АЛТЫНОРДА
Новости

Брюссельде Жаңаөзенді еске алды

Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2013 жылАстана мен Алматыдағы азаматтық қоғам белсенділері 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алды. Ал Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқықтары туралы тыңдау өтіп жатыр.

Астаналық белсенділер Жаңаөзен оқиғасын еске алып тұр. 16 желтоқсан 2013 жыл

Астаналық белсенділер Жаңаөзен оқиғасын еске алып тұр. 16 желтоқсан 2013 жыл

Алматының Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішіне жергілікті әкімдіктің, түрлі партиялар мен ұйымдардың өкілдері келіп гүл қою және тәу ету рәсіміне қатысты. Жиналғандар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғыЖаңаөзен оқиғасында қаза тапқандарды еске алды.

Іс-шараны полиция қызметкерлері бастан-аяқ бақылап тұрды.

Астанадағы қоғамдық белсенділер бұрынғы саяси қуғын-сүргін көргендер ескерткіші, қазіргі Қазақстанның бас флагштогына келіп гүл шоқтарын қойды.

1986 жылғы 16-17 желтоқсан күндері Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына жиналған мыңдаған қазақ жастары Кремльдің шешімі бойынша Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып Геннадий Колбиннің тағайындалғанына наразылық танытты. Жастардың қарсылық акциясын арнайы әскер аяусыз түрде басып жаншып, бейбіт тұрғындарды ұрып-соғу үшін сапер күректерін қолданды. Демонстрацияға қатысушылардың көпшілігі қудалауға ұшырады. Қазақстан тәуелсіздік алған соң желтоқсаншылар ақталды.

Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2013 жылЖелтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2013 жыл

Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері және құқық қорғаушылар екі жыл бұрын желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандарды да еске алды. 2011 жылы Жаңаөзен мен Шетпеде полиция ереуілге шыққан мұнайшыларға оқ атып, 17 бейбіт тұрғын өліп, жүзден астамы жараланған еді.

Мұнайшылардың 2011 жылғы көктемде басталған ереуілі осылайша трагедиямен аяқталған еді. 2012 жылы «Жаңаөзен ісі» бойынша 30-ға жуық мұнайшы мен белсенді «жаппай тәртіпсіздік тудырды» деген айып бойынша сотталды. Бірнеше жергілікті шенеунік пен полицей «өкілетін асыра пайдаланды» деген айып бойынша жазаға тартылды.

Астанадағы жиынға қатысқан белсенділер Жаңаөзендегі оқиға мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының анық-қанығы әлі тексерілген жоқ деп мәлімдеді.

Желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен оқиғасына екі жыл толғанда Брюссельдегі Еуропарламентте депутат Пол Мерфидің бастамасы бойынша Қазақстандағы адам құқықтары туралы тыңдау өтіп жатыр. Тыңдауға қатысушылар «Жаңаөзендегі тәртіпсіздік» бойынша соттың қалай өткенін баяндап бермек. Олардың ішінде «Қаражанбасмұнай» компаниясы жұмысшыларының құқығын қорғайтын «Ақтау» кәсіподақ ұйымының өкілдері, қазақстандық белсенділер Болат Атабаев пен Айнұр Құрманов бар.

Қатысушылар Қазақстандағы саяси тұтқындар туралы, Жаңаөзен оқиғасынан кейін туған әділ сот мәселелері жөнінде пікір айтпақшы.Жаңаөзен ісіВладимир КозловтыңРоза Төлетаеваның және Вадим Курамшиннің соттарына да назар аударылмақшы.

Еуропарламент баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, тыңдаудан соң «Қазақстанның адам құқықтарын қорғау бойынша міндеттері: миф бен шындық» атты баспасөз мәслихаты өтпекші.

Лондонда бірнеше азаматтық белсенді Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінің ғимараты алдына жиналып Жаңаөзен оқиғалары кезінде қаза тапқан және майып болған мұнайшыларды қолдау акциясын өткізгені туралы да хабарланды.