АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы жүйелі әрекеттер

foto-shpekbaevМемлекет басшысы ұсынған «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарындағы «Жем­қор­лыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлеу» бөлігінде көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Парламенті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылдады.

Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мемлекеттің одан әрі табысты дамуы үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері қоғамның мүддесіне зардабын тигізіп және мемлекеттің экономикалық өсуіне орасан кедергі келтіреді. Сондықтан да біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл мәселелерінде халықаралық тәжіри­белерге сүйеніп әртүрлі шаралар мен модельдерді үйлестіріп отырады.

2014 жылғы тамызда құрылған Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірегей орган болып табылады. Ол мемлекеттік қызмет саласындағы менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау, сыбайлас жемқорлықты ескерту және оның алдын алу, құқық қорғау қызметі сияқты жұмыс бағыттарын үйлестіреді.

Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталған болатын. Қазір елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына елеулі түзетулер енгізілуде. Атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайту жолына ұштастыруға бағытталған. Осы бағыттағы кешенді іс-шара 2014 жылғы желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көзделген. Стратегияның негізгі бағыттары: мемлекеттік қызмет саласындағы, квазимемлекеттік және жеке секторлардағы, соттардағы және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, қоғамдық бақылау институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Оны әзірлеу кезінде жемқорлыққа қарсы іс-қимылда елеулі табыстарға қол жеткізген елдердің тәжірибелері зерделенді.

2015 жылғы сәуірде осы Стратегияны іске асыру жөніндегі Үкіметтің жоспары бекітілді. Онда алдағы үш жыл ішіндегі көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар анықталды. Сонымен қатар, Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында кә­сіби мемлекеттік аппарат құру мен сыбайлас жемқорлықты барынша азайту басым бағыттардың бірі болып белгіленді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл мәселелеріндегі кешенді көзқа­расқа «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Жалпыға бірдей декларациялау туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», «Ақпараттандыру туралы», сондай-ақ, Кәсіпкерлік және Этика кодекстері сияқты бірқатар заңнамалық актілер арқылы қол жеткізілді.

Мемлекеттік қызметті реформалаудың жаңа кезеңі мансаптық жолға ауысуды және мемлекеттік аппаратқа кадрларды іріктеу мен жылжыту үдерістерін кешенді өзгертуді қалайды. Сонымен қатар, жаңа тетіктер меритократия қағидаларын күшейтуге, мемлекеттік қызметте есеп беру мен сыбайлас жемқорлықтан тыс басқару аппаратын құруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметке іріктеу және мансаптық жоғарылау кезінде біліміне және жұмыс өтіліне қойылатын талаптармен қатар, маңызды талаптар – қызметшілердің атқарып отырған лауазымдары бойынша нақты міндеттерін тиімді атқаруға қажетті құзыреттерінің болуы. Мұндай тәсіл Қазақстанда бірінші рет қолданылатын болады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­мет­ші­лерге еңбекақы төлеу жүйесі де елеу­лі өзгеріске ұшырады. Мем­лекеттік органдардың стратегиялық мақ­саттарына қол жеткізуі жұмыс нәти­жесіндегі жетістіктеріне сай еңбекақы өсімі есебінен қамтамасыз етілетін бо­лады. Бұл Парламент қабылдаған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда көрсетілген. Демек, бұл қабылдап жатқан шаралар мемлекеттік аппараттың кадр құрамын кәсібилендіруге, сондай-ақ, өзара бәсекелестік пен өз құзыреттерін дұрыс пайдалануға ынталандыра түседі.

Жалпы, меритократияны қорғау және жемқорлықты болдырмау бойынша қабылданып жатқан шараларды іске асыруда Этика кодексінің маңызы зор. Ол мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлықтарына қойылатын талаптарды қатаң сақтауға бағытталған. Оның Ар-намыс кодексінен ерекшелігі жаңа Этика кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметіндегі нақты этикалық стандарт­тарды белгілейді, жемқорлыққа қар­сы шектеулерді қамтиды, нақты жағдай­лардағы басқарушылық мінез-құлық­тарды жүйелейді.

Кодекске этика жөніндегі уәкіл институтын енгізу арқылы этика нормаларының сақталуын бақылау жүйесін анықтау, мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ахуалды қамтамасыз етпегені үшін дербес тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылықты күшейту де қарастырылған. Ал соған сәйкес мүдделер қайшылығы мәселелері бойынша түзетулер де енгізіліп отыр.

Аталған реформа шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелеріне де үлкен мән берілуде. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сай мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтердің бизнес пен халық қамы үшін бағытталуын қамтамасыз етеді, қызмет көрсету стандарттары бекітіледі. Бұл үшін қазіргі уақытта мемлекет көрсететін қызметтердің электронды форматына ауысуы бойынша белсенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде (2015 жылы электронды үкіметті дамытудың әлемдік рейтингісінің нәтижесі бойынша Қазақстан 28-орынды иеленді). Бұған қоса, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау мен бақылау жүргізіліп, халық пен бизнестің қанағаттанушылық деңгейі қадағаланады.

Міне, осы аталған шараларды жүзеге асыруға агенттік қызметінің жаңа нысаны бағытталған, яғни агенттік мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық қатерлердің бар-жоғына талдау жасап, оларды жою туралы тиісті ұсынымдар енгізеді. Өйткені, агенттік бұл жұмыс форматын мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттырудың пәрменді тетіктерінің бірі деп қарайды. Сондықтан да қазіргі уақытта агенттік пен ЕҚЫҰ Орталығының өзара іс-қимы­лы аясында ЕҚЫҰ елдерінің үздік тәжірибелері негізіне сай сыбайлас жем­қорлық қатерлерін талдау және анықтау бойынша әдістемелік құрал әзірленуде.

Жаңа Кәсіпкерлік кодекс мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара қатынастарын нақты реттеуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жеке компаниялардың әрекеттеріне көзқарас айқындалды.

«Ақпараттандыру туралы» Заңның жаңа нормаларымен мемлекеттік ор­ган­дардың қызметін автоматтандыру есебінен жемқорлық қатері деңгейін төмендету қамтамасыз етіледі, ал «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңмен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мен мемлекеттік активтерді басқару қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, 2015 жылғы қазан айында қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдарды атап өту қажет, олар мем­лекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, қоғам алдында мемлекеттің есеп беруін қамтамасыз етудің нақты тетік­терін үйлестіруге бағытталған және осы арқылы халықтың азаматтық белсен­ділік деңгейін арттыру болып табылады.

Бұған қоса, ағымдағы жылдың басынан бастап қолданыстағы төрт жаңа Қыл­мыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқарушылық және Әкім­ші­лік құқық бұзушылық туралы кодекстер аясында мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөніндегі кешенді шаралар қолға алынды. Парақорлықтың барлық түрлері бойынша жазаның балама шараларын енгізуді жаңалық ретінде атап өткен жөн, яғни алынған параның мөлшеріне сай еселеп айыппұл салу амалы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Сонымен қатар, жазасыз қалдырмау қағи­датына сүйеніп, жемқорлық қыл­мыс жасағаны үшін атағы мен лауазымына қарамастан кез келген адам жауапкершілікке тартылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылады. Жалпы, бүгінгі күні Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оның жолын кесуге бағытталған заңнамалық шаралар нақты жетілдіріле түсті.

Осы көрсетілген шаралар қатарына құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру бойынша дайындалған заң жобалары ережелерін жатқызуға болады, оның ішінде кадрлық менеджменттің сапасын арттыру мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызбайтын шаралар қамтылған. Сол сияқты мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктері бойынша ынталандыру, яғни құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жалақыны салыстырмалы түрде жеткен жетістігіне қарай төлеу жүйесі енгізіледі.

Ал заң үстемдігі қадамына қарасты реформа аясында, сот төрелігінің бес сатыдан үш деңгейлі жүйеге ауысуы жос­парлануда, сондай-ақ, судьялыққа кандидаттар үшін талаптарды қатаңдату мен олар үшін жас мөлшерін арттыру көзделіп отыр. Осылайша бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы амалдарын енгізу арқылы барлық сот процестерінде аудио, бейне жазбаларды жүргізу міндеттеледі және де барлық тергеу әрекеттері бойынша өкілеттілікті тергеу судьясына кезең-кезеңмен өткізу жүзеге асырылады.

Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа нұсқасын қабылдаудың оң нәти­же­лері деп қылмыстық жазаны жүзеге асыру жүйесінің жетілуін, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай туғызатын жайлардың жойылуы, яғни сот­талушыларға кездесуге рұқсат беру, оларды ұстау жағдайларын және түзеу меке­мелерін өзгерту, сотталушыларды ұстау ережелерін біртіндеп камералық тәртіп­ке өзгерту барысын айтуға болады (1997 жылы Қазақстан түрмеде отыр­ғандар саны бойынша 3-орында болса, 2015 жылы еліміз 47-орынға тұрақтады).

Ал күні кеше Парламент қабылдаған «Сы­байлас жемқорлыққа қарсы» Заңның жеке ережелерін талқылауға Гонконг, Син­гапур, АҚШ, Корея Республикасы, Ұлыбритания және Италия сарапшылары қатысты. Халықаралық стандарттарды ескере отырып, қызметтік әдептіліктің қағи­далары мен ережелерін бұзу деңгей­лері мен сыбайлас жемқорлықтың ара-жігі ажыратылды. Ол құқық бұзушылық ретінде қылмыстық немесе әкімшілік жаза тағайындалатын сыбайлас жемқорлық белгілері бар іс-әрекет деп саналады. Демек, бұған, яғни заңмен енгізіліп отырған «сыбайлас жемқорлықтың» жаңа түсініктемесіне ерекше назар аудару қажет. Осыған орай, Қылмыстық кодекс­ке де өзгертулер енгізіледі. Бұдан былай, мемлекеттік міндеттерді атқаруға өкілетті тұлғалар қатарына квазимемлекеттік сектор қызметкерлері де теңестірілді. Сонымен қатар, квазимемлекеттік мекемелер, оның ішінде өндіріс саласында да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілері болып табылады.

Мемлекеттік және жеке сектордағы жемқорлықты бағалау үшін алғаш рет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау ұғымы енгізілуде. Ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары және субъектілеріне қатысты жүзеге асырылатын болады. Мұндай талдаулар орталық пен аймақтық деңгейде қазірдің өзінде жүргізілуде, ал осы бағыттағы агенттіктің өкілеттілігін заңды тұрғыдан бекіту олардың тиімділігін әлдеқайда арттыратын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бар­лық субъектілер арасында сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін ішкі талдау ұғымы енгізілуде. Сонымен қатар, жаңа заң­намаларға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасайтын субъектілер болып табылатын жекеменшік компаниялар да, жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдап, жүзеге асыра алады.

Жаңа заңда, сонымен бірге, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясатқа азаматтық қоғамды кеңінен тарту мәселесін қамта­масыз ету қарастырылған. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг ұғымы енгізіліп отыр, ол жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне жүйелі негізде талдау жүргізуге және құ­қық қолдану тәжі­рибесіне мүмкіндік бе­реді. Мониторингке мемлекеттік орган­дардың нормативтік-құқықтық актілері мен ресми сайттарынан басқа, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері де, БАҚ-та­ғы жа­рияланымдар да және әлеуметтік сау­алда­малардың мәліметтері де кіретін болады.

Талдаудың, ғылыми-зерттеу және әлеу­меттік зерттеулердің нәтижелері жыл сайын Мемлекет басшысының атына дай­ындалатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық баяндамасына негіз болады.

Ұлттық баяндама өмірдің түрлі сала­­ларындағы сыбайлас жемқор­лыққа мүмкіндік беретін себептер мен жағдай­ларды жоюға қатысты ұсыныс­тардан, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы күрес жағдайы мен үрдісіне талдау жасаудан тұрады.

Сондай-ақ, алғаш рет «сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тас­тыру» ұғымы енгізіліп отыр, онда субъектілердің жемқорлыққа қарсы әрекет жасауы, қоғамда сыбайлас жем­қорлыққа төзе алмауды білдіретін құн­дылық жүйесін сақтау мен оны нығайту қамтылады. Мұны іске асыру тетігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім беруді үздіксіз жүзеге асырудан көрініс табады. Сөйтіп, қоғамда сыбайластыққа төзбеу жүйесін дамыту мен сыбайластыққа қарсы әрекеттің заманауи моделдерін енгізу қарастырылуда. Қазірдің өзінде азаматтық қоғамның барынша тиімді институттарын бұл жұмысқа тарту жүзеге асырылуда.

2015 жылы сыбайластыққа қарсы бірлесіп әрекет жасау бойынша ашық келісімдер әзірленді, оған түрліше ұйымдар, бірлестіктер, оқу орындары және азаматтар атсалыса алады. Сонымен бірге, Агенттік пен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы арасында келісімге қол қойылды, соның арқасында кәсіпкерлік саласында сыбайластыққа қарсы мәдениет қалыптасып ұлттық бизнесті жүргізу барынша ашық бола түседі деген үміт зор.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет­кер­лердің салық декларациясы мәлі­меттерін міндетті жариялау қарас­ты­рылған. 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді жалпы бірыңғай декларациялауға (декларацияның екі түрі: кіріс пен мүлік жөнінде, міндеттемелер мен активтер жөнінде) міндеттейтін арнайы заң қабылданды. Ол шынайы кіріс­тер мен мүлік туралы мәліметке негіз­делген салық салу саласында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерінің бірі ретінде әзірленген.

Бұл өз кезегінде жеке тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кіріс пен шығыстары арасындағы айыр­ма­шылықтарды айқындауға мүмкіндік береді. Жаңа заңда қарастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының ішінен, мемлекеттік басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қабылдауды атап өтуге болады.

Жалпы айтқанда, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы кешенді амал-тәсілдерге кадрлық сая­сат, қызметкерлердің әдептілігі пен уәж­­демесін жоғарылату, қоғамда сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыру, жұртшылықпен өзара әрекет­тесуде кәсіпкерлік үдерістерді жетілдіру сияқты түйіндер кіреді. Осылайша мем­лекеттік аппарат, халық және бизнестің өзара байланысқан салаларында сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға бағытталған шаралар да жүзеге асырылуда. Осы мақсатта мемлекеттік қыз­мет көрсету барысында мемлекеттік қыз­мет­шілердің мінез-құлық ережелерін белгі­лейтін жаңа мемлекеттік қызмет көрсе­ту стандарттары мен регламенттері де әзірленуде.

Жаңа заңнамалық актілердің барлығы озық әлемдік үрдістерді ескере отырып құрастырылған және бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңіне өтуге септігін тигізеді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту – агенттік қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.

Осы аталғандардың негізінде, Қазақ­стан БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының, Ыстамбұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының, ЭЫДҰ-ның (экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) және ЕҚЫҰ-ға толық құқықты мүшесі ретінде ГРЕКО – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттер тобына кіру үшін сыбайлас жемқорлық пен қыл­мыс­тық және азаматтық-құқықтық жауап­кер­шілік жөнінде еуропалық конвен­цияларға қол қою іс-шаралары жүзеге асырылуда.

Заң үстемділігі мен демократиялық инс­титуттарды нығайту арқылы жүзеге асырылған өзара әрекеттесудің осындай деңгейі Қазақстанның мемлекеттік басқару органдары мен азаматтық қоғам арасында тікелей диалог құруға ықпал етеді.

Алик ШПЕКБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

http://egemen.kz/