріміз ұрпақтардың игілігіне айналар ма еді, қайтер еді?! Бір ғана Сәкен Сейфуллинге ғашық болуы арқылы бүкіл қазақ халқын бүкіл ғұмырында сүйіп өтіп, Бибігүл Төлегенова секілді бұлбұл қызды Семейдегі зауыттан дүниежүзі сахнасына шығарып берген, Зоя Кедринаны қалайша басқа ұлттың өкілі дейміз?! Даңқты девизия командирі Панфилов Қазақстан атын әлемге жайған жоқ па?! Әрі-берідесін қас батырымыз Бауыржан Момышұлының қаһармандық тұлғасын сомдап шығу да Панфилов қызметінің қандай болғанын ұлт мақтанышының өзі айтып, жазып кеткен жоқ па?! Академик, химия ғылымдарының докторы, қазақ ғылымының құдіретін жер жүзіне мойындатқан Еділ Ерғожиндей тамаша ғалымның ұстазы болған Сағид Рафиков аруағына алғыс айтып, құран бағыштасақ, жарасымы сол емес пе?! Ал Михаил Иванович Горяев секілді ғалымымыз қазақ жерінің жусанындағы пайдалы қасиеттерді зерттеп, ғылыми негіздеп беру үшін ұлан-байтақ даланы бүкіл ғұмырында жаяулап-жалпылап, аралап шыққаны үшін де алғыс айтуға тұрарлық тұлға емес деп тек білімсіз ғана айта алар. Химия ғылымындағы ол салған сүрлеу бүгінгі және келер ұрпақ жалғастырар тамаша да игілікті, сонысымен қоса, соқпақсыз пайдалы жол. Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди қазақтың саз өнерін дамытқан, байытқан және жер бетіне танытқан тұлғалар болуымен де біздің баршамыздың құрметімізге лайық тұлғалар. Қазақ саз өнерін адам шошынарлықтай қиқылдақ-шиқылдақ құбыжыққа айналдырып жіберген ұлты қазақ «киндер сюрприз» жұлдыздар мезі қылған шақта ұлтымыздың байырғы «құлақтан кіріп, бойды алатын» әуендерін айтып, көктемде Алматы сахнасына шыққан үш Татьянаны көргенде кәусарына тап болғандай сезінген қазақ бұларды бөтен дей алар ма?! Оқырман байқаған шығар, біздің ойымызға оралған өзге ұлт тумалары болса да қазақ даңқын шығаруға зор үлес осынау тұлғаларды қалайша «жат» дей аламыз. Жоқ, олай деуге иман алдында хақымыз жоқ. Иә, бүгінгі жасампаздыққа ғарыштық жылдамдықпен ұмтылып бара жатқан егеменді Қазақстан Республикасына есімі берілген халыққа қызмет еткен осындай-осындай тұлғалар жат емес, өзіміздің бауырларымыз. Олар өзгеге емес, қазаққа қызмет етті. Мұны ұмытуға бол ма?!
Қазақстан – баршамыздікі
Бүгінгі Қазақстанды жасап шығарған тек қана қазақтар деу тек білімсіздің сөзі. Тек қана қазақтар 1733 жылға дейінгі Қазақстан аумағындағыны жасаған. Одан басқасын біз өзге ұлт өкілдерімен бірге жасадық. Мойындасақ та, мойындамасақ та шындық осы. «Өткенге тас лақтырғысы келетін» топ бізде де бар. Бұған көз жұмуға болмайды. Олар 1991 жылға дейінгі ұлт жетістігін тек қазақтар жасаған дегісі келеді. Ал біз Компартия білім мен ғылымды бұқаралық деңгейге шығармаса, бүгінгі Қазақстан болмас еді дегенді ашық айтамыз. Атыраудан Алтайға дейінгі тас жол мен темір жолды мұраға қалдырған да КСРО державасы. Ал кеңестік Қазақстанда сол кезде де 100 ұлттың өкілі тұрған. Яғни 1991 жылға дейінгі жетістіктің барлығын бүгінгі қазақстандықтар барлығы бірігіп, жасады. Олай болса, егеменді Қазақстан Республикасы, сөздің тура мағынасында бүкіл ел азаматтарының мекені, ортақ туындысы және игілігі. Осыны дұрыс түсініп, халыққа дұрыс түсіндіру керек. Ұлтшылдық пен шовинистік ұстанымдар еш ұлтқа, еш мемлекетке пайда бермегенін адамзат тарихы жақсы біледі. Жер бетіндегі кейінгі оқиғалар да біздің осы сөзіміздің нақты дәлелі бола алады. Біз мәңгілік ел құрамыз деп жасампаздыққа талпынып жатырмыз. Ал кейбіреулер ұлтшылдық пиғылмен қантөгіс жасауда. Біздікі бөлшектенбеушіліктің, яғни бірлік пен ынтымақтың жемісі. Ал қантөгіс оқшауланушылықтың қайғысы.
Қорыта айтқанда, бірінші мамыр – біздің мемлекет тұрғындарының бойтұмарындай мәңгілік және ең қасиетті мерекесі. Бұл күннің басты міндеті бірге, дәлірек айтсақ, 18 миллиондай халқымыздың баршасын бірдей шаттандыру. Жетістіктерімізге қуанып, болашағымыздың ұлан-ғайыр жоспарын орындау жолындағы толып жатқан жұмыстарға жігерлене кірісетін күш-қуат осы мерекеден алынады. Ол қазақстандықтардың бірлігі, тұтастығы, ынтымағы, сыйластығы, бір-біріне деген құрметі мен ыстық ықыласы арқылы пайда болады. Жанымда жау емес, досым бар деп ойлай алатын, сене алатын адамдар ғана қиынды жеңеді. Ендеше, алдына асқаралы міндет қойған халқымыз биіктерге шыға беруі үшін де ынтымағы мен сыйластығын бір-біріне құрметі мен сүйіспеншілігін, тұтастықты көздің қарашығындай сақтауы қажет. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бұл бізге данышпан абызымыз Абай айтқан өсиет. Бұл бізге ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ата заңымызда заңдастырып берген баға жеткісіз құндылық. Иә, Тәңірім бізді ең қымбат құндылығымыздан айырмасын!
Жџмабек ЖАНДIЛДИН
http://www.aikyn.kz/articles/view/48344