Кеше Парламентке келген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жаппай дағдарысқа дайындалу қажеттігін жариялады. Осыған байланысты Қазақстан Көшбасшысының тапсырмасымен, ел Үкіметі жаңадан «Дағдарысқа қарсы бағдарлама» әзірлепті. Егер бұған дейінгі жаһандық күйзеліс тұсында әлемнің даму беталысының және соған сай қимылдаудың қос нұсқасы, яғни басты бағдарлама мен «Б жоспары» түзілген болса, енді басты болжамның сыртында бір емес, бірден екі «пессимистік сценарий» жазылып отыр.
Осы орайда Парламент Мәжілісі арнайы «Үкімет сағатын» өткізіп, онда қалаулылар «Экономикалық өсімді және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы үн қату шаралары» жайын тыңдады. Негізгі баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев Еуроаймақты дағдарыс жайлағанын, Американың қаржылық-салықтық проблемалар батпағына батып бара жатқанын, ал «Аспанасты еліне» өсуі баяулағанын әңгімеледі.
Министрдің айтуынша, «борыштық дағдарысқа байланысты» Еуроаймақ рецессияға кірген. «Үшінші тоқсан қатарынан оларда жалпы ішкі өнімінің өсімі теріс болды, – деп мәлімдеді Ерболат Асқарбекұлы.
– Борышының жиынтықтық көрсеткіші ЖІӨ-сінің 90 пайызына – рекордтық межесіне жетті. 18 миллионнан астам адам жұмыссыз».
АҚШ-ты «бюджет тапшылығын қысқарту проблемасы» құрдымға тартып барады. Америкалықтардың тапқан табыстарынан артық жұмсаған шығыны баяғыда-ақ триллион доллардан асып кеткені мәлім. Осы кесапатты тоқтату үшін күні кеше Барак Обама арнайы шешім қабылдап, ел бюджетін 85 миллиардқа қысқартуға барғалы отыр. Бұл 180 мыңдай адамның «жұмыссыз» қалуына әкеп соқтыратын көрінеді. «Ең алдымен, бұл қиындық бюджет шығыстарын қысқарту әдісімен шешілмек, бірақ бұл Құрама Штаттар экономикасына еш күмәнсіз, теріс әсер етеді. Өткен жетіден, ақпанның 28-інен бастап, 85 миллиард долларға Америка бюджетіне секвестр жасалды. Бірақ оны наурыздың 27-сіне дейін қос палата бекітуі қажет» деп қазақстандық қалаулыларды құлағдар еткен экономика министрі егер АҚШ-тың Сенаты мен Конгресі осы мәселеде Обаманы қолдап, өзара мәмілеге келмесе, бұл мемлекеттің жағдайы қиынға айналатындығын болжады.
Жаһандағы «№1 алпауытқа» айналуы мүмкін көрші Қытай ше? Е.Досаевтың мәліметінше, ҚХР-дың жалпы ішкі өнімі былтырғы жыл қорытындысында, 7,9 пайыздық деңгейде ғана қалыптасты. «Бұл соңғы 13 жылдағы ең төмен көрсеткіш! – деді министр. – Бұл ретте қытайлық юаннің және қытайлық жұмыс күші құнының өсуі таяу уақытта Қытай экспортының бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін».
Оның үстіне халықаралық беделді сарапшылар «Аспанасты елінің» өсу қарқыны биылғы жылы да былтырғыдан көп болмайды деп болжауда екен.
Енді осының бәріне Қазақстанның жауабы қандай болмақ?
– 2013-2015 жылдарға арналған «Дағдарысқа қарсы жоспар» әзірленді, – деп жария етті экономика министрі Е.Досаев. – Ақпан айының басында ол жаңартылып, онда жаһандық экономиканың даму болжамы және металлургияға әлемдік бағалардың құбылуына байланысты ықтимал даму сценарийлері ескерілді. Атап айтқанда, дамудың үш сценарийі – «Базалық», «Пессимистік 1-ші» және «Пессимистік 2-ші» сценарий қарастырылған.
Бұл ретте «Базалық сценарий» шеңберін-де «Үкімет прагматикалық саясат жүргізбек». «Ол экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті кең ауқымды дамыту, инновацияларды жандандыру және жаңа жұмыс орындарын құру негізінде, жоспарланған деңгейде серпінді өсуді қамтамасыз етеді, – деді Е.Досаев. – Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджеттік саясаттың теңгерімділігіне және мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға қатысты жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Мемлекеттік борышты және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қалыпты деңгейде ұстау үшін жалпы ішкі өнімге қатысты бюджет тапшылықтарын және мұнайлық емес тапшылық-тың өсуін тежеу жоспарлануда». Мұнайды сатудан түсетін түсімдерді Ұлттық қорда белсенді жинақтау жүрмек. Мұның сыртында мемлекет ел экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етпейтін жобаларды тоқтататын болыпты.
– Дамудың шектен тыс пессимистік сценарийі орын алған жағдайда мемлекеттік шығыстардың өсуін қарастыратын контрциклды шаралар қолданылатын болады, – деп мәлім етті экономика министрі. – Жылдық инфляцияны 6-8 пайыз шеңберінде ұстап тұру үшін Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияға қарсы шаралар қабылдайды. Теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк алтын-валюта резервтерін пайдаланатын болады.
Яғни «пессимистік сценарий» шынға айналып, әлем басына «күн туса», Қазақстан бұған дейін жиған алтын-қаржы қорын «жей» бастамақ. Мемлекет осылайша, «ауыр кезеңде» «әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік міндеттерін орындауға» тырысады. «Ерекше шаралар ретінде капиталдың елден кетуін шектеу бойынша валюта-лық реттеу шаралары қарастырылған» деп ескертті Ерболат Досаев. Ол «пессимистік сценарийлерде» бұларға қосымша, елде жұмыссыздықтың өсуін болдырмау және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету шаралары барлығын айтты.
Бір қызығы, мемлекет, күйзеліске қарамастан, билікті орталықсыздандыруға белді бекем буыпты. Осы орайда шенеуніктерді қайта қоныстандыру басталмақ! Астана мен облыс орталықтарындағы мыңдаған шенеуніктер ауыл-ауданға лек-легімен аттандырылады. «Өткен аптада ғана Әкімшіліктік реформа жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда комиссия өкілеттіктерді ажырату жөніндегі жаңа заң жобасын бекітті, – деп хабарлады министр Е.Досаев.
– Біз оны сәуір айында-ақ Парламенттің қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы негізгі нормалар – функцияларды орталықсыздандырып, оларды республикадан, облыстардан – ауылдарға нақты беруді көздейді. Ендігі Елбасының тиісті шешімі, резолюция-қарар да бар, соған сәйкес біз 5 мың бірлік штатты аймақтарға береміз».
Бұл жерде орталық атқарушы органдардың 4,5 мың қызметкер, халыққа жақын болуы үшін сол органның аумақтық бөлімдеріне ауыстырылатын көрінеді. Тағы 500 штаттық бірлік әкімдер аппараттарын оңтайландыру есебінен алынады. «Облыстық әкімдіктер оңтайландырылып, оның аппаратындағы біраз штат ең төменгі деңгейге беріледі! Яғни 5000 бірлік ауылдарға келеді, – деп нықтады Ерболат Асқарбекұлы. – Екіншіден, осы штаттық бірліктермен бірге ауылдарға қаржылар барады. Бұған қоса 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жекелеген алым мен төлемдер түрлері ауылдық округтерге, солардың бюджеттеріне көшіріледі». Ол – ол ма, қазіргі кезде аудандар жүзеге асырып, қаржысын бөлетін көптеген бағдарламалар да аудан әкімдерінен тартып алынып, ауылдардың басшыларына табысталмақ: «Қазіргі кезде аудандық бюджеттен қаржыландырылатын 15 бюджеттік бағдарламалар да аудандық деңгейден ауылдық деңгейге берілуі мүмкін». Тағы бір жаңалық: ауылға аттанатын шенділер қатары 5 мыңмен шектелмеуі ғажап емес! «Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы бар, – деді экономика министрі.
– Ол функциялардың бірін-бірі қайталауына қатысты. Біз бірінші рет жаппай ревизия жүргіздік, нәтижесінде тағы қосымша 920 штаттық бірлік те жергілікті деңгейге көшетін болды. Біз санадық, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы «дублирующий функциялардың» 95 пайыздан астамы осылайша жойылады».
Сөз соңында экономика министрі қазіргі кезде Астана, Алматы және облыс орталықтарында отырған қызметкерлерді енді ауылға көшіру арқасында ауылдықтардың мемлекеттік қызметтерге қол жетімділігі проблемасы шешілетіндігін айтты. «Қаржылармен байланысты барлық өзгерістерді, бюджетті нақтылау аясында, 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни ауыл әкімін сайлаумен бірге ақша, штат келеді, жарақтандыру жүреді. Елбасы Үкіметке және облыс әкімдеріне тапсырма берді, бізде осының барлығын қалай жүзеге асыру керектігі көрсетілген нақты іс-шаралар жоспары бар» деп сендірді Ерболат Досаев.
Айхан ШӘРІП
Айкын.