Казақтың қыздарын ата-анасы барған жеріңе «тастай батып, судай сің» деп тәрбиелейді ғой. Мені ата-анам жалғыз қыздары болған соң алақандарына салып әлпештеп өсірді. Дегенмен әрдайым маған жат жұрттық екенімді, өз үйіме қонақ екенімді есіме салып отыратын. Сөйткен ардақтыларымды мен жас кезімде талай ренжіттім, өзімнің қателіктеріммен көңілдеріне қаяу түсірдім. Өйткені мен өмірдегі ең маңыздысы, жар таңдауда қателескен едім. Өзіме өмірлік сабақ болған оқиғамды
«Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісуді жөн санадым.
Тағдырдың жазғаны сол болуы керек, мен ата-анамның жалғыз перзентімін. Сондықтан әкем марқұм мені «ұлым да осы, қызым да осы» деп бетімнен қақпай, аялап өсірді. Ал анам мінезі қаталдау, бірбеткей кісі. Ол мені кішкентайымнан еңбекке үйретті. Мектепте жақсы оқитындардың қатарында болдым, үнемі қандай қоғамдық шараларға болсын белсеніп атсалысатынмын.
Мектепте оқып жүрген кезімде мен өзімнің кластасым Рүстем деген балаға ғашық болдым. Қазір ойлап отырсам, Рүстемнің сымбаттылығынан басқа қасиеттеріне мән бермеппін ғой. Ол өте сотқар, мінезі шатақ бала болатын. Оның класта отырғанынан мектептің ауласында жүргені көп еді. Менікі балалық қой, неге екенін білмеймін мен оны көрсем жүрегім дүрсілдеп кететін. Оның кейбір қылықтарына ашулансам да, іштей жақсы көріп тұрдым. Бірақ ол маған тіпті назар да салмайтын. Өйткені әдетте мектепте жақсы оқитын қыздар ұлдармен сөйлесуге ұялады, би кештеріне бармайды ғой. Ал Рүстем үнемі жоғары кластың қыздарымен сөйлесіп, солардың отырыстарына барып жүретінін еститінмін. Сөйтіп Рүстемге сырттай ғашық болып жүріп мектепті де бітірдім.
Орта мектепті жақсы бітірген соң, абырой болғанда Семей қаласындағы Қазақ медицина академиясына оқуға түстім. Ата-анам менің грантқа ілінгенімді білгендегі қуаныштарын көрсеңіз. Мен үйде жалғыз қыз болсам да ауылдық жердің адамдары үшін мені ақылы оқыту өте қиынға түсер еді. Әкем ауылдағы мал дәрігері, анам үй шаруасындағы адам.
Сонымен жатақханада орналасып бірінші курста оқып жаттым. Семейде ауылдың балалары, соның ішінде өз кластастарым көп оқитын. Олармен жиі кездесіп тұрамыз. Бірде жаңа жыл қарсаңында сессия басталып шапқылап жүрген кезімде мені іздеп бір топ кластасым, ұл-қыздар мен тұратын жатақханаға келіпті, арасында Рүстем де бар. Көптен бері бас қоспаған сыныптастарыммен арқа-жарқа әңгімелесіп бір жасап қалдық. Осыдан кейін Рүстем, тағы бірнеше кластасым оқу орнына, жатақханама жиі келіп тұратын болды.
Бұрын аса көп сөйлеспейтін Рүстеммен әңгімеміз жараса бастады. Ол әкесі қайтыс болғанан кейін отбасымен ауылдан осы Семей қаласына көшіп келгенін, оқуға түсе алмай қалған соң жұмыс іздеп жүргенін айтты.
Мен сессиям біткен соң каникулға ауылға кеттім, бірнеше күннен кейін соңымнан Рүстем де ауылға жетті. Оның үлкен ағасы ауылда тұратын. Екеуміз ауылға келгеннен кейін де жақсы араласып жүрдік, ол күнде кешке менің үйімнің жанына келіп отыратын. Кластастар жиналып каникул кезінде бірнеше рет отырыстар ұйымдастырдық. Сондай кештердің бірінде Рүстем маған мені ұнататынын айтып сөз салды. Бірақ мен Рүстемді қашан көрсем оның аузынан сыраның иісі шығып жүретін. Бірақ мен оны бұрыннан ұнататын болғандықтан оған қарсылық білдірмедім.
Мен Рүстеммен жақын араласып, қыз бен жігіт ретінде дос болып жүрген кезде оның дөрекілігіне, қызуқандылығына неге көз жұмып қарағанымды өзім де түсінбеймін. Екінші курста оқып жүргенде мен оның әлі де не оқу жоқ, не жұмысы жоқ екенін байқап, «Оқуға түсе алмасаң, біраз уақыт жұмыс істесең дұрыс болар еді, кейін сырттай оқуға түсіп аларсың» деп өзімше ақылымды айтқан болдым. Сонда ол: «Ыңғайлы жұмыс болмай жатыр» деп сылтауратып, менен анда-санда жолына деп ақша алатын, бөлмеме келіп тамақтанып кетеді. Осылай уақыт зымырап өте берді, мен Рүстемнің болашаққа деген ешқандай ұмтылысы жоқ екенін түсіне бастадым. Бірақ сол кезде онымен арамыздағы байланысты үзуге бәрі кеш еді. Өйткені мен екінші курсты аяқтар кезде аяғымның ауыр екенін білдім. Жазғы демалысқа ауылға барғанда ата-анама не дерімді білмей, жүкті екенімді ешкімге айта алмай іштей тынып жүрдім. Не де болса, қалаға барған соң, Рүстемге айтып, тұрмысқа шығуға әрекет жасау керек деп шештім. Сөйтіп өзімнің жаңалығымды оған айтып едім, «Қазір менің отбасымның мені үйлендіретін жағдайы жоқ, қоя тұрайық, аборт жасат» деді. Бірақ мен құрсағымдағы баланы алдыруға қимадым. Сөйтіп іштей аласапыран болып жүргенімде ішім біліне бастады, аяғымның ауыр екенін жасыру мүмкін емес еді. Ата-анам алыста болған соң менің жағдайымнан хабарсыз. Сонымен амалым құрыған соң Рүстемнің анасына барып мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі мені жылы қабылдады. Менің ішімдегі өзінің немересі екенін білген соң бірден келіні ретінде қабылдайтынын айтты. Ол кісі маған: «Қызым, өзің білесің, Рүстемнің мінезі шатақ, жауапкершілігі аз, бірақ сен мықты болсаң, оны адам қылып аласың. Рүстем қазіргідей бос жүріп сенделгенше, үйленсін, бала-шағасын бағуға талпынсын. Бүгіннен бастап құдалықтың қамына дайындаламын» деді. Енем өте жақсы адам. Ол кісі Рүстем екеумізді ертіп барып ата-анамның алдынан өзі өтті. Мен ақымақ ата-анамның бетіне қарай алмай, бетімнен отым шығып, көзімнен жасым ағып, оларға не дерімді де білмедім. Сонда анам: «Қызым-ау, осынша уақыт өзіңді қинағанша бізге бір ауыз айтсаң, бәрін түсінер едік, сендерді баяғыда үйлендірер едік қой» деді. Ал кішкентай кезімнен еркелетіп өсірген әкем мені бұрынғыдай маңдайымнан да сүймеді, Ырыстайым да демеді. Жанымдағы Рүстемге бір, маған бір қарады да, үнсіз отырды.
Сонымен Рүстем екеуміз отбасын құрдық. Екі айдан кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Бірақ Рүстем өзгеруге, жұмысқа орналасып, жауапкершілікті сезінуге асықпады. Ал мен болсам өзім студентпін, бала кішкентай. Сабақтан қалуға болмайтындықтан нәрестем қырқынан шыға салып сабағымды жалғастырдым, жұмысынан бос кезде енем баламды қарауға көмектесті. Бірақ менің азынаулақ степендиям неге жетеді, енемнің жалақысы тамақтан аспайды. Ал Рүстем болса қыдыруын тоқтатпады. Үйге екі-үш күнде бір келеді, онда да мас болып кеп құлайды. Әке болып бір уақыт қызына қарасуды, үйге нан әкелуді де білмеді. Анасы да, мен де айтуындай-ақ айттық, ренжідік те, жыладық та, бірақ ол өзгергісі келмеді. Тіпті менің телефоныма Рүстемді сұрап қыздар хабарласатынды шығарды. Өзім таңдап тиген күйеу болған соң қайтейін біраз төзуге тырыстым.
Жазғы демалысқа шыққанда баламды ауылдағы мамама апарып тастадым. Олар немерелерін қуана-қуана алып қалды. Сөйтіп Рүстемге сенбеген соң, неде болса өзіме сеніп, оқуымды бітіріп алуды мақсат етіп қойдым. Рүстемнің жүріс-тұрысына мән бермейін десем де ол менің сөмкемнен сұраусыз ақша алып кететін. Ата-анам анда-санда ет, құрт, май, ақша жібереді. Сонымен оқуымды тәмамдағанша әупірімдеп күнелтіп жүре бердік.
Рүстем түзелудің орнына күннен күнге кері кетіп, тіпті маған қол жұмсайтынды шығарды. Туған күніме деп әкем беріп жіберген телефонымды да тартып алды.
Шыдамның да шегі болады екен, мен дипломымды ала салып ауылға ата-анама, қызыма бардым. Сонда әкем: «Балам, Рүстемді адам қылам деп тыраштанбай-ақ қой. Ол сені ешқашан түсінбейді де, бағаламайды да. Әттең, жалғызым-ау, осындай адамға ұрынғаның-ай, ауылдың баласы ғой, баламыздай боп кетер деп үміттеніп ем, бірақ тегіне тартпай қоймайды екен-ау. Егер ажырасам десең, біздің қарсылығымыз жоқ, басыңды қор қылма, балам» деді.
Әкемнің сөзінен кейін де «ит те болса, Рүстем қызымның әкесі ғой» деп тағы біраз уақыт отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Бірақ Рүстем мені түсінгісі келмеді, қалада жас маман болғандықтан өзіме бірден жұмыс табу да қиын болды. Сөйтіп жүргенде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы естіп, сонымен өзім туған ауданның ауруханасына педиатр болып келдім. Осы кезде Рүстеммен ажырасуға нақты шешім қабылдап, мемлекеттен берілген қаржыға аудан орталығынан үй алдым. Жаңа жұмысқа орналасып, үйлі болып, ата-анамның қасына келіп көңілім серпіліп қалды. Демалыс сайын, ауылға, ата-анамның, қызымның жанына барып тұрдым. Рүстеммен бірге тұрмағалы жаным жай тауып, өзімді еркін сезіне бастадым. Онымен тіпті араласпауға тырыстым, бірақ енем мен қайын ағаларымның қызыммен араласып тұруына қарсылық білдермедім. Сонымен арада екі жылдай өткенде Рүстем мені қайта мазалай бастады. Ол менің жұмыс орныма, үйге келіп, қайта қосылайық деп қолқа салуын қоймады. Бірақ мен оның жақсы жаққа түзелгенін байқай алмадым. «Баяғы жартас – сол жартас», аузынан арақтың иісі мүңкіп жүргені. Естуімше, ол біраз уақыт өзінен үлкен әйелмен бірге тұрыпты. Бірақ жұмыс істемейтін, арамтамақ еркек кімге керек, қуып жіберген көрінеді.
Қазір міне, Рүстеммен ажырасқаныма 5 жылдан асты. Бүгінде аудан ауруханасында бас педиатр қызметін атқарып жүрмін. Осыдан бір жыл бұрын Дархан деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Жоғары білімді, өзімді сыйлайтын, ең бастысы түсінетін азаматқа жолыққаныма бақыттымын. Дархан менің қызымды өз қызындай жақсы көреді. Бірақ өкінішке орай, әкем менің қазіргідей бақытты шағымды көре алмай кетті. Ал Дархан қазір тек маған ғана емес, анам мен қызыма да пана болып отыр. Алайда әлі күнге дейін кейде Рүстем біздің үйге келіп мен балағаттап кетеді, қызының мектебіне барып оны алып кеткен кездері де болды. Менің Дарханға тұрмысқа шыққалы жатқанымда үйге келіп шу шығарып, мені ұрып та кеткен болатын. Сол кезде Дархан онымен еркекше сөйлесіп, жазасын берген. Бірақ ол одан кейін де біздің мазамызды алуын қоймады. Кейде маған, кейде Дарханға телефон соғып балағаттап, «көздеріңді құртамын» деп қоқан-лоқы көрсетінін қайтесің. Соңғы рет үйге келіп сойқан шығарғанда мен полицияға шағымданып, оны 15 тәулікке қамаған болатын. Бірақ мен осыдан кейін де оның бізді жайымызға қалдыратынына сенбеймін. Отбасым үшін қауіптенемін. Өзін, туған анасын, баласын ойламайтын, аямайтын адамнан не күтуге болады?….
Автор: Ырысалды, ШҚО, Көкпекті ауданы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/otbasy/buryingyi-kuyeum-otbasyimnyin-shyirkyin-buza-ma-dep-korkam-55770/