Құнсызданған рубль залалына тап келген отандық экономиканың бірқатар саласындағы тауар өндірушілер үкіметтен көмек сұрағаны белгілі. Алайда олардың басты талабы – кеденді уақытша жабу мүмкін еместігін кеше ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев кесіп айтты. Дағдарыс жағдайында енді отандық тауар өндірушілерге қайтпек керек? «Алаш айнасы» осы сауалды мамандар талқысына ұсынып көрді.
Кәсіпкер Азат Қонысбек бұл дағдарыс үкіметке де, тұтынушыға да, кәсіпкерге де үлкен сабақ болатынын айтады.
— Еуразиялық экономикалық одақтың ресми жұмысқа кірісуі мен рубльдің құнсыздануының сайма сай келуі кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Ресей осылайша ортақ нарықтағы бәсекелестерін, әу бастан ығыстырып алуды да көздеуі ықтимал ғой. Қалай дегенмен де бұл әділетсіз. Сол үшін мұқым кәсіпкерлер қауымы кедендік бекетті уақытша жабуды сұрады. Бұл үкіметке үлкен сабақ болуы тиіс, — дейді кәсіпкер Қонысбек Азат.
Сондай-ақ ол Ресейден ағылған тауарлардың сапасына ешкім кепілдік бермейтінін еске салады: «Жалпы, кеңес одағы кезінде де Ресей сапалы тұтынушы тауарын шығара алған жоқ. Қазір де олар алысқа бара қоймады. Бүгіндері ол жақтан келіп жатқан тауарлардың сапасы мен нормативтерін тексеріп жатқан біреуді байқап тұрғаным жоқ. Сондықтан Ресейдің арзан тауары тұтынушы үшін әлі таяқ боп тиеді».
— Қазір бүкіл әлем, болашағын ойлайтын әрбір адам сапалы тауарды тұтынуға ұмтылады. Сондықтан қазақстандық бизнес арзанның артынан жүгіріп, бір мезеттік пайдаға үміт артуын қоюы тиіс. Тұрақты табыс әкелетін бизнес көзі — сапалы өнім өндіру. Ал сапалы өнім жасап шығу үшін өндіріске қажет құрал-жабдық сапалы болуы керек. Осы жағынан алғанда, Қазақстанға Ресейден емес Батыстан келетін техника мен технологияның арзандағаны әлдеқайда тиімді.
Демек, ұзақмерзім бойына кәсіпкерлікпен айналысушылар үшін Қазақстанның ЕАЭО-дан гөрі ДСҰ-ға енгені әлдеқайда маңыздырақ болуда. Әрине, ДСҰ-ға енген кезде, ЕАЭО-ға енген кездегідей бастапқыда бірқатар қиындықтар туады. Бірақ ол Ресейдің бізге келтіріп жатқан әсеріндей болмайды. Ондайда шағын және орта кәсіпкерліктің құқығы халықаралық талаптарға сай қорғалып, бақ-қуатты өмір салтының тууына жағдай жасалады», — дейді кәсіпкер.
Осы жағынан алғанда, көршілермен арада ашылған кеденнің уақытша жабылуын сұраған өтініші қанағаттандырылмаған қазақстандық кәсіпкерлер енді ДСҰ-ға үміт артып отырған секілді. Алайда Қазақстанның ДСҰ-ға (Дүниежүзілік сауда ұйымына) енуі әлі де кешеуілдейтін секілді.
Кеше Павлодар облысына барған сапарында премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осы негізде ой айтыпты.
«Темір құбыр жасап шығаратын КSPSteel зауытының директоры қазақстандық кәсіпорындарға келген шығынды РФ өтеп беруі тиіс, жалпы Ресейден біздің өнімге ұқсас тауарлардың келуіне шектеу қойса жақсы болар еді деп Павлодар облысында сапарлап жүрген премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа базынасын жеткізді. Бірақ шенді Қазақстанның ДСҰ-ға енуі бойынша келіссөздердің қиындыққа кезігіп жатқан тұсында шекараны жабу қолайсыздық туғызады деп уәж айтыпты» деп жазады Ratel.kz интернет басылымы.
Демек, үкімет Қазақстанның ДСҰ-ға енуі бойынша келіссөздерді қарқынды жүргізіп жатыр, бірақ арада қиындықтар бары рас көрінеді. Олай болса, қазақстандық кәсіпкерлердің дағдарыс кезеңіндегі (біріншісі – ЕАЭО-ға мүше елдердің кеден бекетін уақытша қалыпқа келтіру – авт.) екінші үміті де ақталмай қалуы ықтимал секілді…
Автор: Кәмшат Сатиева
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/dagdaryis-keznde-kazakstandyik-kaspkerler-artkan-brnsh-umt-aktalmadyi-al-eknshs-62510/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі