Ақпарат құралдарының жазуынша, бұл жолы SCAT әуекомпаниясының тіл саясатына экс-шенеунік наразы болған. Дау ақыры жолаушының стюардессаны тебуіне ұласқан.
Ұшақ. (Көрнекі сурет)
Қазақша айтқан ескертуін стюардессалар түсінбеген соң жолаушы айғайлап, басшысын ертіп келуді бұйырған. Кейін стюардессалардың бірін тепкен.
Ұшақта наразылық танытып, тәртіпсіздік жасаған адам — Атырау облысындағы аудандардың бірінің бұрынғы әкім орынбасары М. есімді азамат деп сипатталады.
SCAT авиакомпаниясының баспасөз хатшысы Виктория Ульянова Азаттық тілшісіне бұл оқиғаның болғанын растады. Бірақ ол жолаушының қызметі жайында білмейтінін айтты. Виктория Ульянованың айтуынша, жолаушыға «ешқандай әкімшілік шара қолданылмаған», тек ескерту жасалған. Әзірге жолаушының қазір мемлекеттік қызметте істейтін-істемейтіні анықталып жатыр.
КІМ КІНӘЛІ?
Бұл оқиға туралы ақпарат интернетте пайда болғаннан кейін әлеуметтік желілерде осы жайтқа байланысты әртүрлі пікірлер айтыла бастады.
Адвокат Абзал Құспан Facebook әлеуметтік желісінде авиакомпанияның мемлекеттік тілге қатысты талаптарды бұзуын тоқтатпай отырғанын жазады.
«…Мен ендігі жерде «Скатқа» байланысты арыз, егер сотқа дейін жеткізем
деушілер болса, талап арыз үлгілерін қалай, қайда жазу қажеттігін көрсетемін. Құр сөзді, байбаламды қойып, бәріміз осы іске атсалысайық, ағайын» деп жазады адвокат.
Абзал Құспанов «стюардессаны тепкен» жолаушыға қатысты еш пікір айтпаған.
Facebook-тегі кейбір қолданушылар жолаушының «стюардессаны тебу» әрекетін «тілге қатысты талабы» деп ақтағысы келген.
«Әділдікке жету үшін кейде күшке басып жібергеннің де еш сөкеттігі жоқ, М. молодес. М.-ның талабы заңды, заңсыздық, мәдениетсіздік көрсетіп отырған тіл білмегендер. Неге М. кінәлі болуы керек? Бізде қоғамдық көзқарас, қоғамдық түсінік шатасқан, алжасқан десе де болады» деп жазады Дәулетқали Асауов.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір парасы бұрынғы шенеунікті «қыз баланы тепкені» үшін сөгіп, «мұнда ұлтшылдықтың иісі де шықпайтынын» жазып, қазақ тілін «қорғаудың» мұндай тәсілдеріне қарсы екендерін айтты.
«Провокация! Ұлтым деушілерге ор қазу меніңше….. Енді қазақ тілі туралы әңгіме қозғалса, ааа, құйрықтан тебетіндер деп шығатын болды(((» деп жазады олар.
Ал кейбір қолданушылар тіл талабын орындамағаны үшін — авиакомпанияны, қызметкерді тепкені үшін — әлгі жолаушыны жазалау керек екенін жазады.
«Қазақстанда кез-келген азамат қоғамдық орында мемлекеттік тілде сұрақ қойып, сол тілде жауап алуға құқығы бар. Бірақ бұл құқықты жұдырықпен емес, қоғамдық пікір мен заңнаманы өзгерту арқылы орындату керек» деп жазады Facebook әлеуметтік желісінде Марат Толибаев есімді қолданушы.
Бұған дейін қыркүйек айының бас кезінде «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай мен SCAT авиакомпаниясының қызметкерлері арасында «тілге байланысты дау»шыққан. Жарылқап Қалыбай SCAT әуекомпаниясы қызметкерінің шағымы бойынша «бұзақылық жасау» бабымен әкімшілік жазаға тартылып, үш күнге қамалған.
Қамаудан босай сала «кінәсін мойындаған» Жарылқап Қалыбайдың түсіндіруінше, айқай-шуға әуе компаниясы қызметкерінің «орыс тілінде сөйлеуді талап еткені» себеп болған. Ал Scat «жолаушының бортсеріктерге дөрекілік танытып, олардың қызметіне кедергі келтіргенін, ұшуға қауіп төндіргенін, жолаушылардың мазасын алғанын» мәлімдеген болатын.
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ
2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.
Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.