АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Дәрігерлері мақта теруге кеткен перзентханада бала шетінеді[:]

[:kz]

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f-4Өзбекстанда жас босанған әйелдің баласы шетінеп кетті. Дәрігерлер мақта теруге кетіп, перзентханада әйелді босандыратын акушер қалмаған.

Қыркүйектің 28-і күні Өзбекстанның оңтүстігіндегі жергілікті ауруханаға 21 жастағы Умида Кулиева толғақпен түскенде туыстары оны қандай қасірет күтіп тұрғанын білмеді.

Тұңғышына аяғы ауыр жас әйел Өзбекстанның Қашқадария аймағындағы ауруханаға түскен бетте қиындықтар басталады. Ауруханада дәрігерлер мен медбикелердің тым аз екені байқалады. Олардың көбі жыл сайынғы мақта терімі науқанына, алыс алқаптарға кетіп қалған.

Қызымды екінші қабаттағы перзентханаға емес, әйелді бостандыруға лайықталмаған жай палатаға жатқызғанына таңғалдым.

«Тіркегеннен кейін қызымды екінші қабаттағы перзентханаға емес, әйелді босандыруға лайықталмаған жай палатаға жатқызғанына таңғалдым» дейді Умиданың анасы Норгул Нурматова. Жұмыс уақыты бітіп, асығыс кетіп бара жатқан бір дәрігер Умиданы тез қарап, «әлі толғағы келмеген, үйге қайта беріңіздер» деген. Бірақ сол арада жағдай ушығып кеткен.

— Суы кетіп, ауық-ауық құса бастады, қан кетті, — деді Азаттық радиосының Өзбек қызметіне сұхбат берген Норгул Нурматова. Ол «медбикелермен бірге перзентханадан дәрігер шақырмақ болып жанталасқандарын, бірақ «ешқандай дәрігер жоқ» деген жауап алғанын» айтады.

Босана бастағанда медбикелер мен ауруханадағы басқа дәрігерлер Умидаға көмектесіп әлек болған. Бірақ араларында акушер болмағандықтан, олар әйелге «күшен, күшен» дегеннен басқа ештеңе тындыра алмаған. Бірнеше сағат арпалыстан соң діңкесі құрып шаршаған Умида өмірге шалажансар сәби әкеліп, есінен танып қалған. Бірақ сәлден соң сәби шетінеп кеткен.

Умиданың жақындары тосыннан келген бұл қайғыдан әлі есін жия алмай жатыр. Толғағы басталғанға дейін ананың да, баланың да денсаулығында кінәрат болмаған. Умиданың күйеуі Шохрух Нурматовтың айтуынша, тоғыз ай бойы дәрігерлер баланың денсаулығы жақсы деп келген.

Сәбидің нақты неден шетінегені әлі анықталған жоқ. Бірақ жұрттың көбі бұған Өзбекстандағы мақта терімге жаппай жұмылдыру науқаны кінәлі деп санайды. Бюджет мекемелерінде істейтіндер, соның ішінде аурухана қызметкерлері жұмыстарынан босатылып, мәжбүрлі түрде мақта теруге жегіледі. Жұртты жаппай жұмылдырудың арқасында Өзбекстан бюджетінің қомақты бөлігін құрайтын мақта уақтылы жиналады, алайда терім кезінде мекемелердің көбі қаңырап бос қалады.

Өзбекстандағы мақта теру науқаны. (Көрнекі сурет)

Өзбекстандағы мақта теру науқаны. (Көрнекі сурет)

Жыл сайын қыркүйектің соңы мен қазанның басында жергілікті әкімдіктер арнайы көлік жалдап, қызметкерлерді мақта алқаптарына апарады. Күнделікті терім таң ата басталып, қас қарая аяқталады. Тамақтарын ала келген қызметкерлер қолдан тігілген шатырларда апталап жатып жұмыс істейді. Мемлекеттік ұйымдар да, жекеменшік мекемелер де мақта теріміне кеткен қызметкерлеріне тиесілі жалақыларын төлеуге міндетті. Дегенмен қара жұмысқа жегілгені үшін, басқа шығындары үшін де терімшілер ешқандай өтемақы алмайды.

Австралияда орналасқан Walk Free қорының мамыр айында шыққан есебіне қарағанда, Өзбекстан қара жұмысқа мемлекет мәжбүрлеп салатын азаматтарының саны жөнінен Солтүстік Кореядан кейінгі екінші орында тұр. 

Умиданың жақындары адам денсаулығына немкетті қараудың құрбаны болдық деп санайды, алайда олар тұратын Гузор ауданының құқық қорғау органдары бұл іске әлі күнге тергеу жүргізбей отыр.

— Баланы жерлеп болып, ауруханаға барғанымызда олар «Кетіңдер, сендерге көмектесе алмаймыз» деп, бізді қайтарып жіберді, — дейді Шохрух Нурматов.

Азаттық радиосының тілшісі болған жайтты өз бетінше зерттеп көрмек болған, алайда көп мекеменің қызметкерлері әлі де мақта алқаптарынан оралмаған екен. Гузор ауданындағы ауруханаларға жауап беретін мекеменің басшысы Нұрмахмат Калоновпен хабарласқанымызда, оның да мақта теріп жүргені белгілі болды.

«Мақта теру науқаны басталғалы алқаптағы жиын-терін бөлімінде жүрмін» деген ол Азаттық тілшісімен сұхбатын қысқа қайырды. Дегенмен ол терім науқаны кесірінен ауруханада дәрігерлер аз қалды деген сөзді жоққа шығарды.

— Бұл мүмкін емес, себебі мен ауруханаға екі дәрігерді қалдырып кеткен едім. Онда барлық жағдай жасалған, — деді Калонов.

Осыдан соң ол телефон тұтқасын қоя салды. Калоновпен қайта хабарласу мүмкін болмады.

http://www.azattyq.org/

[:]