Бостондағы жарылысты iске асырды деген күдiктi ағайынды Царнаевтардың Солтүстiк Кавказдағы радикалды топтарға қатысы бар болуы мүмкiн. Федералды зерттеу бюросының (ФБР) мәлiметiне қарағанда, марафон кезiнде жарылған бомба техникалық жағынан күрделi әрi оның жасалу тәсiлi интернетте көрсетiлмеген. Полицейлермен атыс кезiнде ауыр жараланып, тамағына оқ тиген 19 жастағы Джохар Царнаев полицейлерге жазбаша жауап бере бастады.
Бостондағы жарылысқа күдiктiлердi iздестiрген полицейлер ағайынды Царнаевтардың iзiне түскен. Сәуiрдiң 18-iнде Массачусетс технологиялық университетiнiң қалашығында тексерiс жүргiзген полицей оққа ұшқан.Оны атқан күдiктi Царнаевтар “Мерседес” көлiгiн мiнiп қашқан. Полицейлермен атыс кезiнде 26 жастағы Тамерлан Царнаев мерт болды.
Екiншi күдiктi Джохар Царнаевты қолға түсiру операциясы бiр тәулiкке жуық уақытқа созылды. Бостон маңындағы Уотертаун қалашығының тұрғындарына үйлерiнен шықпау қатаң бұйырылды. Қаладағы қоғамдық көлiк өз жұмысын тоқтатып, дүкендер жабылды. Үй-үйдi, бұрыш-бұрышты түгел шарлап шыққан полицейлер ақыры кiшi Царнаевты қайықта брезент жамылып жасырынып жатқан жерiнен тапты. Джохар аяғынан және мойнынан жарақаттанғанына қарамастан, полицейлерге қарсылық көрсетiптi. Жарты сағатқа созылған атыстан соң Царнаев тiрiдей қолға түстi.
Ендiгi кезекте Федералды зерттеу бюросы Царнаевтардың артында тұрған кiмдер деген сұраққа жауап табуы тиiс. “АҚШ-та өскен, сол қоғамның тең мүшесi болған жастардың нелiктен мұндай қатыгездiкке барғаны белгiсiз”, – дедi АҚШ президентi Барак Обама.
Царнаевтар АҚШ-қа 2002 және 2004 жылдардың аралығында қоныс аударған. Қырғызстанда туып-өскен олар кейiн Дағыстанға көшкен. Джохар Царнаев 2012 жылы АҚШ азаматтығын алған. Джохар Массачусетстегi Cambridge Rindge және Latin School орта мектептерiнде оқып, 2500 долларлық грант жеңiп алған. Ағалы-iнiлi екеуi де спортпен шұғылданған. Тамерлан Bunker Hill Community College-де инженер мамандығы бойынша оқыған. Бостон орталығындағы жекпе-жек өнерi мектебiнде жаттыққан.
Федералды зерттеу бюросы былтырғы жылы Дағыстанға сапар шеккен Тамерлан Царнаев “Имарат Кавказ” радикалды тобының жетекшiсi Доку Умаровпен байланысқа шыққан болуы мүмкiн дейдi. Сондай-ақ, арнайы қызмет органдары Тамерлан дағыстандық бандалық топ жетекшiсi Гаджимұрат Долгатовпен қарым-қатынас орнатқан болуы ықтимал екенiн де жоққа шығармайды. Бұған Тамерланның YouTube аккаунтындағы Г.Долгатовтың мәлiмдемелерi жазылған бейнежазбалары дәлел.
Алайда күдiктiлердiң ата-анасы ұлдары “АҚШ-тың арнайы қызметiнiң құрбандары” болды деп есептеп, шаң жуытпай отыр. Күдiктiлердiң әкесi, мамандығы заңгер Анзор Царнаев әдiлдiк iздеп АҚШ-қа бармақ. Әкесiнiң айтуынша, ұлы Тамерлан осыдан бiр жыл бұрын Махачкалаға келдi, екеуi бiр ай уақытты бiрге өткiзген. Әкесi ұлынан ешқандай экстремистiк көзқарастарын байқамаған. Ал күдiктiлердiң анасы Зубейдат Царнаева оққа ұшқан үлкен ұлы Тамерлан “соңғы бес жылы бойы ФБР-дiң аңдуында болды”, оны кiнәлi деуге айғақ жоқ деп есептейдi.
Солтүстiк Кавказдағы исламшыл қарсылық қозғалысы – “Имарат Кавказ” интернет арқылы Бостондағы жарылысқа еш қатыстары жоқ екенiн мәлiмдедi. Тергеушiлер Царнаевтар радикалды топтарға қатысы жоқ, өздiгiнен әрекет еткен болуы мүмкiн деген болжамды да жоққа шығармайды.
Ағайынды Царнаевтармен таныс болған құрбы-құрдастары мен ұстаздары ағалы-iнiлi туралы көбiне жағымды пiкiр бiлдiрiптi. CNN арнасына сұхбат берген Тамерланның жаттықтырушысы Маккарти 16 жастағы Тамерланды боксқа тұңғыш рет Шешенстанда әуесқой бокспен шұғылданған әкесi ертiп әкелген дейдi. 2004 жылы жеңiске жеткен Тамерлан бiр басылымға сұхбат бергенде “АҚШ-ты жақсы көремiн” деген пiкiр бiлдiрген. “Қол-аяғы балғадай Тамерлан Олимпиада чемпионы болар ма едi, бiрақ оның АҚШ азаматтығы жоқ болғандықтан, ол мұндай жарыстарға қатыса алмайтын”, – дейдi жаттықтырушысы. – Ол уақытта Тамерлан жас бала болатын. Мен ол туралы тек жақсы нәрсе айта аламын”.
Джохардың құрдастары да ол кең пейiлдi, жүрегi таза жан деген пiкiр бiлдiрген. Аты-жөнiн жасырған достарының бiрi Джохар 2012 жылы АҚШ азаматтығына қол жеткiзгенде төбесi көкке бiр елi жетпей қуанды дейдi. “Оның жүрегi таза болатын. Джохар жекпе-жек мектебiне келмей тұрып аутизм және Даун синдромына шалдыққан балаларды оқытатын арнайы мектепте волонтер болды. Ол қалжыңбас, көңiлдi жiгiт. Менi де көп күлдiртетiн, – дейдi Джохармен бiрге күрес командасына капитандық еткен Питер Тензин. – Жаттығудан кейiн үйге барып демалудың орнына ол төменге түсiп мүмкiндiгi шектеулi балаларды оқытқанды құп көретiн”. П.Тензин Джохарға ағасы Тамерлан қатты ықпал еткендiктен, оны бұрыс жолға ағасы түсiруi мүмкiн деп есептейдi.
Царнаевқа 72 сағаттың iшiнде айып тағылуы тиiс. Егер оның соты федералды деңгейде өтетiн болса, ол өлiм жазасына кесiлуi мүмкiн.
З.ЖЫЛҚЫБЕК.