АЛМАТЫ. 21 наурыз. Baq.kz — А.Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтіп, бүкіл ұжым болып «Қаражорға» биін биледі, деп хабарлайды Айқын газеті.
Білім ошағының ұстаздары мен шәкірттері, ата-аналар мен шақырылған қонақтардың жалпы саны шамамен бес жүзге жетіп жығылады. Қайта жаңғырған буын биі мектеп ауласында орналасқан Ахмет Жұбанов ескерткішінің алдында көрініс тапты. Ынтымақ-бірлігі мен тату-тәтті тірлігі жарасқан мемлекеттік мекемені құттықтай келген белгілі музыка зерттеушісі, профессор, аталмыш киелі шаңырақты ұзақ жыл басқарған Пернебек Момынұлы Наурыздың ақ батасын беріп, жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді. Қазақстанның халық артисі, академик Ахмет Жұбановтың қызы Ажар апай қандай іс-шара болсын хабарласып, құрметтеп шақырып отыратын мектеп басшылығына үлкен алғыс айтты. Осы ұядан түлеп ұшқан, бүгінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясын басқаратын Мұхтар Өтеуов өнерлі өрендердің ішінен әлі талай танымал тұлғалар шығатынына сенім білдірді.
– Балаларға салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың мән-маңызын құрғақ сөзбен мың рет айтқанша, бір рет іс жүзінде көрсеткеніміз әлдеқайда пайдалы болмақ. Сондықтан бүгін би биленіп, ән айтылып, күй тартылып қана қоймай, арқан тарту, асық ату сияқты түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық тағам түрлерін әзірлеуден де жарыс өтіп жатыр. Ұстаздар қауымы балалармен тізе қосып, бір дастарқаннан дәм татып, бірге өнер көрсетеді. Үлкен-кішіге наурызкөже үлестіріліп, мерекелік бағдарлама күні бойы жалғасады. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытуды көздеп отырмыз, – дейді музыка мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
http://baq.kz/news/25112