АЛТЫНОРДА
Новости

БҮГІНГІ ЖАС ҰРПАҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНАН НЕГЕ БЕЙХАБАР?

Бүгінгі жас ұрпақ жастар саясаты тұжырымдамасынан неге бейхабар? 

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы:

 

– Мен қаншама шетелге шығып жүрмін, бі­рақ еш елден жастар саясаты дегенді естімеп­пін. Ондай ұйым да жоқ. Ал біздегі тірлік – баяғы жастар орталықтарын аша отырып, идео­логия жүргізу. Сондықтан оған ешкім мән бере бермейді. Өйткені нарық заманы, әркім өзін­ше қыбырлап тірлік етіп жатыр. Бәлкім, университет қабырға­сын­да оқып жүргендерге әсер етуге болатын шығар, ал оқу орнын бітір­ген соң әркім өз бетінше кететіні белгілі. Бәлкім, мемлекеттің жас­тарға арналған арнайы тұжырымдамасы керек те шығар. Жұ­мыс­қа тұруына, баспана алуына, шаңырақ құрса, көмек көрсету жа­ғынан. Егер де мемлекет жастар мәселесін түпкілікті қолға аламын десе, қалада да, ауылда да бірдей, кең түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонда ғана жастар өз мүмкіндіктерін сезінеді. 

 

Аида ЖАНТІЛЕУОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:

– Жастар саясатында бәлкім, кем-кетіктер бар шығар. Бірақ дәл біздің елдей жастарға кө­мек көрсетіп жатқан ешқандай мемлекетті көр­ген жоқпын. Жастарымыз шетелдің маңдай алды оқу орындарында, елімізде жақсы қызмет­терде жүр. Өзге де әлеуметтік көмектер көрсетіліп жатыр. Одан ар­тық не керек? Осының өзі-ақ олардың оқытқан, тоқытқан, жұмыс берген мемлекетіне жақсы көзқарасын қалыптастырып отыр емес пе? Рас, өмірге салғырт қарайтын жастар болады. Бәлкім, солар белсенділік танытпаған соң, көп нәрседен бейхабар шығар. Менің­ше, қазіргі жастардың басым бөлігі алғыр, білімдар, еңбекқор. Көп нәр­се адамның өзін-өзі бағындырып, бағыттай білуінде емес пе? 

 

 

Эльвира КЕЖЕБАЕВА, байланыс қызметкері:

– Еліміздегі жастардың көбі мемлекеттің жастар саясатының тұжырымдамасынан бей­хабар болуы, ол – насихаттың аздығы. Егер де жо­ғары оқу орындарында осы іспен айналыса­тын орталықтар жұмыс істесе, тұжырымдама­ның мән-жайын түсіндірсе, жастардың ықы­ласы бірден ауар еді. Бізде сол жағы жетіспейтін сияқ­ты. Естуімше, жыл сайын «Жастар тәжіри­бесі» жобасына мемлекет тарапынан қыруар ақша бөлінеді. Сол қар­жы қайда кетіп жатыр? Бұл олқылықтың орнын толтыру қиын емес. Ең бастысы, жастарға оқуда болсын, еңбек саласында болсын, үлкен көңіл бөлінгені жөн. Өйткені еліміздің ертеңі – жастар. Оларға дұ­рыс бағыт-бағдар берілсе, жағдай жасаса, жұмыспен қамтамасыз етсе, қоғамда нағыз «елім, отаным» деген жастар легі қалыптасады.

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/45032