АЛТЫНОРДА
Новости

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

традицииТарихта «жаңа кезең» деп саналатын кезең болады. Ондайда белгілі бір саяси құрылыстардың ғана емес, күллі қоғамдық тіршіліктің тұтастай түгел өзгеруі талап етіледі. Біздің бүгінгі кезеңдеріміз сондай құбылыстардың жақындағандарын сездіреді. Осыдан туындайтын ұлттық мемлекет идеясы ұлттың дәстүрі мен салт-санасына, әдет-ғұрпына келіп тіреледі. Кейбір азаматтарымыз жаһандану дәуірі басталды, ұлттық мемлекеттер тарих сахнасынан кетеді деп сәуегейлік айтады. Ал екінші ойшылдар керісінше кейінгі өзгерістер ұлттық мемлекеттің салт-санасының, дәстүрінің өшуі емес, өрлеуінің айқын көрінісі екенін дәлелдеп отыр. Ендеше адамзат қоғамында болып жатқан құбылыстарға байланысты біздің өз ұлттық болмысымызда, ұлттық санамызда қандай өзгерістер болуы ықтимал? Бұған жауап табу үшін өзіміздің өткен жолымызға, ұстанып келген салт-дәстүрімізге көз жүгіртпей болмайды.

Ұлттық сана дегеніміздің өзі де әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі деп түсінеміз. Осыған орай Қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаев айтқандай, «дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар». Ендеше оның бойындағы қазір қол байлау болатындай қасиеттерді жағдайға ыңғайлап жетілдіріп, ал бұрын жасампаздығын жағдай болмағандықтан таныта алмай келген жақсы қасиеті мен тәрбиелік мәні бар дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, жарқыратып аша түсуді қолға алған жөн деген ойдамыз. Біздің ұлттық салт-дәстүрімізбен психологиямызда тәуір қасиеттермен қатар арылатын қасиеттеріміздің бар екенін білеміз. Олардың қауіпті де, қауіпсіз де жақтары болып келді. Қауіптенбейтін жері ошарылып отырып қалуға, тоқмейілсіп тоқырап қалуға жол берілмейтіндігі.Қауіп шақыратын жері кеңістіктегі тұрақсыздықтың рухани тұрақсыздыққа ұрынуы, елгезектіктің ұшқарлыққа ұласуы ықтимал екендігі. Біздің жаңа заманға кішіпейілдігіміз сондай: кейде өз қоғамымызда атымен жоқ шатақтарды өзіміз іздеп таба қойғышпыз. Мысалы, отызыншы жылдары таптық қатынастар әлі кеңінен етек жая қоймаған біздің әрқайын қауым тап жауларын құрту жолындағы күресте басқа жұрттың бәрінен озып кеттік. Өзіміздің тамырымызға өзіміз балта шаптық. Сол сияқты жаһанданамыз екен деп өзіміздің ең жоғарғы адамгершілігімізді асқақтатып келе жатқан, адам тәрбиесінде үлкен маңызы бар салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрыптарымызға да өзіміз шабуыл жасаудан сақтанған жөн.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы барҮш мың жылдық тарихы бар қа­зақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті жал­ғастық нәтижесінде кейінгі ұрпаққа, бү­гінгі кезеңге қандай деңгейде келіп отыр деген ой кім-кімді де мазалайтын болар. Мәдениетті, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан бөлек алып қарау үлкен қателік. Мәдениеттің көзі болып келген ата-бабаларымыз рухани құндылықтарды бойларына жинап, ұрпақтан-ұрпаққа дарыта білді. Бізге жетіп жүрген ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың бәрі де осыны аңғартады. Мәдениетіміздің асыл мұраларын экспонат түрінде ғана көретін кей жастарымыз түсін­бей таңданатын сияқты. Батысқа елік­теушілік мәдениетіміздің өресін күн­нен-күнге тарылтып шектеулі ассоциялар туғызуда. Әрине, қазіргі Батыс елдерінің жоғары дамыған мәдениетін,өнердегі, ғылымдағы жетістіктерін жоққа шығаруға да болмайды. Солай бола тұрғанымен үлгі алуға болмайтын жағымсыз жақтары жетіп артылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қа­­зақстан – 2050» Стратегия­сы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншы­лықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылда­рын­да жаһандану мен вестернденуге қарамастан біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деген болатын.
Қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің жоғары екендігі дүниежүзіндегі өркениетті елдерге ертеден белгілі болған Қазақ еліне, оның салты мен дәстүріне, мәдениетіне деген қызығушылықты әріден бастамай-ақ, XVIII-ХІХ ғасырдан бастасақ, атақты ғалымдар В.Жуковский, В.Даль сияқтылар немесе М.Потанин хал­қымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәс­түрін таңдана қызығып жүріп жинап жариялаған еңбектері бұған дәлел бола алады.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы барБіздер 30-40 жылдары туған азаматтар ауыз әдебиетіне деген құштар­лығымыз мықты болғандығы сондай, жыр айтатын адамдар ауылымыздың бір үйіне келе қалса, сол маңға түгел жиналып таң атқанша жыр тыңдайтын едік. Біздің елімізде жыр айтатындардың ішінен менің өзім көзіммен көріп жырын тыңдаған жыршылары Айтқұл, Тоқсанбай, Қазихан, Тұрарбек, Бүркітбай, Әбдірахман ақсақалдар «Қарасай-Қази», «Алпамыс», «Қо­быланды», «Манас», «Мұңлық-Зарлық», «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын, Абыл, Қашаған, Ақтан, Нұрым, Мұрат, Әбубәкір, Бала-Ораз жырларын, айтыстарын жатқа айтатын. Міне, осындай рухта тәрбиеленген ұрпақтардың өкілдері қазірдің өзінде әр салада жұмыс атқарып жүр. Солардың бірі менің өзім.
Күні бүгінге дейін қазақ мәде­ниетіне кемсіте қарап, Еуропа мәдениетіне табынудан арылар емеспіз. Меселен, қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті төмен, әйел теңдігі болмаған, қыздар теңіне қосыла алмаған, малға сатып күң есебінде ұстаған дегендей пікірлерге талдау жасап қаралықшы. Қазір де, бұрын да кез келген ата-ана көргенді, әдепті қызды келін етіп түсіргенін жақсы көрмей ме? Осыған орай, баласына қыз қарап, өздерінің ұнатқан адамының қызына баласының келісімімен құда түсіріп айттырып алу салты бұрын болған, қазір де бар. Бір үйдің әлпештеп отырған баласын келін етіп өз үйіне біржолата алатын болғандықтан, оған сый-сыяпат беру немесе қалыңмалын беруді сатып алған немесе қызды сатқан деп түсінуге бола ма? Немесе қыз ұзататын үй жарлылау болған жағдайда той шығынына қыздың жасауы үшін алдын ала мал беріп көмектесетін болған. Біз бұдан адамгершілікті, біріне-бірі көмектесуді, достықты, адамдық қасиеттің ең жоғары мәдениетін көріп отырған жоқпыз ба? Қазақтың мәдениеті асқақтап, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жалаулап тұрған кездерде алған келін күйеуімен ажырасатын, төркініне қайтып кететін ұнамсыз жағдайлар болмаған. Егер де қосылған күйеуі қайтыс болған уақыттың өзінде жыл садақасы өткеннен кейін сол ауылдың ақсақал қариялары, келіннің келісуімен өзінің қалаған қайнысына немесе қайынағасына қосып отырған. Ол үшін де келіннің төркініне барып алдынан өтіп, ата-анасынан келісім алатын болған. Жесір қалған келінді одан туған баланы рұқсат беріп, басқа адамға тұрмысқа шығуына, біріншіден, ар көрсе, екіншіден, жесір ана, жетім бала етіп жібермей баласының шаңырағын құлатпай, қиындыққа ұшыратпай қамқорлыққа осылай алып отырған. Сөйтіп, қазақ отбасында адамгершілік тұрғысынан ең жоғары мәдениетті ұстанып келген.
Қазақта аналар қыздарының тәрбиесін өз қолдарына алатын болған. «Қызға қырық үйден тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деген астарлы сөздерді ес біліп, етек жаба бастаған кезінен-ақ түсіндірген. Әрбір ана қыздарына болашақта тұрмыс құрып ана болатындарын, отау көтеріп перзент сүйетінін, сүйіп қосылған қосағын сыйлау, ер адам елдің ағасы екендігін, оның бетін қайтармай, араздаспай, татулықты бұзбай жүрудің жолдарын түсіндіріп келген. Ақылды аналар қыздарына жатпай-тұрмай некеленбей тұрып жыныстық қатынас жасауы өз бақытын өзі мерт еткені, ақ некелі күйеуінің көзіне шөп салу өте кесапатты, қылмыс екенін түсіндіріп, жүрегіне берік ұялатуға тырысқан. Қыз тәрбиесіндегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні зор, ұзатылған қыздың төңірегіндегі бір-екі салтымызға ғана тоқтай кетейік.
Тұрмыстық жағдайлары жоғары, бай адамдар қыздарын ұзатқанда алты қанат отауын да даярлап беретін болған. Некесі қиылған жастарды отауы көтеріліп даяр тұрса отауына кіргізеді. Жастарға отау тігілген жағдайда әуелі жеңгелері қалыңдықты кіргізеді. Кірген қалыңдық шаңыраққа иіліп сәлем етеді, содан соң сол жақ қанатқа барып бір тізерлеп отырады. Сол кезде үйге күйеу жігітті кіргізеді. Күйеу төрге барып отырады. Күйеу мен қалыңдыққа еріп келген үлкенді-кішілі адамдар жаңа көтерілген отауға құтты болсын айтып, шашу шашып, көрімдіктерін береді. Әкелген бұйымдары болса керегенің басына іледі. Сол жерде Құдай жолына деп мал сойылып, ақсақалдар келіп астан ауыз тиіп, жас жұбайларға баталарын береді. Жеңгелері отауға немесе жастарға арналған орынға шымылдық құрып, жігіт пен қалыңдыққа арнап төсек салып, үстіне ақ неке деп ақ жібек жайып, екі жасты оңаша қалдырады. Бұл түнді ақ неке түні деп атайды. Бұл түнде қыздың болашақ жарының алдындағы арының адалдығы мен абыройының биіктігі дәлелденеді. Қалыңдықтың адалдық қасиетті таза сақтап, заңды некеге дейін етегі ашылмай құтты орнына қонуы қыздың өзінің ғана емес, елі мен ата-анасының, туыстарының, нағашыларының мерейін үстем етіп, абыройын асырып, болашақ отбасының тату-тәтті, көңілді өмір сүруінің негізі қаланады.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы барҚазақтың қыздары өзінен жасы үлкен адамдардың алдынан кесе көлденең өтпеген. Егер де жасы үлкен адам сөйлеп жатса, қандай тығыз жұмыс болып қалса да сөзін бөлмей соңын күткен. Келіндер таңертең ата-енесін ұйқыдан оятпай ерте тұрып үй шаруасын тындырып, асын әзірлеп, атасының дәрет алатын суына дейін жылытып, даярлап қоятын болған. Келіндер жасы үлкендерге, туыстық жағынан жақындарына иіліп тәжім етіп сәлем беретін болған. Осы әдет-ғұрыптан жасы үлкен адамды сыйлаудың ең үзік мәдениетін ғана көруге болады.
Сол сияқты ата-енелерінің қайын­аға, қайынінілерінің, қайын­сіңлілерінің аттарын атамай, ата-ене, үлкен үйдегі қайынаға, кіші үйдегі қайынаға, кіші бала, кенже бала, қайынсіңлілерін сырғалым, шашбау­лым, т.с.с. деп ат қоятын болған. Осыған орай атын атамайды дегеннен шыққан бір күлдіргі әңгімені айта кетейін. Бір келіннің атасының аты Өзенбай, Енесінің аты Гүлбұлақ, қайынағаларының аты Қойлыбай, Қасқырбай, қайынінілерінің аттары Қайрақбай, Пышақбай болған екен. Бір күні келін су алуға барса, атасы арғы жағынан айқайлап: «Бұлақтың арғы жағында, өзеннің бергі жағында қойға қасқыр тиді, үйге тез барып балаларға хабарла, қайрақты, пышақтарды ала келсін» депті. Келін тездетіп үйге келіп, «сылдыраманың арғы жағында, сарқыраманың бергі жағында, маңырамаға ұлыма тиіпті, атам кесетіндер мен жанымаларды алып, тез келсін деп жатыр» деген екен. Осы әңгіменің астарынан қазақтың салт-дәстүрінің, мәдениетінің қандай екендігін анық байқауға болатын сияқты. Қазақ қыздарының парасаттылығы мен ақылдылығы, мәдениеттілігі әртүрлі вариантта аңыз әңгімеге айналып отырған. Соның бірін айтып беруді дұрыс көріп отырмын. Бұрынырақта аталарымыздың аттан түспей жорытып жүрген кездерінде 7, 8 жыл ел көрмей, енді ғана жорықтан оралып, ел шетіне келіп, бір құдықтың басына аттарын суаруға бұрылып келсе, талдырмаш қыз бала сәлем беріп, солардың ішіндегі егде тартқан бір кісінің атының тартпасын босатып, жүгенінің сулығын алып ерекше ілтипат көрсетіпті. Осыны байқаған жорықшылардың бірі «әй, шырағым, осыншама адамның ішінен мына кісіге ерекше құрмет көрсетуіңіз қалай?» деп сұрағанда, қыз: «Бұл кісі менің нағашы әкемнің жалғыз қызының күйеуі еді» деп жауап беріпті. Сонда жолаушылар балдызы болды ғой десіп, аттарын суарып, жаңағы ерекше құрметтелген адамның ауылы сол жерден қашық емес екен, сол ауылға жүріп кетіпті. Жолда келе жатып, «жаңағы баланы таныдыңыз ба?» деп сұрағанда, елден кеткелі жеті, сегіз жыл болды, жас адамдар өзгеріп кетеді, таныта қоя ма, ауылға барғасын сұрастырып білерміз» депті де қойыпты. Қайсы біреулері шамасы жиенің-ау десе, екіншілері нағашы қарындасы болу керек деп, толық ажырата алмаумен ауылға келіпті. Көп жылдар далада жорықта жүріп, елге аман оралу деген үлкен той емес пе?! Ауыл қуаныштың әбігерімен, қонақ күту қамына кірісіп те кетсе керек. Сол кезде малын суарып болып, қыз бала да үйге келіпті. Үйге келген қыз қонақтарға сәлем бермегесін, анасы ренжіп: «Әкең бастаған елдің азаматтары жаудан аман-есен оралып отыр, неге сәлем бермейсің» дегенде, «мен жаңа судың басында кездесіп, көрісіп, амандасқанмын» деп жауап беріпті. Осы әңгімені естігенде қыздың әкесі де, қасындағы адамдар да баланың сабырлылығы мен ақылдылығына, парасатына қайран қалса керек.
Бұрын қазақ салтында әйел адамдар ерекше құрметтеліп, сыйланып келген. Елге белгілі, күні кешеге дейін қазақ қыздары басына қызыл орамал тартып келді. Ол оның қыз бала екендігінің белгісі болып есептелді. Қыз келін болып түскеннен кейін оның орамалы өзгереді, басына ақ орамал тартады. Ондайда орамалын өзгертті деп айтылады. Бұл сөздің астарында қыз ұзатылып басқа елге келін болғанын білдіреді. Басына қызыл орамал тартқан әйел келсе, оның қыз бала екендігі белгілі болып, оның қасында түрлі дөрекі әзілдер, ұнамсыз сөздер айтылмаған. Қазақ қыз баланы төріне шығарып сыйлаған. Бұл дәстүр қыз баланы әдепті, көргенді, үлкенді сыйлай білетін және ақылдылыққа тәрбиелеудің жолы деп түсінеміз. Қайырымдылық, бауырмалдық, достастық тұрғысында біздің ұлттық салт-дәстүрімізді ең жоғарғы деңгейге қоюға әбден болады. Қазақ үйіне кездейсоқ келген адамға танитын болсын, танымайтын болсын жоғары шығыңыз деп төрін ұсынады. Ол адам «шатысып кіріппін, іздегенім басқа үй еді» деп рахметін айтып кететін жағдайда, «ас ауыз тиіңіз» деп нан немесе басқа да тағам ұсынады. Мұндай дәстүр қазақтан басқа ұлтта жоқ болар, сірә.
Қазақ үлкен ұлына енші беріп, шаңырағын көтеріп, алдына мал салып, бөлек үй етіп шығарып отырады. Кіші ұлын қолында ұстайды. Әйтеке бидің өсиетінде: «Үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра, үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған» деген сөз осыны аңғартады. Ата-ананың шаңырағы кіші балаға қалып отырған. Ғылымда бұл салтты минорат үрдісі деп атайды. Бұл қағида көшпелілердің тек қана ошақ басы қарым-қатынасында емес, саяси мемлекеттік құрылымында да қатты қадағаланған. Егер ағайын арасында туыстық жолмен табыса алмай жүргендерге «өкіл аға», «ноқта аға» етіп табыстыру да осы қағидаларға кіреді. Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бірі қалу, сондықтан да бүкіл ұлтымызды екі туып, бір қалған етіп көрсету идеологиясын ұстанған.
Әрине, мұны айтқанда ескіден келе жатқан, санаңа сіңіп қалған әдет-ғұрыптардың барлығын дұрыс, қазіргі еліміздің қазіргі ұстанып отырған саясаты мен ұлттық идео­логиясына толық қолдану керек дегендік емес. Кейбір қолданылып келе жатқан үрдістерге Әйтеке биден бастап наразылық көрсетіп, оны өзгертуін талап еткен. Әсіресе қазақ қауымын өрге басуға кедергі келтірер кертартпа дәстүрлерге батыл қарсы шыққан. Қазақ адамды, азаматты ататегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалаған. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдармен, шын арыстардың көбейе түсуіне ықпал еткен. Әсіресе қазаққа өз-өзін тұтас ел қылып басқарар уақыттың келгендігін айрықша баса көрсеткендігінде. Ешкімге есесін жібермес би, батырлықпен қоса, көрші елдермен тату болып, тіл табыса алар мәмілегерлікке де қатты мән беруде біздің Әйтеке сияқты билеріміздің мүдделі болғандығын айтқанымыз жөн болар. Біздің еліміз – қазақтың көсемі халықтық мұраттың көксеген биігіне емін-еркін көтеріле алатын майталман болса екен деп тілейді. Ел мұраты жолындағы сол ұғым, сол мақсат билік жолындағы күрестің құрбандығына шалынып кетпесе болар еді деп уайымдады.Сол бабаларымыздың көксеген армандары қазір орындалып отырғанына тәубе дейміз.
Сонымен қатар қазақ жұртының қазақ болып, біртұтас елге айна­луын­да, өркендеуінде айтулы хан-сұлтандарымызбен, батырларымызбен бірге көсем билеріміз де айрықша үлес қосқан. Қазақ елі темір бұғаулы түрме салмаған, шыңырау-зындан қазбаған. Бұл турасын айтқанда, әлемге әйгілеп, ту етіп көтеруге тұратын қоғамдағы адамгершілік мәдениеттің ең жоғары шегі десек қателеспеспіз. Дүниежүзі халықтарының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының адам тәрбиесіндегі мұндай өрелі болғанын ұшырату қиын. Қазақ деген халықтың адам баласына деген ғибратты философиялық тұрғыда зерделенген, ақылшы билеріміздің ұстанымы, ой-толғамдарымен бұл бекіп отырған.
Осыған орай Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың қазақ билері туралы әңгімесінен үзінді келтіріп аяқтағым келіп отыр:
– Алақандай Сайрам Ұлы жүз тобы келгенде кәрі-жасы аяғынан тік тұрып, әкесін күткендей елпек қағар-ды, Орта жүз тобы келгенде ағасының алдынан шыққандай құрақ ұшар-ды, Кіші жүз тобы келгенде қиырдан қиқар інісі келгендей мәз-мейрам болар-ды. Осындай аруақты жерде үш жүздің басын қосып өткізген жиындарда аузынан құс тістеген билер мен шешендердің сөзінен адам тәрбиесінің ең шыңында тұратын қазақтың салт-дәстүрлері мен дуалы мақал-мәтелдері туындап, халыққа тарап жататын болған. Сол кездерде әуелден туып ел үстінде күн кешкен киелі тұқым төрелердің емес, халықтың өзінен өріп, халықтың өзі қамшы ұстатқан жабы тұқым – қызыл тілін безеген билердің абыройы аспандап шыға келген-ді. Сұлтандардың не марқасқаларына бір тайпаның тізгіні не тиіп, не тимей жүргенде, оттілді, орақ ауызды билерге бір-бір ұлыстың тізгіні бұйырды. Қазақтың төрінде Тәукеден кейінгі аруақты адамдар да солар болып алды, Ұлы жүздің тізгіні де, қамшысы да үйсін Төле бидің, Орта жүздің тізгіні де, қамшысы да арғын Қазыбектің, Кіші жүздің тізгіні де, қамшысы да әлім Әйтекенің қолына көшті. Халық не десе, о десін, бірақ ол үш жорғаның жұрт алдында бір-бірімен кермар келгенін ешкім көрген емес. Бірі бастап берген әңгімені екіншісі қостай жөнелгенде тоты құстың қауырсынындай құлпырып, аяқастынан ажарланып жүре беруші еді. Сол үшеуінің аузының дуасындай бірлік бергенде қазақтың жұлдызы қалай-қалай жарқырар еді. Қандай қиын түйінді де Әйтеке бауыздап, Қазыбек ұшалап, Төле мүшелеп берер еді. Қандай қиқар дәукесің де Әйтеке айтқанда – құлақ аспасқа, Қазыбек айтқанда – құптамасқа, Төле айтқанда – төресі осы деп жығыла кетпеске жағдайы жоқ-ты. Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады деген де содан қалған-ды. Үш арыс қазақ оларды сөйлетіп қойып, қақаған қаңтарда арқар сорпасын ішкендей бусанып, тал бойы түгел еріп, балбырап отырар еді-ау. Тіпті қаралар дау қаралып, шешілер түйін шешіліп біткесін де тарағылары келмей үш бидің аузына қарап тамсанып бағар-ды. Осы жолы да Әз тәукені күллі қазаққа хан сайлап, Сұпы Әжіні күллі қазаққа пір сайлап жеті жарғының жосығын қабылдаған ұлы жиын аяқталғасын да жиылған жұрт, «ертең елге барғанда айта баралық» үш би бізге не дейді екен? Соны естіп кеткіміз келеді деп тырп етпей тұрып алған-ды.
– Сонда үш биден не сұрай­сыздар? – деген-ді хан Тәуке.
– Үш би бізге ең әуелі заман құлқы­нан үш ауыз сөз айтсын – дес­кен жұрт.
Сонда төбенің басына қамшысын ұстап Төле би шыққан-ды.
– О, әлеумет , қалай осы, жылқы біткен көп кісінесіп кеткен жоқ па, әйел біткен көп кісімсініп кеткен жоқ па? – деп қайта түсіп кеткен-ді.
Одан кейін төбеге Қазыбек көтеріліп, сонау мұнартқан көк жиекке қарап тұрып:
– Жылқы біткен көп кісінесе, ел шетінде бір дүбір жетейін деп жүргені болмасын, әйелдер көп кісімсінсе қадірлерінің өтейін деп жүргені болмасын, – деп топқа қайта қосылған-ды.
– Әйтеке қамшысын көкке көтеріп:
– Ел шетіне дүбір жетсе, атыңның жалы панаң болар, көк сауытың қатын, көк найзаң балаң болар деген-ді.
Қарақұрым халық үн-түнсіз бас­тарын шұлғыған-ды.
– Енді не сұрайсыңдар ? – деген хан Тәуке.
– Енді үш би бізге кәрілік пен жастық хақында не мәслихат қосады екен? – деген жиылған көп.
– Үй сыртында төбең болса – ерттеулі тұрған атың ғой, ел ішінде қарияң болса – жазулы тұрған хатың ғой, – деген-ді Төле.
– Жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе, бәріңнің шыққан тегің сол, қалжыңдайды екен деп қарттықты сөкпе, ертеңгі жетер шегің сол! – деген Қазыбек.
– Ар сатып алған атақтан тер сатып алған мал артық, Сақалын тосқан кәріден еңбегін тосқан бала артық! – деген Әйтеке.
– Тағы не білгілерің келеді, – деген Тәуке.
– Енді бізге үш би жомарттықтың қандайы жаман, сараңдықтың қандайы жақсы – соны айтсын, – деп өңештеген бір шұнақ құлақ, қу ақсақал.
Суайттың куәге жомарттығы, молданың дуаға жомарттығы жаман, – деді Төле.
– Жомарттықтың және бір жаман түрі: еркектің жетекке көңілшектігі, ұрғашының етекке көңілшектігі, – деді Қазыбек,
– Дуаға жомарт молда малынан қағылар, куәге жомарт суайт абыройы­нан қағылар, жігіттің көңілшектігі – атының соры, әйелдің көңілшектігі … соры, ең жаман жомарттық – уәдеге жомарттық, – деді Әйтеке.
– Ең жақсы сараңдық: қасың сұрағанда барға сараңдық, досың сұрағанда жоққа сараңдық, – деді Төле қамшысын қолына қайтып алып.
Көрсеқызардың алдында – жарыңа сараңдық, айналдырған аурудың алдында жаныңа сарандық лазым, – деді Қазыбек көп алдында қайта шығып.
– Тамыр мен тамырдың арасында боқшаға сараңдық, доспен достың арасында бопсаға сараңдық, – деді Әйтеке екі бидің соңын ала сөйлеп.
Жұрт бұл жолы бір-біріне бас изесіп желпінісіп қалысты.
– Тағы қояр сұрақтарың бар ма? – деді Тәуке.
– Енді үш би бізге ұл мен қыз хақында не айтар екен? – деді көпшілік.
– Ұл өссе – ұрпақ, қыз өссе – өріс, – деді Төле.
– Ұл бала аптыққаннан өлсін, қыз бала тұншыққаннан өлсін, – деді Қазыбек.
– Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білесің, абыройыңның қадірін қызың өскенде білерсің, – деді Әйтеке.
– Енді үш жорға ерлі-зайыпты екеу туралы бірдеңе айтсын, – деді біреу жиылған жұртты ду күлдіріп.
– Жарақтыдан құтқарса атың мұра, жалғыздықтан құтқарса қатын мұра, – деді Төле.
– Төсекте қызық көрмеген, тамұқта жаны шошымас, жар құшып бауыры күймеген, ұл сүйіп ерні тұшымас, – деді Қазыбек.
– Азынаған айғырды үйірінде көр, аңқылдаған еркекті үйінде көр, – деді Әйтеке.
– Енді де сұрақтарың бар ма? – деген хан Тәуке.
– Үш би бізге енді адам құлқынан үш ауыз сөз айтсын! – деген жиылған жұрт сол тырп етпеген қалпы.
Қамшысын алып Төле би қайта ортаға шығып:
– Биікке шықсаң – көңілің ашылар, жақсымен тілдессең – зейінің ашылар, – депті.
– Аты жаманның арманы кетер, баласы жаманның дәрмені кетер, Алланың сүйгені – азан, халықтың сүй­гені – қазан. Күлтөбеге жақын ауыл біздікі екен. Жиналған көп әлеумет, жүріп дәм татыңдар, – депті. (Әбіш Кекіл­­баев 3-том, 298, 299-беттер. 1999 ж.).
Осы бір үш бидің айтқан сөздеріне талдау жасап қарасаңыздар ұлттың салт-дәстүрі де, әдет-ғұрпы да, оның жоғары мәдениеті де толығымен қамтылған асыл қазына екендігі көрініп тұрған жоқ па?!

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері 
және Құрметті журналисі, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі

АҚТАУ

 

http://anatili.kz/?p=14476