АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Бүгін Стамбул түріктің шаһарына айналған күн

Бүгін  Осман  түріктерінің Стамбулды алғанына 560 жыл толды. Түріктің  мақтанышы,  еуропалықтардың мәңгілік өкінішіне айналған күн еді 1453 жылдың 29 мамыры. Тіпті, өткен жылы  түсірілген «Fetih 1453» атты  фильмге де наразылық танытқаны бар біраз  жұрттың. Ал, Стамбулдың мұсылмандардың қолына  өтетіндігі туралы пайғамбарымыздың хадисі де бар.

Пайғамбарымыздың хадисінде «Сәтуфтаху қустантинийяту фә ни’мәл әмийру әмийруһә уә ни’мәл джәйшу джәйшуһә» делінген.  Ана тілімізге аударсақ: «Қустантин (Константинополь) анық алынады! Оны алатын қолбасшы қандай жақсы қолбасшы және әскер қандай жақсы әскер!» делінген. Алланың елшісінің өзі Византия астанасы болған қаланы алған қолбасшы мен әскерлерге разы болатындығын байқатса керек. Бәлкім, содан да болар Константинопольды басып алуға ұмтылғандар аз болмады тарихта. Түрік  тайпаларының талай барған бұл қаланың түбіне. Славяндар да алмақ болған бұл қаланы. Араб та да. Тіпті, пайғамбарымыздың  сахабасы Әбу Айюб  әл Ансари  да Стамбул түбінде көз жұмды. Пайғамбарымыздың «Константинополь қабырғалары  түбінде  қадірлі бір кісі жерленеді» дегенін естіген екен сахаба. Қаланы ала  алмаса да,  сол қала қабырғаларының іргесіне  жерленуді қалаған ол сахаба. Сөйткен, Константинопольдің алынғанына 560 жыл болыпты. Ал,  қаланы алған, пайғамбарымыздың  мақтауына  лайық болған қолбасшы Осман  падишасы Фатих сұлтан Мехмед Хан еді. Ал,  мақтаулы әскер түрік әскері болатын. Бүгінде  Стамбул үшін болған шайқастың қандай ауыр болғанын түрік бауырлар жыр қылып айтады. Қаланың қалың қамалын бұзу үшін Фатих сұлтан Мехмедтің өзі сол дәуірдің ең үлкен зеңбірегінің жобасын жасапты. Бұғазды шынжырмен бекітіп тастаған византиялықтарға қарсы да айла ойлап тапты. 72 кемені  бір түннің  ішінде құрлықтан сүйреп бұғазға түсірген екен. Қысқасы, теңдессіз ерліктің үлгісін көрсеткен.
Әлем тарихында Стамбулдың Осман  империясының  қолына өтуімен жаңа дәуір  басталғаны айтылады.  Тарих оқулықтарында әлі күнге солай жүр.  Шынында да  Византия құлаған соң әлем тарихында үлкен өзгерістер болды. Еуропада жаңғыру басталды. Жаңа құрылықтар ашылды. Ғылым дамыды. Стамбул болса  сол кезден бері әлемдік саясатқа ықпал ететін үлкен ордаға айналған. Әрине, қазір бұл қала бәлкім алпауыт державалардың саяси-экономикалық  орталықтарымен бәсекелесе алмайтын шығар. Бірақ,  стратегиялық тұрғыда орналасқан  жері әлі де маңызды. ХХ ғасырдың басында  ағылшындар мен француздар, орыстар бұл қаланы басып алуды көздеген. Ірі-ірі әскери операциялар да ұйымдастырылған. Бірақ, 1915 жылы Чанаккаледе ойсырай жеңілген басқыншылардың үміті ақталмаған еді. Дегенмен, Стамбулды қайтарып алу еуропалықтардың арманы болып қала  берді. Ал, Стамбул тек түрік халықтарының ғана емес, ислам әлемінің мақтанышына баяғыда-ақ айналып үлгерді.

Жебе-ақпарат