БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарашаның 12-сінде Украинадағы жағдайға қатысты төтенше жиынын өткізді. Жиында АҚШ өкілдері сепаратистердің бақылауындағы аудандарда «кең ауқымды соғыстың қайта басталуы қаупі бар» екенін ескертті.
Қарашаның 12-сі күні НАТО бас қолбасшылығы қарашаның 10-ынан бастап Украинаға Ресейден танкілер, артиллериялық қару-жарақ пен әуе шабуылынан қорғаныс кешендері кіргізіліп жатқанын хабарлаған. Мәскеу бұл ақпаратты теріске шығарып отыр.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэрс Қауіпсіздік кеңесі жиынында «Ресей бейбітшілік туралы айтқанымен, соғысты өршітуін тоқтатпай отыр» деп мәлімдеді. Халықаралық бақылаушылардың дерегіне қарағанда, кейінгі күндері сепаратистердің позициялары сырттан келген қару-жарақ есебінен біршама күшейтілген.
Брюссельде сөйлеген ЕҚЫҰ бас хатшысы Ламберто Занье ұйымның пилотсыз аппараттарының «сепаратистердің жанында айырым белгілері жоқ әскерилердің жүргенін» байқағанын айтады. Ол бітім шартының орындалуын бақылап жүрген ЕҚЫҰ-ның пилотсыз аппараттарының сигналдарына белгісіз аймақтан жоғары технологиялық әскери құрылғы арқылы бөгет жасалып жатқанын да ескертті.
http://www.azattyq.org/archive/news/20141113/330/330.html?id=26689291