Ұлттық банк алдағы уақытта да «теңге бағамының еркін айналымы» саясатын ұстанады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз-мәслихатында елдің негізгі қаржы органының жетекшісі Данияр Ақышев мәлімдеді. Ол «жуық арада теңге қатты құнсызданбайды» деп отыр. Себебі әлемдік экономикадағы ең жағымсыз сценарийлердің бәрі артта қалды. «Нақтырақ айтқанда, екі жылда мұнайдың бір баррелінің құны 110-нан 28 долларға дейін арзандап кетті», — дейді. Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: — Мұнайдың бір баррелінен 82 доллар жоғалттық. Бұл экспорттың екі есеге азайып, одан түсетін валюталық табыстың үш есе қысқаруына әкелді. Егер мұнай 30 доллардан 20 долларға дейін арзандайтын болса, біз бар-жоғы 10 доллар жоғалтамыз. Бұл валюталық нарықтағы тепе-теңдікке қатты әсер ете қоймайды. Ұлттық банк жетекшісі сондай-ақ 2004-2009 жылдардағы проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгертулер енгізілетінін мәлімдеді. Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: — Біріншіден, бұл бағдарламаға қатысатын банктердің санын ұлғайтуды, қаржыны игеруді 2016 жылдың желтоқсанына дейін созуды қарастырып жатырмыз. Туысқан бірнеше отбасы тұратын жалғыз баспана болса, оның аумағы шектелмейтін болады. Осылайша бағдарлама жеңілдей түседі. Ипотекалық несие алушылардың басым бөлігінің мәселесін шешеміз деген үміттеміз.
Источник: http://24.kz/kz/