Дүниежүзі мұсылмандары басты мерекесі — Құрбан айтты атап өтуде.
Құрбан айттың бірінші күні барлық мешіттерде таңсәріден айт намазы оқылады. Бұл күні адамдар бір бірін құттықтап, бір бірінің үйіне қонаққа барады, ренжісіп қалған жандар кешірім сұрасып тауласады. Бұл күні дастархан жайылып тұрады.
Құрбан айт мейрамы ораза біткен соң 70 күннен кейін келеді. Ол жыл сайын ай күнтізбесі бойынша саналатындықтан 10 күнге жылжып отырады. Биыл құрбан айт 15 қазанға тура келді.
Құрбан шалу – Алла Тағаланың арнайы айтқан әмірі, Ибраһим (а.с) пайғамбарымыздан жалғасып келе жатқан сүннет. Ибраһим пайғамбар (а.с) Алла Тағалаға берген сөзінде тұру үшін бауыр еті баласын Ұлы Жаратушының жолында құрбан ете алатындығын көрсетіп, ауыр сыннан өткеннен бері құрбан шалу да мұсылман үшін үкім болған.
Адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.
Мұхитдин Исаұлы мен Қайрат Жолдыбайдың «Ислам ғылымхалы» кітабында «Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады» деген сұрақтың жауабы былай өрбіген екен: «Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды»,-деп көрсетілген.
BNews.kz «www.bnews.kz».