Елден жырақта жүрген қазақтардың басын қосуға мұрындық болған, демеушілік көрсеткен – Қазақстанның Будапештегі елшілігі мен «Барыс» атты қазақ-мажар қоры. Қазақстанда кезінде елші қызметін атқарған Миклош Яцкович Наурыз думанның құрметті қонағы ретінде төрден орын алды. «Барыс» қорының бастығы Андраш Гал: «Наурыз мейрамы тек қазақтар ғана емес, мұндағы қыпшақ ағайындар үшін маңызды мейрам. Себебі біз тамыры бір қазақтармен осы мейрамның қуанышын бөлісеміз. Екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнаған соң, көп ұзамай біз-дің қор құрылды. Биыл «Барыс» қорына 15 жыл толады. Осы уақыт аралығында талай іс-шара ұйымдастырып, қазақ-мажар достығын нығайтуға атсалысты», – деп мерекені ашты.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналған қазақтар аз болған жоқ. Мажарстанның әр жеріндегі қазақтардың басын қосқан – Ақан Жұмабаев. Ол қазақтың дәстүрімен кездесу залын безендіріп, ұлттық жалауды желбіретіп, Қазақстанның бір бөлшегіне айналдырып жіберіпті. Ақ жаулықты ана Наурыз дастарқанының сән-салтанатын келтіріп, наурызкөже пісіріп, дастарқанға бауырсақ шашты. Мажарлар қазақ дастарқанының кеңдігі мен түрлілігіне тәнті болды. Қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді.
Мейрамның бел ортасында жүрген Оңайша Мандоки келген қонақтарды Наурыз мейрамының тарихы мен тойлану дәстүрімен таныстырды: «Наурыз – табиғаттың көктемгі жаңаруы, қазақтарда жаңа жыл. Қазақ алдымен амандасып, көрісуден бастаған. Кәне, бір-біріміздің қолымызды алып, амандасайық. Наурыз дастарқанының дәмі – наурызкөже. Ол дәнді дақылдардың 7 түрінен жасалады. Егін бітік шығып, жыл жемісті болсын деген ниетпен. Бұл күні тойып ішсеңіздер, жыл бойы тоқ жүресіздер, жыл бойы жолдарыңыз оңды болады, – деп жұртты наурызкөжеден дәм татуға шақырды.
Қазақша ән айтылды, өлең оқылды. Жұрттың назарын ерекше аударған – мажар қызы Агнеш Фодидің қазақ әндерін домбыраның сүйемелдеуімен құйқылжыта орындағаны. Мажар музыканты Геза Фабри мен Агнеш қосылып көпшілікке қазақтың және мажардың үн-күйлерін ұсынды. Мажар әндері де қазақ домбырасымен үйлесім тауып, үндесе кетті. Ал нағашылары – қыпшақ, өзі ғалым Шомфаи Дәуіт Қара қазақ әндеріне қоса, «Алпамыс» жырынан үзінді айтып, жұртты бір серпілтті. Қазақтар мен мажарлар бас қосқан Наурыз мейрамы шынымен де Ұлыстың ұлы күні болды.
Қазақ қыздары «Қамажайға» мың бұралып билесе, ер жігіттер «Қаражорғаға» билеп, думанды қыздырды.
Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,
Будапешт
http://www.aikyn.kz