АЛТЫНОРДА
Новости

«БОЛАШАҚТЫҢ» БАЛАЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ НЕГЕ ШОРҚАҚ?

«Болашақтың» балалары мемлекеттік тілге неге шорқақ? 

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы:

– Егер сен Қазақстанның азаматы болдың ба, міндетті түрде мемлекеттік тілді – қазақ тілін білуге тиіссің. Бұл – міндет. Соның ішінде сен жас болып, «Қазақстанның болашағымын» деп, «Болашақ» бағдар­ла­масымен шетелде оқығың келеді екен, онда тілді біл. Кем болмайсың. Ол сенің ертең елге келгенде жейтін наның. Осы орайда би­ліктің «Болашақпен» оқитындарға мем­лекеттік тілді білуді міндеттеуі орынды. Сөз жоқ, қолдау керек. Тіпті оларға қойылатын бірінші шарт та осы болуы тиіс.

 

Риза ИЛИЯСОВА, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы: 

– Мейлі, «Болашақ» бағдарламасымен оқи ма, әлде өз күшімен барып шетелде оқи ма, бәрібір, ол азамат өз отанының, өз елінің тілін жетік білуі тиіс. Тіпті осында оқып, не болмаса жұмыс істеп жатқан кез-келген адам, ол қазақ бола ма, өзге ұлт бола ма, мем­лекеттік тілді білуі шарт. Мәселен Ре­сейді алайық, онда міндетті түрді орыс тілін білуің керек. Тіпті жұмыс іздеп сонда барған гастербайтерлердің өзіне орыс тілін білуді мін­деттеп жатыр. Сол секілді көрші Өзбек­станда өзбек тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың. Тіл білуге мәжбүрлеп қойған. Мемлекеттік тілді білуді біз де міндеттеуіміз керек. Одан ешкім қор болмайды. Жалпы, қызметке тұ­ратындарға мемлекеттік тілді білу жөнінде заңды талап қойылғаны жөн деп есептеймін.

 

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы:

–Көтеріліп отырған мәселе өте орын­ды. Тіпті өте қажет деуге болады. Біз бұл мәселені 2008 жылы көтерген болатынбыз. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы ұсыны­сымызды қолдады. «Болашақпен» оқитын­дарға мемлекеттік тілде шығарма жазуды енгізді. Бірақ жұмыста емес, үйден жазып келуді міндеттепті. Бұл енді күлкілі жағдай. Кейіннен әңгімелесуді енгізді. Бірақ бәрі жай шартты түрде жүрді. Артынша ұмы­тылып қалды-ау деймін.

 

Енді Кәрім Мәсімов сол мәселені тағы көтерді. Меніңше, екі шартты орындау керек. Біріншісі, «Болашақпен» бара ма, әлде білім көтеріп, жетілдіріп қайтатындар ма, бәрібір олар міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі керек. Тек қазақ тілін білетіндерді ғана жіберген жөн. Ол жақтан қайтып келген соң да ол азаматтар мем­лекеттік тілге үрке қарамайды. Мәселен, Қазақстанның ақшасымен оқып келіп, өзге шетелдерге кетіп қалғандар болды. Сондықтан тек мем­лекеттік тілді білетіндерді ғана шетелге оқуға жіберген дұрыс. Екіншіден, шет елге оқуға баратындарға байқау жүргізілгенде, оған міндетті түрде қоғамдық ұйымдардың, тіл комитетінің өкілдері қатысқан жөн.

Сауалнаманы жүргізген – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/44675