Әлемнің көптеген жоғары оқу орнында қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен тілі оқытылады. Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шетел университетіндегі аталмыш кафедралардың жұмысы мен тыныс-тіршілігін тұрақты түрде жариялап келеміз.
Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыру, шетелдегі жоғары оқу орындарымен байланыс орнату. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіргісі келетін жастарға бағыт-бағдар беру. Біз бұл жолы Болгариядағы қазақ тілінің қолданыс жағдайымен танысатын боламыз.
Әулие Климент Охридский атындағы Софиялық университеті 100 жылдық тарихы бар жоғары оқу орны. Ірге тасы 1888 жылы қаланған. Қазақ тілі пәні университеттің Классикалық және жаңа филология факультетінде түркі тілдерінің екінші тілі ретінде оқытылады. Түркология мен алтай тілдері кафедрасының студенттері қазақ тілі пәнін екінші курстың бағдарламасы бойынша екі семестр бойы міндетті түрде оқиды. Сондай-ақ үшінші курстың бағдарламасы шеңберінде таңдау пәні ретінде екі семестр бойы жалғастырады. Атап айтқанда, 1 академиялық жыл (бакалавр деңгейдегі міндетті оқу пәні) және 1 академиялық жыл (бакалавр деңгейдегі таңдау мүмкіндігі бар оқу пәні) деп бөлінеді.
Қазақ тілінің міндетті және таңдау пәндері ретінде аптасына 6 сағат, айына 24 сағат оқытылады. Пәннің негізгі оқушылары – түркологтар және болгар азаматтарынан құралған.
Пәннің мақсаты – түрколог-студенттерді даярлау шеңберінде, қазақ тілінің осы заманғы фонетика, грамматика, синтаксис пен лексикасын керекті компоненттері ретінде қарастыру. Жыл сайын міндетті пән ретінде қазақ тілін 20-25-ке жуық, ал таңдау пәні ретінде 6-7 студент оқиды. Қазақ тілінің қамтылу аясы, мәтіндерді оқу мен оларды аудару, сонымен қатар негізгі деңгейдің коммуникативті-сөйлеу білімімен шектеседі.
Әулие Климент Охридский атындағы Софиялық университеті екіжақты келісімдер негізінде Қазақстанның 11 жоғары оқу орындарымен байланыс жасасқан. Олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Павлодар педагогикалық институты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті және «Фемида» заң академиясы.
http://www.aikyn.kz/articles/view/46766