АЛТЫНОРДА
Новости

Дания – ең бақытты адамдар өмір сүретін ел

photo (1)Дания – Солтүстік Еуропадағы Балтық және Солтүстік теңіздердің жағалауында, Германияның солтүстігінде жатқан конституциялық монархия. Зеландия, Фюн секілді бірнеше ірі аралы да бар, оның ішінде Гренландия мен Фарер аралдары өзін-өзі басқару мүмкіндігіне ие болған. Еуропаның «ең кәрі елі» атағына ие болған Дания ХІХ ғасырға дейін солтүстік Еуропаны басқарып, алпауыт патшалық болған.

Мемлекет басшысы – ханым (хан), елді бірпалаталы парламент, үкіметті премьер-министр басқарады. Елдің толық аты – Дания Патшалығы, дат тілінде – «Kongeriget Danmark». Ресми тіл – дат тілі, одан басқа ағылшын, неміс, француз тілдері кең қолданылады. Астанасы – Копенгаген.

Дания – теңіз жауынгерлерінің елі. Мұнда адам өмірі қымбат, ал өмір сүру одан да қымбат. Адамзат өркениетінің шыңына жеткен елдің негізі тұрғындары – даттар. Иммиграциялық заңдары өте қатал.

Дания – жер бетіндегі ең бақытты адамдардың елі. Неге десеңіз, Англиядағы Лестерс университеті жүргізген тәжірибелік жұмыстар Дания патшалығында ең бақытты адамдардың тұратындығын анықтаған екен.

Табиғи өнімдер мен «экологиялық таза» өмір салты даттар үшін өте маңызды. 2009 жылы өткен бүкіләлемдік сауда жәрмеңкесінде Дания әлемдегі ең экологиялық ел деп танылды.

Копенгагендегі Стрегет көшесі, су перісіне арналған ескерткіш, атақты метро, Тиволи саябағы, пірәндік пішінді ғимараттар, Роскиллдегі кемелер мұражайы, елдегі Кронборг Гамлет қамалы, Швецияға дейін жететін Эресунндық жерасты-көпір жолы, Жел электростанциялары, Леголенд саябағы, Мэн аралындағы ақ жартастар – бәрі де кез келген туристің «Шіркін-ай, көзіммен бір көрсем ғой» деп армандайтын жерлері деп нық сеніммен айта аламыз.

Дания мен даттар туралы ең қызықты деректер легімен таныс болыңыздар:

Данияда түрмеден қашу қылмыс саналмайды, ұсталған қашқынға артық жазалар қолданылмайды, ол бар болғаны белгіленген мерзімді өтеп шығады.

Дат тіліндегі «Барлығы үшін рақмет» сөзі (‘Tak for alt’) – біздің тілімізде «Топырағың торқа болсын» дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл сөзді алғыс хаттарға жазудың қажеті жоқ.

Арбалы аттар жүретін жолда автокөлік ұшырасып қалып, атты ашуландыратын болса, жүргізуші көліктен түсіп, көліктің бетін жауып, аттың ашуын басуы керек.

1827 жылы даниялық Ганс Христиан Андерсен оқуын бітіреді. Ол өмірінің соңына дейін жазуларында грамматикалық  және орфографиялық қателерді жіберген екен. Әсіресе, тыныс белгілерге келгенде, жиі «қақалған» сияқты. Андерсен шығармаларын баспаға апармастан бұрын, қыруар қаржы жұмсап, өзгелерге көшіргізетін болыпты.

Даттық Оле Кирк Кристиансен балаларға жақсы таныс LEGO (Лего) конструкторын ойлап тапты. «LEGO» –  «leg godt» деген екі сөзден құралған. Қазақшаға аударғанда «еліктіретін ойын» деген мағынаны білдіреді.

Копенгагендегі Tivoli (Тиволи) саябағы – әлемдегі ең ескі саябақ. Уолт Дисней Тиволиді көргеннен кейін Диснейленд саябағын жасап шығарған деседі.

Данияда нан пісіру әдісі жақсы дамыған. Сіз әрбір бұрыштан тәтті тоқаштар сататын дүкендерді кездестіре аласыз. Кез келген даттыққа жолай қалсаңыз, өзінің сүйікті тоқаштарын, бәліштерін айтып, қай жерден табуға болатынын көрсетіп береді. Тәттіге деген құмарлық басым болғанымен, артық салмақтан зардап шегетін даттықты көрмейсіз. Бұл салауатты өмір салтын жақсы ұстанатындықтарынан болу керек.

Даниялықтардың басым бөлігі таңғы сегізден түскі төртке дейін жұмыс істейді.

Дүкендердің көпшілігі сағат 17.00-18.00-де жабылады. Адамдар да осы тәртіпке үйренген. Дүкен қанша ұзақ жұмыс істеген сайын, соншалықты көп салық төлейді.

Жалдамалы жұмысшының  орташа салығы айлығының  43%-ын құрайды.

Қызметкерді жұмыстан шығаратын болсаңыз, екі ай бұрын ескертіп қоюыңыз керек.

Жұмыс беруші қол астындағыларды тамақтандыру керек. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас – бәрі де бастықтың мойнында. Бірақ әрбір жұмысшы ай сайын 50 еуро төлейді, қалғанын басшы төлеуі тиіс.

Ереже бойынша, әрбір компанияда жеке асхана және жеке аспаз бар.

Ең кең таралған көлік – велосипед. Бұл табиғатқа деген махаббат, я болмаса физикалық жаттығу емес. Тарих солай әмір берді. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жанармай тапшы болады да, тығырықтан шығу үшін осы үрдіс кең етек алады. Және ешкім велосипедке арналған дулығаларды киіп жүрмейді.

Көпшілік даттықтар үшін автокөлік – қолжетпейтін сән-салтанат. Неге десеңіз, көлігі бар тұрғын мемлекетке көліктің бағасынан да қымбат салық төлеп тұрады. Бұл – Еуропадағы ең жоғарғы салық.

Даниядағы ең дөрекі жүргізушілер – автобус жүргізушілері.Аялдамаларда автобустардың келетін уақыты дәл көрсетілген. Сол уақыттан секунд та кешігуге болмайды.

Мүгедектерге, ата-аналарға жеңілдік жасау үшін автобустар еңкейе алады. Қоғамдық көліктерде тегін WI-FI бар.

Дат әйелдері аса сұлу көрінбейді. Олардың сәнді киініп жүргенін де байқамайсыз. Олар көбіне велосипедке арналған жеңіл шалбарлар, жемпірлер, биік емес аяқ киімдер киеді.

Данияда тұрғын үй өте қымбат. Және сапасы да жақсы емес. Үйлер өте ескі және тар келеді. Сықырлаған едендермен алысып келе жатқан тұрғындардың қатары көп.

Олардың әзілдері өте ащы, басқа елден келген қонақтар көтере алмайды.

Даттықтар өте пысық келеді. Олар әрқашан өз пайдасын ойлап тұрады және керегін жіберіп алмайды. Бизнеске келгенде пысықтығы артып кететін америкалықтарды ұната бермейтіндерді де осы себептен дер едік.

Данияның климаты да өзгеше келеді. Жыл сайын температура 10-20 градусты көрсетіп тұрады. Жаңбыр мен аспанды торлаған бұлт оларға үйреншікті болып кеткен.

Данияда медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Әрбір ауданда «үй дәрігері» бар. Науқастар кез келген уақытта қарала алады.

Данияда шаштараздар өте көп.

Қаланың әрбір бұрышынан арзан бағаға гүл шоқтарын сатып алуға болады. Және тұрғындардың терезесінің алдында міндетті түрде ыдысқа салынған гүлдер тұрады.

Данияға жолыңыз түссе, міндетті түрде Копенгаген (CPH:CARD) картасын сатып алыңыз. Сіз бұл карта арқылы қоғамдық көліктерде тегін жүріп, 62 мұражайға және көптеген орындарға тегін кіре аласыз, мейрамханаларда 20% жеңілдік жасалады.

Төмендегі елдер туралы ең қызықты деректерді «Әлемтану» айдарынан оқи аласыз:

Испания

Германия

Америка

Канада

Египет

Корея

Жапония

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

http://massaget.kz