АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Бұл – жалпыға ортақ қасірет

16-11-02Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Францияның еліміздегі дипломатиялық миссиясына барып, көңіл айту кітабына өз жазбасын қалдырды.

Елбасы жазбасында: «Па­риж­де болған жантүршігерлік террорлық әрекеттер бәрімізді ауыр жағдайға душар етті. Құр­бан болғандардың туған-туыс­тары мен жақындарына көңіл айтамын. Осындай қиын сәтте Франция халқына Қазақ­стан халқы атынан барынша қол­дау білдіремін», делінген.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы біздің еліміз бен Франция арасындағы сенімді әріптестікті және жоғары деңгейдегі қарым-қа­тынасты, сонымен қатар, таяу­да өткен жұмыс сапары бары­сында Қазақстан тарапына көрсетілген сый-құрметті бағалай отырып, халық атынан көңіл айту үшін ел­ші­лікке арнайы келгенін айтты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 13 қара­ша­сында Парижде зұлымдықпен жа­салған лаңкестік әрекеттер салдарынан көптеген жазықсыз азаматтар қаза тапқанын атап өтті.

– Осы азалы күндері біз Франция халқымен біргеміз. Бұл ел әлемдік тарих пен мәдениет ошақтарының бірі саналады. Сондықтан, мұндай оқиға біздің бәрімізге де ауыр тиеді. Бұл наразылық пен қын­жы­лыс тудырып қана қой­майды, барша адамзатты осындай әре­кет­терге қарсы күресуге үндейді. Терроризмнің ұлты мен діні болмайды. Бұл – жалпыға ортақ қасірет. Біріккен Ұлттар Ұйымының таяуда өткен сессиясында мен «Ислам терроризмге қарсы» форумын ұйымдастыру, сондай-ақ, осынау зұлымдықпен күрестің дүниежүзілік желісін құру туралы ұсыныс айттым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы Париж­дегі лаң­кестікке байланысты Фран­ция Президенті Франсуа Олландқа үс­тіміздегі жылдың 14 қара­ша­сын­да көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан».