Таяуда Украинада болып қайттым. Украиндар қазiр өздерiнiң ұлттық тiлiне қатты мән берiп жатыр ғой, осы ретте солардан көрген бiр-екi мәселенi ортаға сала кеткендi орынды көрiп отырмын.
Киевте дәл бiр жарым ай болып, мынаған көз жеткiзiп қайттым. Оларда да орыс бағдарламалары бар (телеарналарды айтып отырмын). Бiрақ, осы орыс бағдарламаларында украиндардың өзара орыс тiлiнде сөйлеп отырғанын кезiктiрген жоқпын. Мәселен, үш адам сөйлесiп отыр делiк. Оның бiреуi – украин болса, екiншiсi – орыс, үшiншiсi тағы бiр ұлттың өкiлi болады. Ал ендi үш украин жиналып алып, орысша әңгiмелесу оларда атымен жоқ.
Мәселен, бiздiң, Қазақстанның телеарналарын алайықшы. Төрт-бес қазақ (кiлең қазақтар!) жиналып алып, орыс тiлiнде пiкiр таластыру, орысша әңгiме өткiзу әдетке айналған ғой. Бiр қазақтан екiншi қазақтың орыс тiлiнде сұхбат алуы да – екi күннiң бiрiнде кездесетiн, бәрiмiздiң көзiмiз үйренген жайт. Ал ендi осындай жайттар Украинада неге кездеспейдi, осыны сұрастырып жүрiп, артынан барып анықтадым-ау, әйтеуiр…
Сөйтсем, Украинада украин тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде мәртебесiн көтерудiң ғылыми негiзi әзiрленiп, ғылыми жобасы жасалыныпты. Егер екi украин, не болмаса үш-төрт украин бiрiгiп алып, орысша әңгiмелессе, мұның жағымсыз әсерi кейiнгi жастарға да тиедi екен. Сондықтан да ғалымдардың ескертуi бойынша, Украина телеарналарында украиндардың өзара орыс тiлiнде сөйлесулерiн эфирге жолатпайды екен. “Бiздiң әкелерiмiз, ағаларымыз, апаларымыз орыс тiлiнде сөйлеп жатыр ғой…” деп, украин жастары да орыс тiлiне бейiмделе бастайды екен.
Украина телеарнасының қызметкерiнен (аты-жөнi – Николай Нечепуренко) мына мәселенi де сұрадым. Мәселен, Қазақстанда қазақ тiлiн бiлетiн орыстарды телеарнаға көбiрек шығарады. Тiптi, қазақ тiлiн бiлетiн орыстар қазақ бағдарламаларын жүргiзiп те жүр. Осы жайт қазақ тiлiнiң мәртебесiн өсiре ме, өзгелердiң қазақ тiлiн үйренуiне жол аша ма? Н.Нечепуренконың айтуынша, мұның бәрi – бос тiрлiк, бос әурешiлiк, мұның ешқандай ғылыми негiзi жоқ. Ең бастысы, ең маңыздысы, Қазақстанның телеарналарында қазақтардың өзара орыс тiлiнде сөйлеспеуi, әңгiмелеспеуi. Егер қазақтар екеуара, үшеуара, төртеуара бiрiгiп, орыс тiлiнде әңгiмелесiп жатса, бұл жас ұрпақтың санасына у құйғанмен бiрдей екен. Жастардың санасы уланады екен. “Бiз де орысша сөйлеймiз, орысша сөйлей беремiз” деген аса қатерлi, өте қауiптi дерт жас ұрпақтың санасына сiңiсiп қалады екен.
Айтпақшы, сонымен қатар, Н.Нечепуренкодан мына мәселенi де сұрадым. Қазiргi күнi “Қазақстан” ұлттық телеарнасы спектакль ме, әлде телеқойылым ба, кiлең қазақ әртiстерiн орысша сөйлетiп жатыр емес пе, сол жөнiнде сұрадым. “Бұл – өте қатерлi! Мұндай спектакльдердiң көзiн құрту керек! Қазақтардың өзара орысша сөйлеп, орысша әзiлдесiп, орысша өлең айтып жатқанын кейiнгi жас ұрпаққа көрсету – қылмыспен тең! Бұл тiрлiктерiңiз қазақ тiлiн өсiрмейдi, керiсiнше өшiредi!” дедi Н.Нечепуренко.
Тiлебалды Жайымов,
Шымкент қаласы.