АЛТЫНОРДА
Новости

CNN Ресейдегі қызметін доғарады

CNN (Cable News Network) телеарнасы Ресейде хабар таратуын осы елдегі БАҚ-қа қатысты заңнамаларға жасалған соңғы өзгерістерге байланысты тоқтататын болды. Телеарна иесі Turner Broadcasting System (TBS) компаниясының өкілі хабар таратудың тоқтатылуына нақты қай заңдардағы өзгерістер себеп болғанын ашып айтпады. Бірақ компания болашақта Ресейдің ақпараттық нарығына шығуға мүмкіндік туады деген үміт білдірді.

Ресейде таяуда «БАҚ туралы» заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілген. Ол бойынша, 2016 жылдан бастап қос азаматтығы бар ресейліктер мен шетелдіктер Ресейдегі ақпарат құралдары акцияларының ең көп дегенде 20 пайызына ғана иелік ете алады. Өзгерістер Ресей ақпарат құралдарының 20 пайызынан көп акциясына ие шетелдіктерге 2017 жылдың ақпанына дейін акцияларын азайтуды міндеттейді. Бұған дейін шетелдіктер Ресейдегі БАҚ-тың 50 пайызына иелік ете алатын.

Ресейлік «Ведомости» басылымы өзінің дереккөзіне сілтеме жасап, CNN-нің жергілікті жерде өз алдына хабар таратуға лицензиясы жоғын жазады. Басылымның дерегінше, CNN Роскомнадзор мекемесіне лицензия беру туралы өтінішті бұрын беріп қойғанымен, әлі күнге дейін ала алмаған. Қазір CNN «Акода», НТВ+ және «Вымпелком» ақылы желілері арқылы таралады.

Роскомнадзор CNN-нің Ресейден кететініне қатысы жоғын мәлімдеді.

CNN Ресейде 1980 жылдардың соңынан хабар тарата бастаған. 1991 жылдан кейін арна Мәскеуде тәулік бойы трансляция жасап тұрды. Телеарнаның Мәскеудегі бюросы өзгеріссіз жұмыс істеп жатқанын айтады.

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26685208